Курскіден Пхеньянға дейін: Путин Кимге сенеді. Ким кімге сенеді?

Ресей мен Украина арасындағы соғыс тек Еуропаның қауіпсіздік архитектурасын ғана емес, Азиядағы геосаяси тепе-теңдікті де өзгертуде.

1777282476334915.png

(Сурет: thetimes.com)

27 сәуірде жарияланған «The Guardian» материалына көз жүгіртсек, Ким Чен Ын Ресеймен әскери ынтымақтастықты күшейтіп, Украина майданында қаза тапқан солтүстік корейлік сарбаздарды ашық түрде мадақтауды әдетке айналдырған. Бұл – Пхеньянның соғысқа жанама емес, нақты қатысушыға айналғанын көрсететін маңызды белгі.

ПХЕНЬЯН ЕНДІ АШЫҚ СЕРІКТЕС...

Соңғы екі жылда Батыс барлау қызметтері Солтүстік Корей Ресейге артиллериялық оқ-дәрі, зымыран және әскери күш жіберіп жатқанын бірнеше рет мәлімдеген еді. Алайда енді бұл байланыстар құпия сипаттан ашық саяси-идеологиялық одаққа ауысып отыр.

Ким Чен Ын Ресейдің Курск облысында соғысқан сарбаздарды «ерліктің нағыз үлгісі» деп атап, Пхеньянда қаза тапқандарға арналған мемориал ашып, оған ресейлік жоғары деңгейдегі делегацияны арнайы алдыртқан. Бұл арқылы Ким Чен Ын – екі елдің қарым-қатынасы символдық әрі стратегиялық сипат алғанын бүкіл әлемге паш еткен.

4 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН ӘСКЕРИ ЖОСПАР ӘЗІРЛЕНГЕН

Ең маңызды жайттардың бірі – Ресей мен Солтүстік Корейдің 2027–2031 жылдарға арналған ұзақ мерзімді әскери ынтымақтастық жоспары да келісілген. Сарапшылардың пікірінше, бұл бірнеше бағытты қамтуы мүмкін. Солардың бірсыпырасы:

*Солтүстік Корейден арзан әрі көп көлемдегі оқ-дәрі жеткізу;

*Ресейден азық-түлік, энергия және валюта көмегі;

*Зымыран, спутник және әскери технологиялар алмасуы;

*Солтүстік Корей армиясының нақты соғыс тәжірибесін жинақтауы.

РЕСЕЙ ПХЕНЬЯНҒА АРҚА СҮЙЕП ОТЫР?

Украинадағы ұзаққа созылған бұл соғыс Ресейдің қорғаныс өнеркәсібіне үлкен салмақ түсірген. Санкциялар, өндірістік тапшылық және майдандағы шығын Мәскеуді жаңа серіктестер іздеуге мәжбүрлеп отыр. Ал Солтүстік Корей – оқ-дәрі қоры мол, Батыс санкцияларына еті үйренген, саяси талап қоймайтын мемлекет. Сондықтан, тап қазір Кремль үшін Пхеньяннан асқан серіктес табылмай тұр. Оның үстіне Ким – уақытша емес, тиімді серіктес болуға өзі де ашық ниет білдірген.

БҰДАН СОЛТҮСТІК КОРЕЙ НЕ ҰТПАҚ?

Сарапшылардың пікірінше, Пхеньян үшін бұл одақтың пайдасы одан да зор:

* Солтүстік Корей бұл әріптестік арқылы халықаралық оқшаулаудан шығуды көздейді;

* Ресейден экономикалық көмек алуға тырысады;

* Заманауи әскери технологияларға қол жеткізуге ұмтылады;

* Әскерін шынайы соғыс жағдайында сынап көруге мүмкіндік алады.

Ал бұл болашақта Корей түбегіндегі қауіпсіздік ахуалына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Егер Ресей мен Солтүстік Корейдің әскери ынтымақтастығы тереңдей берсе, онда Украинадағы соғыс аймақтық қақтығыстан жаһандық блоктық текетіреске айналуы да әбден ықтимал. Бір жағында Ресей–Солтүстік Коре»–Иран секілді елдер, екінші жағында НАТО мен оның серіктестері күшейе түседі. Бұл – жаңа «қырғи-қабақ соғыстың» басталуына төте қадам болмақ.

Түйін: Анығы Курск майданында қаза тапқан сарбаздарға арналған мемориал – жай ғана ескерткіш емес. Ол Ресей мен Солтүстік Корей арасындағы жаңа әскери одақтың символы. Украинадағы соғыс созылған сайын, бұл байланыс одан әрі тереңдей түсуі мүмкін. Демек, бүгінгі соғыс ертеңгі Азия қауіпсіздігіне де тікелей әсер ететін кезеңге жетті.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар