Путин үлкен ойын бастады: Мадагаскар Мәскеудің бақылауына өте ме?

Ресей Африкадағы ықпалын арттыру әрекеттерін жасауда. Мәскеу Қара құрлықтағы кез келген мүмкіндікті пайдалануға әзір. Путин билігі бұл жолы Мадагаскар үкіметіне қол ұшын созып, аталған аралды стратегиялық нысан етуді ойластыруда. Бұл туралы Bloomberg басылымы жазды.


ChatGPT Image 9 апр. 2026 г., 15_26_25.png

 (Сурет ЖИ арқылы жасалды)


Бір жыл бұрын Мадагаскарда төңкеріс болып, билік ауысты. Бұл сыртқы ойыншылар үшін жаңа мүмкіндік терезесін ашты. Мадагаскар кедей ел болса да, табиғи байлық пен минералға бай ел. Ал аралдың географиялық орналасуы мұнай және өзге ресурстарды тиімді тасымалдауға мүмкіндік береді. Аралды портты аймақ ету арқылы, логистикалық тораптарды кеңейтуге болады.

 

Мадагаскардағы Туамасина порты Үнді мұхиты арқылы өтетін бағыттың бойында жатыр. Бұл портқа Мозамбиктегі газ ошақтары да жақын орналасқан. Аталған аймақ арқылы әлемдегі мұхит арқылы тасымалданатын шикі мұнайдың үштен бірі өтеді. Ал аралдың солтүстігінде Анциранана теңіз әскери базасы бар. Бұл база қазіргі сәтте қолданылмайды. Дей-тұра, елдегі қаржылық қиындыққа байланысты Мадагаскар билігі базаны сыртқы ойыншыларға жалға беруі мүмкін.

 

Африка бойынша сарапшы Шон Датидің ойынша, Ресей Мадагаскар билігімен тығыз байланысты орнатуға ниетті. «Ресей Ирандағы соғысқа араласа алмайды. Оның бағытын да өзгерте алмайды. Алайда қазір Батыстың назары Иранға ауған сәтте, ол ұрымтал сәтті пайдаланбақ. Мәскеу әлемдік кеме қатынасы бұзылған тұста, Африка маңындағы бұғаздар мен шығанақтардың маңызы арта түседі деп тұспалдауда», - дейді сарапшы Дати.

 

Кремль Мадагаскардың жаңа билігімен қатынасты арттыруда. Мәскеу Мадагаскардың жаңа билігін қолдау үшін алдымен 40 әскери маман мен қару толы контейнерлер жіберді. Africa Intelligence жазуынша, Ресей «Промсвязьбанк» өкілдерін де Мадагаскарға жіберіп, сауда және қорғаныс саласы бойынша келіссөздер өткізген. Мадагаскардың жаңа президенті алғашқы сапарын Ресейден бастады. Әдетте бұл елдің басшылары шетелдік алғашқы сапарды Франциядан бастайтын. Франция ғасырлар бойы Мадагаскардың негізгі сауда серіктесі және бұрын аралды отарлаған империя саналып келді.

 

Өткен аптада Ресей Мадагаскарға кезекті қару-жарақ партиясын жеткізді. Оның ішінде атыс қаруы, бронды техника, әскери форма бар. Сонымен бірге Мадагаскар әскерін оқыту курстары ашылуда. Мадагаскарда ресейшіл партия да тіркеуден өткен.

 

Bloomberg басылымы былай деп жазды: «Ресей Мадагаскардағы өтпелі кезеңді сәтті пайдаланбақ. Бұл аралда әскери және экономикалық байланысты арттыру арқылы, Кремль Африка мен Үнді мұхитындағы бірқатар саясатқа әсер ете алады», - дейді.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар