Ресейдің Мемлекеттік Думасы «Қорғаныс туралы» заңды өзгертті. Ендігі таңда, өзгертілген заң бойынша Ресей президенті өзге ел аумағына әскер кіргізу құқығына ие болмақ. Путинге «Шетел аумағында халықаралық соттың шешімі бойынша немесе сол елдің сотының ұйғарымы бойынша ұсталған ресейлік азаматтарды қорғау үшін әскер кіргізуі құқығы беріледі» дейді сарапшылар. Сарапшылар бұл заңды «Ресейдің әлемге сесі» деп атауда. Бұл туралы ВВС басылымы көсіле жазды.

(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Ресейдің қорғаныс министрінің орынбасары Анна Цивилева Думада сөз сөйлеп, аталмыш заңды Ресей президентінің тапсырмасы бойынша әзірлегенін айтты. Ресей осы заң арқылы шетел аумағында ресейліктерді заңсыз қудалауды азайтамыз деп отыр. Депутаттар бұл заңды бірінші оқылымда бір ауыздан мақұлдаған. Ал заңды талқылау бар болғаны 4 минутқа созылды. Барлығы дерлік бұл заңды қолдады.
Ресей Думасы 19-наурыз күні «Азаматтық туралы», «Қорғаныс туралы» екі заңды өзгерту ұсынысын енгізді. МемДума спикері Вячеслав Володин заңдарға пікір білдіре отырып, «бізге қастық ойлайтын мемлекеттер аумағындағы азаматтарымызды қорғауды күшейтеміз» деді. Ал «Азаматтық туралы» заңда Ресейдің өз азаматтарын өзге ел аумағында қорғауды күшейтетіні жазылған.
«Қорғаныс туралы» заңда Ресей президентіне ресейліктерді қорғау үшін өзге ел аумағына әскер кіргізуге рұқсат ететін тұсы бар. Алайда әскерді нақты қандай сәтте, қандай негізде кіргізетіні жазылмаған. Әскери сценарийді көбіне «халықаралық соттың әділетсіз шешімі бойынша қудаланған ресейліктерді қорғау үшін» іске асырмақ.
Ресейде «шетелдік агент» статусына ие болған Григорий Вайпан бұл заңды сынға алуда. Ол халықаралық деңгейдегі құқық қорғаушы ретінде аталған заңды «барлық ережеге қайшы» деп сипаттады. Халықаралық нормаға сәйкес, мемлекеттер әскерді қорғаныс мақсатында қолдануы тиіс. «Ресей өз азаматтарын құқықтық тұрғыдан қорғауға қабілетті ел, алайда соған қарамастан жаңа өзгерістерді енгізіп, әскери күшті сол заңға тықпалау, өзгелерге сес көрсету» дейді мамандар.
Сарапшылар Ресейдің аталған заңды АҚШ-тың «АҚШ сарбаздарын қорғау» (American Service-Members' Protection Act) заңы типінде жасағанын айтуда. АҚШ ол заңды 2002 жылы қабылдады. Заң АҚШ сарбаздарын Халықаралық қылмыстық сот тарапынан қудалауды азайту үшін жазылды. Ол заң бойынша, АҚШ президенті барлық сценарийді ескеріп, Халықаралық қылмыстық сот тарапынан қудаланған, тұтқындалған АҚШ сарбазын босатып алуға құқылы екені айтылған. Аталған заң бойынша АҚШ ХҚС-ті мойындамайтын немесе оның шарттарын орындаудан бас тартқан одақтас елдің азаматтарына да көмектесе алады.
АҚШ заңды қабылдаса да, ешқашан бұл заңды орындаған емес. Уашиңтон өзге әдістерге жүгініп, сарбаздарын қорғауда. Мысалы сотпен немесе зардап шегуші тарапқа өтемақы төлеу арқылы әскерилерді арашалап алуға тырысады.
Ресей Халықаралық қылмыстық соттың шешімдерін орындамайтын мемлекет саналады. ХҚС Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдің бала құқығын қорғау бойынша өкілі Мария Белованы тұтқындау туралы ордер шығарды. Алайда Мәскеу оған қарсы заңнамалар қабылдап, ХҚС-тің соты мен айыптаушыларын тұтқындайтынын айтты.
Вайпанның сөзінше, Ресейдің жаңа заңы халықаралық ережелерді аяққа таптаудың тағы бір көрінісі. «Кремль осы заң арқылы көршілес елдерге сес көрсетуде» дейді ол. Ресей 2023 жылдан бері ХҚС-тің Путинді тұтқындау туралы шешімін орындайтын мемлекеттерге қарсы әскери күш қолданатынын айтып, қорқытумен келеді.
Сарапшылардың сөзінше, Путиннің жаңа заңды қабылдауы ресейлік биліктегі кей азаматтардың үрейінен туындаған. Украинадағы соғыс аяқталып, Путин биліктен кеткен сәтте, Ресейдің кей саясаткерлері Еуропа аумағында кенеттен тұтқындалуы мүмкін дейді мамандар. Осы қауіптің алдын алу үшін Мәскеу қамданып жатқанын айтуда.
Ресейдің қылмысын әшкерелеу процесі жалғасуда. Еуропада Украина жерінде әскери қылмыс жасаған ресейлік сарбаздар мен сол қылмысты жасауға бұйрық берген шенділерді жазалау бойынша арнайы трибуналдар құрылуда. Еуропа Кеңесі сондай трибуналдың біріне 10 млн еуро қаржы бөлді. Трибунал Ресей тарапынан жасалған қылмыстарды зерттеп, тіркейді. Кінәлілерді анықтайды.
Финляндия соты жақында ғана «Русич» неонацистік отрядының экс-командирі Ян Петровскийді өмір бойына соттады. Ол Донбасста соғысып, 2014-2015 жылдары адамзатқа қарсы түрлі әскери қылмыс жасаған. Соның ішінде украин тұтқындарын қинап өлтіру фактілері де бар. Ресей билігі Финляндияға наразылық танытты.
Сарапшылар «Ресейдің жаңа заңы Кремльге сыныққа сылтау іздеуге керек» дейді. Соның ішінде Балтық елдеріне соқтығып, Кавказға шүйлігіп, Орталық Азияға сес көрсету үшін қажет екенін айтуда.
Mezgil.kz