Түркия Газа мен оның айналасындағы палестиналықтардың Израиль тарапынан мәжбүрлі қоныс аударуын тоқтату үшін Израильге қарсы белгілі бір әскери әрекеттерге баруы мүмкін. Бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ыстамбулда мәлімдеді.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
ЕРДОҒАННЫҢ ЕКПІНІ: ИЗРАИЛЬГЕ ӘСКЕРИ ЖАУАП ҚАТА МА?
«Израильдің Палестинаға бұлай жасауына жол бермеу үшін біз мықты болуымыз керек. Қарабаққа қалай кірсек, Ливияға қалай кірсек, оларға да соны істейміз», – деді Ердоған.
Түркия президенті Израильдің ұрыс қимылдарын тоқтату режиміне қарамастан, Ливан аумағына тоқтаусыз соққылар жасап, 1,2 миллионға жуық ливандықты үй-жайларын тастап кетуге мәжбүрлегенін айтты.
ЕРДОҒАН ИЗРАИЛЬГЕ ҚАТЫСТЫ НЕ ДЕДІ?
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 12 сәуірде Ыстамбулда өткен халықаралық конференцияда Израильді қатаң сынға алды. Сөйлеген сөзінде түрік көшбасшысы Израильді «бейбіт халықты, атап айтқанда әйелдер мен балаларды өлтірді» деп айыптап, оның әрекеттерін «жабайылық» деп сипаттады.
Сонымен қатар, ол Кнессет қабылдаған террористерге өлім жазасын кесу туралы заңды «палестиналықтарға қарсы бағытталған» деп сынға алды.
ИЗРАИЛЬ НЕ ДЕП ЖАУАП БЕРДІ?
Ал Израиль барлық айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарады. Бұл туралы «The Jerusalem Post» басылымы жазады.
Израильдің мұра істері жөніндегі министрі Амихай Элиягу түрік президентінің мәлімдемелерін қатаң айыптады. Ол Анкараны «екіжүзділік танытты» деп айыптап, Түркияның күрдтерге қатысты саясаты мен Солтүстік Кипрдегі жағдайды еске салды, сондай-ақ Ердоғанды «диктатор» деп атады.
Элиягу Түркиямен дипломатиялық қарым-қатынасты толық үзу туралы бастама көтеретінін мәлімдеді.
ТҮРКИЯ НЕТАНЬЯХУДЫ 4,5 МЫҢ ЖЫЛҒА СОТТАДЫ!
Назар аудара кететін жайт: Жағдайдың бұлайша ушығуы – түрік сотының Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға мен тағы 35 израильдік шенеунікке айып таққаннан соң болып отыр.
Айта кетейік, осыған дейін Түркия прокуратурасы Нетаньяхуды 4 596 жылға бас бостандығынан айыруды талап етті. Ыстамбұл прокуратурасы Газа секторына бет алған «Сумуд флотилиясына» жасалған шабуылға қатысты тергеуді аяқтап, оған жауапты деген Израиль премьері Нетаньяху мен тағы 35 жоғары лауазымды израильдік шенеуніктің әрқайсын 1 102 жылдан 4 596 жылға дейін түрмеге қамауды талап етті.
Айыпталушылар тізімінде Израиль Қорғаныс министрі Кац, оның ізашары Галант, Ұлттық қауіпсіздік министрі Бен-Гвир және басқа да тұлғалар бар.
Басылымның мәліметінше, Израиль шенеуніктеріне адамзатқа қарсы қылмыс, геноцид, бас бостандығынан айыру, қатыгездік көрсету, нұқсан келтіру, тонау және көлік құралдарын тәркілеу бойынша айыптар тағылып отыр.
ТҮРКИЯ: ИЗРАИЛЬДІҢ КЕЛЕСІ НЫСАНАСЫ – БІЗ!
Осының алдында Түркияның СІМ бастығы Хакан Фидан «Anadolu» агенттігіне берген сұхбатында Израиль билігі мен оппозициясы Анкараны «келесі жау ел» деп жариялауға тырысуда, деп мәлімдеді.
«Ираннан кейін Израиль жаусыз өмір сүре алмайды. Біз тек Нетаньяху әкімшілігі ғана емес, сонымен қатар оппозицияның кейбір өкілдері де саяси риториканы пайдалана отырып, Түркияны келесі жау ел деп жариялауға ұмтылып жатқанын көріп отырмыз», - деді Фидан.
Түркия СІМ бастығы сондай-ақ Израильдің Ливандағы агрессивті әрекеттерін экспансия саясатының бір бөлігі деп атап, бұл аймақтық қақтығысқа әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Сонымен қатар, Түркияның Газа, Ливан және бүкіл аймаққа қатысты ұстанатын позициясы Израильдің экспансионистік саясатына қайшы келетінін және оны қиын жағдайға қалдыратынын айтты.
ТҮРКИЯ МЕН ИЗРАИЛЬ АРАСЫНДА ҮЛКЕН СОҒЫС БОЛА МА?
Израиль саясаткерлерінің Түркияға, Түркия саясаткерлерінің Израильге қарсы риторикаларының қатаңдай түсуі, соның ішінде «жаңа соғыс» формуласынан бастап, аймақтық жаңа қатердің қалыптасуы туралы дабылдардың жиілеуі сарпашыларды түрлі ойларға жетелеуде.
Сарапшылардың пікірлері әртүрлі: біреулер – бұдан шынайы стратегиялық қайта құрудың көрінісін байқаса, енді біреулері – мұны Таяу Шығыстағы текетірестің жаңа бағытын тудыруы мүмкін саяси белгі (сигнал) деп санайды.
2025 жылғы 9 қыркүйек. Израиль АҚШ-тың «НАТО-дан тыс негізгі одақтасы» деп танылған және Вашингтонның Басра шығанағындағы ең жақын серіктестерінің бірі болып табылатын Катарға соққы бергеннен кейін, Израиль сарапшылары өз назарларын дереу Түркияға аударды.
Сарапшылар «Түркия Израильдің келесі нысанасына айналуы мүмкін» деген әңгімелерді жиілетті. Бірнеше ай бойы Израиль БАҚ-тары Түркияға қарсы риториканы күшейтіп, оны «Израильдің ең қауіпті жауы», «Шығыс Жерорта теңізіндегі қатер» деп атады.
Ал Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан 2025 жылдың тамызында Түркияның Израильмен экономикалық және сауда байланыстарын тоқтататын қарымта шаралар қабылдағанын хабарлады.
Онан соң 2026 жылдың ақпан айында Израильдің бұрынғы премьер-министрі Нафтали Беннет «Түркияның Израиль үшін «жаңа Иранға» айналып бара жатқанын» айтып, дабыл қақты.
«Қазіргі уақытта жаңа түрік қатері туындап отыр. Түркия — бұл жаңа Иран. Ердоған — Израильді қоршауға алуға тырысатын айлакер әрі қауіпті көшбасшы», - деді Беннет.
Ол Түркияның мақсаты — Израиль қауіпсіздігіне сес көрсете алатын коалициялық желі құру екенін алға тартты. Кейінгі «Bloomberg-ге» берген сұхбатында Беннет Түркия өз айналасына «радикалды сунниттік ислам альянсын» қалыптастыруға тырысып жатқанын айтып, Түркия, Сауд Арабиясы және Пәкістан арасында сунниттік блок құруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Дәл осыған ұқсас мәлімдемені Израиль премьері Нетаньяху да жасады: «Біз бүкіл әлемге және еркін ұлттарға қауіп төндіретін радикалды исламмен бетпе-бет келіп отырмыз. Біз бірлесе отырып берік, мызғымас одақ — ұстамдылыққа, прогреске және адамдық қадір-қасиетке сенетін елдер одағын құрамыз. Бұл өмірді бағалайтын мемлекеттер арасындағы өзара құрметке негізделген одақ болмақ», - деді.
КҮШТЕР ТЕҢГЕРІМІ: ТҮРКИЯ МЕН ИЗРАИЛЬ САНДАР СӨЙЛЕЙДІ
Сарапшылардың пікірінше, Израильдің басты артықшылықтарының бірі — АҚШ-тың белсенді қолдауы. Онсыз бұл ел ұзаққа созылған соғыс жүргізуге қауқарсыз, ал Түркия, керісінше, ұзақ мерзімді әскери қимылдарға бейімделген.
Әлем армияларын 60-тан астам көрсеткіш (саны, техникасы, экономикасы мен логистикасы) бойынша бағалайтын «Global Firepower» халықаралық индексінің 2026 жылғы рейтингіне сәйкес, Түркия 145 елдің ішінде 9-орында, ал Израиль 15-орында тұр.
Сонымен қатар, Анкара әскер саны мен қарулы күштердің ауқымы бойынша басымдыққа ие. Ал Израиль жоғары технологиялық сегменттерде, соның ішінде әуе және зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерінде, барлау және киберкомпоненттерде артықшылығын сақтап қалуда.
Бөлек фактор ретінде ядролық әлеуетті атап өткен жөн: Израиль де-факто ядролық держава болып саналады және бұл салада абсолютті басымдыққа ие, ал Түркияның меншікті ядролық қаруы жоқ.
Соңғы жылдары Түркия дрондар жүйелерін, зымырандық бағдарламаларды және бесінші буынды «KAAN» истребителін дамыту арқылы технологиялық алшақтықты айтарлықтай қысқартты. Дегенмен, бұл жобалардың едәуір бөлігі әлі де сынақтан өту кезеңінде.
Израиль болса, қазірдің өзінде іске қосылған және сынақтан өткен жүйелер — F-35 ұшақтары, көпдеңгейлі ӘҚҚ (ПРО) және дамыған барлау мүмкіндіктері арқасында алда тұр.
Түрік армиясы — НАТО-дағы саны жағынан екінші армия. Дипломатиялық тұрғыдан алғанда, Түркия шетелдік өкілдіктер саны бойынша әлемде үшінші орынды иеленеді, ал Израиль бұл көрсеткіш бойынша айтарлықтай артта қалып қойған.
Сонымен қатар, соңғы жылдары «жұмсақ күш» (soft power) индексі бойынша Израильдің позициясы айтарлықтай нашарласа, Түркия келіссөздер алаңы ретіндегі өз ықпалын нығайтып келеді.
Mezgil.kz