Сарапшы: Ормузды бұғаттау - Тегеранды тұқырту мен Бейжіңді буындыру операциясы!

Bloomberg Opinion басылымында белгілі колумнист, энергетика және экономика, шикізат саясаты бойынша сарапшы Хавьер Бластың сараптамасы жарияланды. Ол «Әлемді сату: Ақша, билік, трейдер және жер ресурстарын айырбастау» кітабының авторы саналады. Блас Ормуз бұғазын бұғаттау және оның әлемге әсері жайлы өз ойын айтты. Сарапшының мақаласын қысқаша ұсынамыз.


ChatGPT Image 14 апр. 2026 г., 15_25_39.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Иран мұнайы Қытайға қара нарық арқылы сатылады. Соғысқа дейін Иран өз мұнайының 95 пайызын санкциядағы танкерлер арқылы, күмәнді трейдерлер бойынша және бүркемелі қаржылық операциялар жүйесімен Қытайға сатып отырды. Дональд Трамп Ормуз бұғазын бұғаттау арқылы Тегеранды ғана емес, Бейжіңді де буындырады дейді сарапшы Блас.

 

АҚШ дүйсенбі күні Ормуз бұғазын бұғаттауды бастады. Иранның портына кірген немесе портынан шыққан барлық кеме тоқтатылады. Кейбірі тәркіленуі мүмкін. Уашиңтон бұғаттау операциясын іске асыру үшін аймаққа қосымша әскери кемелерді жіберуде. Мамандардың сөзінше, АҚШ Венесуэла мысалында бұғаттау операциясын іске асырса, Тегеран мұнай сатудан үлкен қиындық көрмек. Сарапшының сөзінше, АҚШ екі түрлі нәтижені көздеп отыр. Біріншісі, Иранның қиын экономикалық жағдайға тап болуы. Екіншісі, сол қиындықты Қытайдың да сезінуін қалауда. Егер Бейжің мұнай нарығындағы соққыдан шығынға ұшыраса, онда Қытай Иранды АҚШ-пен келісімге келуге итермелеуі ықтимал.

 

Тегеран соғыс сәтінде мұнайын сату арқылы бірқатар пайда тапты. Шығанақтағы араб елдерінің энергетикалық нысандары соққыға ұшыраған сәтте, Иран Ормуз бұғазын бақылауға алып, өз мұнайын саудалаумен болды. Ал Трамп әкімшілігі әлемдік нарықтағы мұнай бағасын реттеу үшін, тіпті Иранның мұнайын тиеген танкерлерді уақытша санкциядан босатты. Осылайша Иран билігі өз мұнайын ұзақ жылдан кейін дисконтсыз сата бастады.

 

Мамандар Иранның соғысқа дейін орта есеппен күн сайын мұнайдан 100 млн доллар пайда тапқанын айтуда. Ал 27-ақпаннан бастап Иранның табысы артып, күндігіне 175 млн долларға жеткен. Иран мұнайын сатып, пайда тапса да, қаржыны бюджетке жеткізуден қиындық көруде. Себебі Иранның қаржылық жүйесі санкцияда жатыр. Ал түскен пайданы заманауи қаржылық есептеу жүйесінсіз жылдам жеткізудің машахаты көп. Дегенмен Иран 40 күннің ішінде азын-аулақ қаржы жинап үлгерді дейді мамандар.

 

Егер АҚШ Ормуз бұғазын толық бұғаттап тастаса, Иранның экономикалық шығыны орасан болмақ. Соғыстың салдарынан экономикасы артқа кеткен Тегеран үшін бұл тым ауыр соққы саналады. Бұғаздың бұғатталуына байланысты, Иранның мұнай өндіруі тоқтап қалмақ. Өйткені мұнай қоймалары жылдам толады, ал қалған мұнайды сату не сақтау мүмкіндігі болмаған сәтте, Иран мұнай бұрғылауды тоқтатады.

 

Трамптың бірінші президенттік мерзімінде АҚШ Иранның мұнай саласын қыспаққа алды. 2020 жылдары Иран күніне 250 мың баррель ғана мұнай сатты. Осылайша Иран күніне бар болғаны 10-12 млн доллар пайда тапты. Ендігі таңда Трамп Иранды мүлде қаржысыз қалдыруды ойлауда.

 

Қытай соғысқа дейін мұнайдың 11 пайызын Ираннан алып отырды. Ресейден 20 пайыз, Сауд Арабиясынан 14 пайыз мұнайды сатып алуда. Иран Ормуз бұғазын жауып тастаса да, Қытайдың танкерлеріне бұғазға кіруге рұқсат етті. Ал АҚШ-тың бұғазды бұғаттауы бұл жағдайды өзгертуі мүмкін. Бейжің жақын аралықта дефицитке тап болуы ықтимал. Дағдарыс пен тапшылық сәтінде Қытай стратегиялық резервін қолдануы ғажап емес дейді мамандар.

 

Қытай билігі АҚШ-қа ескерту жасауда. «Қытай Иранмен халықаралық шарттар ережесі бойынша энергетика саласында келісім жасады және ол келісімге басқа елдер тарапынан кедергі болмауы тиіс» дейді Уаң И. Сарапшылар Иран төңірегіндегі бұғаттау операциясының соңғы нәтижесін болжау қиын дейді, алайда Қытай мен Иранға айтарлықтай соққы боларын топшылауда.


Mezgil.kz




Сәйкес тақырыптар