Еуропа соғысқа дайындалуда: Шойгу неге шаптықты, Кремль кімге сес көрсетті?

Еуропа жақтан соңғы апталарда «соғыс желі» бұрынғыдан да қатты есе бастағандай. Әлемдік сарапшылар мен басылымдардың болжамына қарасақ, қазіргі геосаяси жағдай өте күрделі шекке келіп тірелгендей көрінеді.

1776761527869007.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

РЕСЕЙ ЕУРОПАҒА ҚАРУ КЕЗЕНЕ МЕ?

Жуырда «The Washington Post» басылымында жарияланған сарапшы Дэвид Игнатиустың мақаласы да Еуропа мен Ресей арасындағы сөз қағыстың ушыға түскенін, тіпті алдағы уақыттары әскери текетіреске алып келуі мүмкін екенін аңғартады.

Оның пайымдауынша, Владимир Путин осы көктемде Еуропаға, атап айтқанда Балтық жағалауы елдеріне шектеулі шабуыл жасауы әбден мүмкін. Және сол арқылы НАТО-ның төзімін тексеріп көруге тырысады.

Ресейдің әскери-саяси билігінің жон арқасы Кремль қабырғаларына тірелген сайын, саяси истеблишменттің іс-әрекеттері де қауіпті бола түспек. Дегенмен, байбаламға бой алдыруға әлі ерте – бұл аналитиктер сызып-түзген  болжамды сценарийлердің бірі ғана. Соған қарамастан, Батыс елдері мұндай болжамдарды елеусіз қалдырып отырған жоқ.

ШОЙГУ КІМГЕ ШАПТЫҚТЫ? КРЕМЛЬ КІМГЕ СЕС КӨРСЕТТІ?

Ал Мәскеу тарапы соңғы апталарда тек сөзбен емес, нақты ескертулермен де Батысқа сес көрсетуде. Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу Финляндия, Эстония, Латвия және Литваның әуе кеңістігі арқылы Ресейге соққы беретін украиндық дрондардың саны күрт артқанын мәлімдеді.

Шойгудың айтуынша, егер бұл елдер Киевке өз аспанын шабуылдар үшін пайдалануға саналы түрде рұқсат берсе, Ресей мұны қарулы шабуыл деп бағалайды және БҰҰ Жарғысының 51-бабына сәйкес өзін-өзі қорғау құқығын қолданады. Бұл дегеніміз – аталған елдердің аумағына тікелей зымыран немесе дрон соққыларын берудің алғышарты.

Ресейлік билік өкілдері мұнымен де тоқтаған жоқ. Олар Украина үшін дрон мен қару-жарақ шығаратын еуропалық зауыттардың нақты тізімін жариялап, оларды «заңды нысаналар» деп атады.

Атап айтқанда: Ұлыбританиядағы «Файер пойнт» пен «Хорайзон тех», Германиядағы «Да Винчи Авиа» мен «Эйрлоджикс», Италиядағы «Джилардони» мен «Мвфлай», Түркиядағы «Туалком» мен «Доу Акса» сияқты кәсіпорындар енді Ресейдің көздеген нүктелеріне айналуы мүмкін.

Дмитрий Медведев бұл жағдайға байланысты соққылардың қашан шындыққа айналатыны алдағы оқиғаларға байланысты екенін айтып, еуропалық серіктестеріне ашықтан-ашық сес көрсетті. Бұл соғыстың Украина шекарасынан асып, Еуропаның ішкі өндіріс орындарына ойысу қаупін туғызады.

ШВЕЦИЯ ҚАТАҢ ЕСКЕРТЕДІ: РЕСЕЙ ШАБУЫЛ БАСТАУЫ МҮМКІН!

Осы орайда Швецияның қорғаныс министрі Поль Йонсон Ресейге қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Еуропа қауіпсіздікке жеңіл қарамауы және соғысқа дайындық режиміне көшуі қажет.

Министр Ресейдің қазірдің өзінде Батыстың бірлігі мен табандылығын үнемі сынап жатқанын, тек тікелей соғыс қана емес, кибершабуыл мен арандату сияқты гибридті әрекеттерге де дайын отырғанын жеткізді.

ФИНДЕР ДЕ СОҒЫСҚА ДАЙЫНДАЛУДА...

Солтүстік елдері де қарап отырған жоқ. Финляндия Ресеймен шекаралас аймаққа Оңтүстік Кореядан сатып алған 112 дана «K9 Thunder» артиллериясын қойып, олардың жалпы санын 208-ге жеткізуді көздеп отыр.

ЭСТОНИЯ РЕСЕЙМЕН СОҒЫСҚА ДАЙЫНДАЛУДА...

Эстония билігі Ресеймен соғыстың ең қиын сценарийлеріне дайындықты қызу бастап кетіпті. Елдің ұлттық қауіпсіздік стратегиясына енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес, Таллин ұрыс жағдайында жан-жақтан қоршауда қалса, соның ішінде әуеден, теңізден және құрлықтан толық оқшауланса, ол жауға кем дегенде 30 күн өз бетінше шыдап беруі тиіс.

Қарапайым халыққа да жаңа талаптар қойылып жатыр. Атап айтқанда: Эстонияның әрбір тұрғыны енді сырттан келетін көмексіз кем дегенде 7 күн өмір сүре алатындай дайын болуы тиіс. Таллин басты қауіп ретінде тікелей Ресейді атап отыр.

Түйін: Бүгінгі таңда Мәскеуді Еуропадағы миллитаризация ғана емес, Украинаның қорғаныс өнеркәсібінің трансформациясы да қатты мазалап отыр. Соның ішінде, Украиналық «Антонов», «Девиро», «Укрспецсистемз» сияқты компаниялардың Польша, Чехия, Латвия және Литвада филиалдары ашылып, соғысқа қажетті техникаларды сол жерде өндіріп жатыр. Мәскеу бұл нысандарды өзіне қауіп санап, алда-жалда қандай да бір арандату әрекеттеріне баруы әбден мүмкін деп күтілуде.

Бір анық – қазіргі жағдайда дипломатия тілі қару дауысының астында қалып бара жатқандай...

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар