Ресей ғалымдары кәрілікпен күресуде. Олар адамды қартаюдан сақтайтын вакцина ойлап таппақ. Әңгіме жасушаларды қартаюдан қорғайтын ген туралы болуда. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігінің орынбасары Денис Секиринский айтты.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
«RAGE гені — бұл рецептор, оның белсенді болуы жасушаның қартаю процесін іске қосады. Ал осы генді бұғаттау, керісінше, жасушаның жастығын ұзартуы мүмкін. Осы қағидаға сүйене отырып, әлемдегі алғашқы, дәл осы рецепторды нысанаға алып бұғаттайтын генотерапиялық препаратты әзірлеу секілді ауқымды міндет қойылып отыр», — дейді Денис Секиринский. Бұл туралы ол Саранск қаласында өткен конференцияда айтты.
Вакцинаны Қартаю биологиясы және медицина институты әзірлеуде. Секиринскийдің айтуынша, жоба озық генетикалық шешімдерге негізделген және ағзаның қартаюымен күрестегі ең перспективалы бағыттардың бірі ретінде қарастырылып отыр.
Бұған дейін Ресейде «қартаюға қарсы дәрі» өндірісін жолға қоюға вице-премьер Татьяна Голикова уәде берген болатын. Оның айтуынша, препарат 2028–2030 жылдары дайын болады. «Бұрын бұл туралы қиялдап қана айтатын едік, ал қазір бұл — шындыққа айналуда», - дейді Голикова.
Бұл саладағы зерттеулер 2025 жылдан бастап, президент Владимир Путиннің тапсырмасымен іске қосылған «Денсаулықты сақтаудың жаңа технологиялары» ұлттық жобасы аясында жүргізіліп жатыр. Кремльге жақын «Медуза» дереккөзі бұл жобаның пайда болуына президенттің досы, Курчатов институтының басшысы Михаил Ковальчуктың идеясы себепкер болғанын айтты. Ковальчук «мәңгілік өмір» және «орыс геномы» туралы идеяларды зерттеумен әуестенеді. Ковальчук қазір генетика саласындағы отандық федералды бағдарламаны да қадағалайды. Бұл бағдарламаға мемлекет басшысы Путиннің үлкен қызы, эндокринолог Мария Воронцова да қатысады.
2025 жылы Путиннің тапсырмасымен «Ұзақ әрі белсенді өмір» ұлттық жобасы іске қосылды. Бұл жоба мен «Денсаулықты сақтаудың жаңа технологиялары» бастамасына жалпы алғанда 2 трлн рубльден астам қаражат жұмсау жоспарланып отыр. Президент Путин 2030 жылға қарай Ресейдегі орташа өмір сүру ұзақтығын 78 жасқа, ал 2036 жылға қарай 81 жасқа жеткізу міндетін қойды. Қазіргі көрсеткіш - 74,2 жас.
Путиннің өзі 73 жаста. Елдегі жоғары лауазымды тұлғалардың басым бөлігі де шамамен осы жаста. Ресейдегі ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы 68 жасты құрайды. Дегенмен ресейлік ғалымдар бұл межені еңсеріп, ұзақ өмір сүрудің формуласын ашуға болады деген ойда.
Өткен жылы Путин мен Қытай төрағасы Си кездесті. Әңгіме арасында Путин адамдардың өмір сүру ұзақтығын 150 жылға жеткізуге болатынын айтты. Бұл сөзді Ресей басшысы кейін бірнеше мәрте қайталады.
Mezgil.kz