Ресей әскерінің сапында Украинаға қарсы Орталық Азияның он мыңнан астам азаматы соғысып жүр. Дәл осындай ақпарат тәуелсіз журналист Григорий Пырликтің «Орталық Азия-Украина» жобасы аясындағы зерттеуінде жарияланды. Ақпаратты «Хочу жить» ұйымының зерттеушілері де растаған. Аталған ұйым тұтқынға түскен сарбаздар туралы деректер жинайды және Ресей әскерінің құрамын анықтауға тырысады. Бұл туралы «Настоящее Время» сайты мақала жазды.

(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Мақалада Орталық Азиядан шыққан 13 мыңға жуық адамның Ресей әскері құрамына қосылғаны жазылған. Нақтылай айтатын болсақ, Орталық Азияның 12666 азаматы Ресей әскерінің құрамына қосылған дейді авторлар. Олар:
4 853 азамат Өзбекстаннан,
3 407 азамат Тәжікстаннан,
2 389 азамат Қазақстаннан,
1 439 азамат Қырғызстаннан,
578 азамат Түркіменстаннан деп көрсетілген. Ал ақпаратты жинақтаушы «Хочу жить» жобасы Украинаның барлау қызметінің және Қорғаныс министрлігінің қолдауымен құрылған болатын.
Өзбекстан билігі өзінің мыңдаған азаматы Ресей әскерінің құрамында соғысып жатқаны туралы ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасап, өзге ел аумағында соғысқандарды қатаң жазаға тартатынын тағы бір мәрте ескертті. Қазақстан мен Қырғызстанда да Украина-Ресей арасындағы соғысқа қатысты деген ондаған адам 2022 жылдан бері заң аясында жазаға тартылып, сотталды. Ал Тәжікстан билігі әзірге соғысқа қатысқан азаматтарын заң аясында қудалаған жоқ. Түркіменстан билігі бұл мәселеге қатысты пікір білдірген емес.
Украина билігі Орталық Азия азаматтары Ресей құрамындағы шабуылдаушы отрядтарға қосылатынын айтуда. Шабуылдаушы отрядтар ең үлкен шығынға ұшырауда. Жаяу әскер дрондардың, артиллерия мен авиацияның соққысына тап болады. Әскери сарапшылар Ресейдің әр екінші шабуылдаушы отряды майдан даласында 80-90 пайыз құрамын жоғалтатынын айтты.
«Хочу жить» жобасы 2025 жылы былай деп мәлімдеме жасады: «Соғысқа өзге ел азаматтарын алдап, заңсыз қатыстыру – Ресей тарапынан өзге елдің ішкі ісіне араласу, Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігіне қауіп төндіру болып саналады. Бұл аталған елдердің адами капиталын мақсатты түрде жою деген сөз. Ресей көршілес елдердің азаматтарын соғысқа жіберіп, оларды «арзан материал» іспеттес қолдануда. Осылайша фронттағы шығынының орнын толтыруға тырысып жатыр».
Орталық Азиядан Ресейге еңбек мигранты болып барған азаматтар Ресей билігінің қысымы жайлы видеоларды жариялауда. Кейбірі соғысқа қысыммен аттанғанын айтса, енді бірі «тылда жұмыс істейсің» деп, алдап апарды дейді. Ал енді біріне қылмыстық іс ашып, соттаймыз деп қорқыту арқылы, мәжбүрлі түрде келісімшартқа қол қойдырған.
2025 жылы Ресейдің тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин жаға ұстатарлық статистиканы жариялады. Ол Ресейдің паспортын алып, бірақ әскери борышын өтеуден жалтарған 80 мың бұрынғы мигрантты рейд барысында ұстап, оның 20 мыңын соғысқа жібергенін айтты. Ресейде мигранттарға қарсы рейдтер күшеюде. Рейдті полиция қызметкерлері ғана емес, сонымен бірге заңсыз негізде құрылған ұлтшыл топтар да жүргізуде.
Mezgil.kz