Такаити тарихты өзгертуде: Жан-жақта соғыс, ал Жапония қарулануда!

Жапония үкіметі ондаған жылдар бойы сақталып келген қару-жарақ экспортын шектеу саясатын едәуір жұмсартты. Енді Токио өзімен қорғаныс саласында келісімі бар бірқатар одақтас мемлекеттерге қару жеткізіп, қару сатып ала алады. Бұл шешім Жапонияның соғыстан кейінгі пацифистік бағытын қайта қарау жолындағы тарихи қадам ретінде бағалануда.

1776845055610355.jpeg

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

ПАЦИФИЗМНЕН ПРАГМАТИЗМГЕ БЕТБҰРЫС

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қабылданған Жапон конституциясы елдің соғыс жүргізуден бас тартатынын және әскери күшті халықаралық дауларды шешу құралы ретінде қолданбайтынын бекіткен еді. Осы құжаттың 9-бабы Жапонияның ондаған жылдар бойғы бейбітшіл ұстанымының символына айналып келген.

Алайда соңғы жылдары аймақтағы геосаяси ахуал айтарлықтай өзгерді. Қытайдың әскери қуатының артуы, Солтүстік Корейдің зымыран бағдарламасы, Ресей мен Батыс арасындағы текетірес Токионың қауіпсіздік стратегиясын қайта қарауына түрткі болды.

Бұрын Жапонияға тек құтқару, тасымалдау, сигнал беру, барлау және минасыздандыру техникасына ие болуға рұқсат берілсе, енді жаңа шешімге сәйкес бұл шектеулер алынып тасталды. Жапония 17 мемлекетке, соның ішінде Құрама штаттар пен Біріккен королдік сияқты серіктестеріне летальды қару түрлерін жеткізе алады және олардан қару-жарақ сатып ала алады.

АЙМАҚТЫҚ ШИЕЛЕНІС КҮШЕЙІП ТҰР

Бұл шешім кездейсоқ қабылданған жоқ. Қазіргі кезде Жапония Филиппин және АҚШ-пен бірлескен әскери жаттығуларға қатысып жатыр. Бұл жаттығуларға Токио алғаш рет бақылаушы емес, толыққанды қатысушы ретінде қосылды.

Бұл жаттығулар Қытайдың Тайуанға қатысты қысымы күшейген кезеңде өтіп отыр. Taйуан мәселесі Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ең қауіпті түйіндердің біріне айналды. Бейжің Тайуанды өз аумағы деп есептейді және қажет болса күш қолданатынын жасырмайды.

Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити жаңа саясат ел қауіпсіздігін нығайтуға бағытталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда ешбір мемлекет жалғыз өзі бейбітшілік пен қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды.

ҚЫТАЙ МЕН КОРЕЙДІҢ АЛАҢДАУШЫЛЫҒЫ

Қытай бұл шешімді «жауапсыз милитаризация» деп бағалап, қатаң наразылық білдірді. Бейжің Жапонияның әскери белсенділігін тарихи тәжірибемен байланысты қабылдайды. Ал Оңтүстік Корей ресми түрде жұмсақтау позиция ұстанып, Жапония қорғаныс саясаты бейбіт конституция рухын сақтауы тиіс екенін ескертті. Бұл реакция түсінікті: Корей түбегінде жапон отаршылдығының тарихи жарасы әлі толық жазылған жоқ.

ІШКІ САЯСАТТАҒЫ ҮЛКЕН ТАЛАС

Жапония ішінде де пікір екіге жарылды. Консервативтік топтар ел жаңа қауіп-қатерлерге бейімделуі тиіс деп есептейді. Олардың пікірінше, өткен ғасырдың ережелері бүгінгі шындыққа сай келмейді.

Ал қарсы тарап Жапония біртіндеп әскери державаға айналып барады деп алаңдайды. Егер конституцияның 9-бабына өзгеріс енгізілсе, ел шетелдік қақтығыстарға тартылуы мүмкін деген қауіп бар.

Жапонияның бұл шешімі тек қару экспортын кеңейту емес, елдің стратегиялық өзін-өзі тануының өзгеруі. Токио енді тек экономикалық алпауыт емес, әскери-саяси ойыншы ретінде де көрінгісі келеді. Бұл Азиядағы күштер тепе-теңдігін өзгертетін маңызды үрдіс.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар