АҚШ-тың арнайы өкілі ФИФА-ға өтініш айтты. АҚШ спорттағы дипломатияны алға жылжытпақ. Осы мақсатта Уашиңтонның өкілі алдағы футболдан әлем чемпионатында Иранды ысырып, оның орнына Италия құрамасын кіргізуді ойластыруда.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
АҚШ-тың халықаралық әріптестік бойынша арнайы өкілі Паоло Замполли ФИФА басшысы Джанни Инфантино мен Трампқа осындай ұсыныс айтты. Паоло Замполли Италияның осыған дейін футболдан төрт мәрте әлем чемпионатында жеңіске жеткенін айтып, сайысқа қатысуға моральдық құқығы бар екенін жеткізген. Паоло футболды сөз ете отырып, АҚШ пен Италия арасындағы суық қатынасты жылытуға тырысуда дейді мамандар. Трамп пен Италия премьері Мелонидің арасындағы саяси салқындық күшеюде. Ал спорттағы әріптестік бұл геосаяси суықтықты жылытып, қатынасқа жылымық сыйлауы ықтимал. Трамп Италия премьерін тілдеп, Рим Папасын келеке еткеннен кейін, тараптардың арасы тіпті суып кетті.
Иран билігі сәрсенбі күні ресми мәлімдеме жасап, алдағы турнирге қатысуға дайын екенін айтты. Бұған дейін Тегеран доп додасына қатыспайтынын айтқан-ды.
Италия құрамасы іріктеу сынында сүрінді. Босния мен Герцеговинадан жеңілгеннен кейін, Италия құрамасының бас бапкері қызметінен кетті. Замполли БАҚ-та жазылып жатқан алып-қашпа әңгімеге қатысты түсініктеме берді. «Иа, мен Трамп пен Инфантиноға Иранды Италия құрамасына алмастырайық деп ұсыныс айттым. Мен өзім Италияда өмірге келдім. АҚШ-та өтетін турнирде Италияны көргім келеді. Төрт титул алған құраманың бұл сайысқа қатысуға толық негізі бар деп санаймын», - дейді ол Financial Times басылымына пікір білдіріп.
Өткен аптада Уашиңтонда ФИФА-ның кезекті конференциясы өтті. Сол жиында сөз алған Инфантино Иран құрамасының додаға қатысуы жайлы айтты. «Сөзсіз Иран командасы қатысады. Ол сәтке дейін бейбітшілік орнайды деп үміттенеміз. Егер Иран құрамасы келгісі келсе, есік ашық. Олар өтіп тұр. Олардың ойнағысы келеді және олар осы додада доп тебуі тиіс», - деді ол.
Иран әлем чемпионатына Азия құрлығынан өтті. Ал Италия Еуропа құрлығынан өте алмады. Қазіргі таңда Италия ФИФА рейтингі бойынша 12-орында тұр.
ФИФА басшылығында Иран құрамасы сайысқа қатысудан бас тартса немесе қатысу мүмкіндігі болмаса, онда жеке шешім қабылдау мүмкіндігі бар. «ФИФА жекелеген жағдайда бір қатысушыны екінші қатысушымен алмастыра алады» дейді мамандар.
Италия премьері Мелони осыған дейін Трамптың саясатын айыптаудан бас тартумен болды. Дональд Данияға сес көрсетіп, Гренландияны тартып алу идеясын ұсынған сәтте де, Италия басшысы үнсіз қалды. Алайда АҚШ президенті шектен шығып, Рим Папасын келеке етіп, Италия премьерін «ақылсыз» деп тілдегеннен кейін, тараптардың арасындағы қатынас суып кетті. Трамп Италия билігінің Иранға қарсы соғыста АҚШ-қа әуе базаларын ұсынбағанын айтып, Римді сөгумен келеді. Италия билігі Ирандағы соғысты қолдамайды. Себебі бұл Италия үшін маңызды саналатын жанармайдың бағасын шарықтату үстінде.
Сарапшылар Иран құрамасын Италия құрамасына алмастыру әрекетін «саяси қадам» деп атап, бұл әрекеттің спорттық сайыстың сәнін кетіретінін және іріктеліп шыққан құрамаларға деген құрметсіздік екенін айтуда.
Mezgil.kz