Ресейлік спутниктің АҚШ аппаратына соғылуы: Ғарыш адамзат үшін қауіпті кеңістікке айналда ма?

Ресей ғарыштағы қоқысты арттырып жатқан мемлекеттің бірі. Сол қоқыс салдарынан үлкен ғарыштық апаттар да болған. Бұл туралы Time басылымы жазды.


1402493941215.2617.jpg(Сурет life.ru сайтынан алынды)

 

2009 жылы әлемдік БАҚ ғарыштағы апат туралы жазды. Ресейдің қызметін тоқтатқан Kosmos 2251 спутнигі АҚШ-тың Iridium 33 спутнигімен соқтығысты. Бұл ғарыш кеңістігіндегі қоқыстың қаншалықты қауіпті екенін көрсеткен оқиға болды. Спутниктердің соқтығысу салдарынан ғарышқа 1800-ден астам бөлшек шашылды. Осылайша істен шығып, қызметін тоқтатқан ескі аппараттардың орбитадағы спутниктерге қаншалықты қауіпті екені іс жүзінде көрінді. Қазіргі таңда, бұл мәселе тіпті ушығып кетті.

 

NASA-ның ақпараты бойынша, Жердің маңында көлемі 10 смтрден үлкен 25 мыңнан астам нысан айналып жүр. Ал көлемі 1-10 см болатын нысандардың саны 500 мыңнан көп болса, көлемі 1 смге жетпейтін нысандардың саны 100 млннан асады. Бұл бір қарағанда тым кішкентай болса да, шындығында спутниктердің жұмысы үшін үлкен кедергі саналады. Орбитадағы негізгі спутниктердің саны жыл сайын артуда. Ал спутник ұшыру әрекеттері соңғы 10 жылда 11 есе артқан.

 

Ғарышқа жеке аппарат пен спутник ұшыратын компаниялардың саны жыл санап артып келеді. Starlink жүйесіне қазірдің өзінде 9400 спутник тиесілі. Бұл орбитадағы 14900 спутниктің 63%-ы деген сөз. Яғни, бір ғана жеке компания тұтас державаларды басып озды. Бұл көрсеткіштер арта бермек. Себебі әлемнің әр түкпірінде ғарыш кеңістігін игеруді мақсат еткен, барлау қызметін ұсынатын, ауа райын болжайтын, байланыс жүйесінде түрлі балама ұсынуға әзір жеке компаниялар саны артуда. Сәйкесінше, жеке компаниялардың ғарыштағы спутниктері де арта бермек. Осы фактіні ту еткен сарапшылар, ғарыш кеңістігіндегі қоқыстардың саны да артатынын айтуда.

 

Astroscale компаниясынң сарапшысы Крис Блэкерби былай дейді: «Iridium мен Kosmos-тың соқтығысуы ғарыштағы қоқыстың санын да, қауіпті бөлшектер санын да арттырды. Бұл бір ғана мысал. Жыл өткен сайын ғарыштағы бөлшектер саны артып келеді және бұл қауіпті оқиғалар санын арттыратын болады». Сарапшы ғарыш кеңістігінде КСРО-дан қалған, істен шыққан спутниктердің де саны көп екенін айтуда. Әдетте мемлекеттер істен шыққан спутниктерді бейтарап су айлағына құлатуға тырысады. Алайда спутниктер құлау сәтінде отқа оранып, көп бөлшегі орбитаға шашырап кетеді.

 

Халықаралық ғарыштық станцияның өзі ғарыштағы қоқысқа соғылмау үшін жылына кемі екі мәрте орнын ауыстыруда. Мамандар заманауи технологияларды пайдалана отырып, ескі спутниктерді утилизациялау әдісін іздестіруді ұсынуда. Сарапшылар ғарыштағы қоқысты жою әдісін таппаса, Жерге жақын орбита адамзат үшін қауіпті кеңістікке айналатынын айтуда.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар