Еуропаның шағын мемлекеттерінің бірі саналатын Молдова Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығымен (ТМД) байланысын толық үзу туралы ресми шешім қабылдады.

(Коллаж: Mezgil.kz)
Ел президенті Майя Санду тиісті заңдық актілерге қол қойып, бұл құжаттар ресми түрде жарияланды. Осылайша, Молдова ТМД құрамынан заңды түрде шығу процесін аяқтап отыр.
Бұл шешім аяқ астынан қабылданған жоқ. 2026 жылдың 2 сәуірінде Молдова парламенті ТМД-ны құру туралы келісімді, оның хаттамасын және жарғысын денонсациялау туралы дауыс берді.101 депутаттың 60-ы бұл бастаманы қолдаса, коммунистер мен социалистер қарсы шықты. Билік өкілдерінің айтуынша, бұл қадам – елдің Еуропалық Одақ бағытына бет бұруының нәтижесі.
Негізінде, Молдова ТМД жұмысына 2022 жылдан бері қатыспай келген. Ал 2023 жылы ел ұйыммен байланысты 70-ке жуық келісімді тоқтатты. Бұл өзгерістер ұлттық заңнаманы еуропалық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында жүргізілді.
Молдова ТМД-ға 1991 жылы, Кеңес Одағының ыдырауы кейін бірден қосылған болатын. Алайда уақыт өте келе елдің сыртқы саяси бағыты өзгере бастады.
Бұл өзгерістің басты себептерінің бірі – ел аумағындағы Приднестровье мәселесі. 1990-жылдары Ресей әскері осы аймақтағы ресейшіл күштерді қолдап, әскери қақтығысқа араласқан. Нәтижесінде Приднестровье іс жүзінде Молдова бақылауынан шығып, «тоқтап тұрған қақтығыс» аймағына айналды. Бұл жағдай Кишиневтің Мәскеуге деген сеніміне айтарлықтай әсер етті.
2020 жылғы президент сайлауынан кейін Майя Санду елдің негізгі бағытын Еуропамен интеграцияға қарай бұрды. Осы кезеңнен бастап Молдова ТМД саммиттеріне қатысуды тоқтатып, посткеңестік кеңістіктен біртіндеп алыстай бастады.
Бүгінде шамамен 2,5 миллион халқы бар Молдова өзін толыққанды еуропалық мемлекет ретінде қалыптастыруды көздеді. Елдің географиялық орналасуы да (Румыния мен Украина арасында) оның Еуропамен тығыз байланыс орнатуына мүмкіндік береді.
Молдованың ТМД-дан шығуы – тек формалды шешім емес, бұл елдің геосаяси таңдауын нақты көрсететін тарихи қадам. Бір кездері посткеңестік кеңістіктің бөлігі болған мемлекет енді Еуропалық Одаққа жақындауды басты мақсат етіп отыр. Бұл өзгеріс тек Молдова үшін ғана емес, бүкіл аймақтық саясат үшін маңызды сигнал болуы мүмкін.
Mezgil.kz