Таяу Шығыста тыныштық жоқ. Ормуз жабық. Корея Қазақ мұнайына қолқа салды

Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі Оңтүстік Кореяны мұнай жеткізу көздерін қайта қарауға мәжбүр етті. Осыған байланысты Сеул Астанамен энергетикалық ынтымақтастықты күшейтіп, мұнай импортын әртараптандыруға күш салмақ.

1776069871204961.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Оңтүстік Кореяның өнеркәсіп министрі Ким Чон Гван Қазақстаннан мұнай жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын, ол бойынша айтарлықтай ілгерілеу бар екенін айтты. Нақты қанша көлемде мұнай жеткізіледі, тасымал шарттары қандай болмақ, ол туралы егжей-тегжейлі ақпарат жақын күндері жарияланбақ.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ОҢТҮСТІК КОРЕЯ ҚАНДАЙ КЕЛІСІМ ЖАСАСТЫ?

2026 жылдың сәуір айының басында Корея делегациясы Астанаға ресми сапармен келген. Құрамында президент әкімшілігінің басшысы Кан Хун Сик пен министр Ким Чон Гван болған. Сапар барысында 8 сәуірде бірінші вице-премьер Роман Склярмен, ал 9 сәуірде энергетика министрі Ерлан Ақкенженовпен кездесулер өткен. Келіссөздерде мұнай экспортын жолға қою, тұрақты жеткізу және ұзақ мерзімді әріптестік мәселелері талқыланған.

Бұл диалог президент деңгейінде де жалғасын тапты. Қасым-Жомарт Тоқаев Корея президентінің арнайы өкілі Кан Хун Сикті қабылдап, стратегиялық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар, Оңтүстік Корея Президенті Ли Чжэ Мён Тоқаевты Сеулде өтетін алдағы саммитке шақырды.

ОРМУЗДЫҢ ЖАБЫЛУЫ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАНДАЙ ЖОЛ АШТЫ?

Қазіргі таңда Оңтүстік Корея мұнайдың шамамен 70 пайызын Таяу Шығыстан алады. Ормуз бұғазындағы тұрақсыздық қазір бұл бағыттың сенімділігін төмендетіп отыр. Осы жағдайда Қазақстан балама жеткізуші ретінде қарастырылуда. Қазақстаннан Оңт үстік Кореяға мұнай жеткізу мерзімі шамамен 50–60 күн деп бағалануда.

Әзірге нақты тасымал маршруты жарияланған жоқ. Сарапшылар Каспий арқылы Батыс бағытты, Ресей немесе Қытай арқылы өтетін жолдарды ықтимал нұсқа ретінде қарастырады.

Жалпы, бұл келісім Қазақстан үшін мұнай экспортын кеңейтуге, ал Оңтүстік Корея үшін энергия қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болмақ.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар