Кеше кешкісін бір-біріне айбат шегіп, бұрын-соңды әлем көрмеген жойқын қаруларды қолданатынын айтқан АҚШ пен Иран түн ішінде бітімге келді. Бұл – уақытша бітім. Мерзімі – 14 күн. Арағайындық жасаған ел – Пәкістан.

(Сурет: rt-online.ru)
Ызу-қызу, тартысты-шиеленісті бұл келіссөздерге күш салған өзге елдер – Түркия, Мысыр мен Қытай болды.
ТАРАПТАР НЕ ДЕЙДІ?
Кеше АҚШ президенті Дональд Трамп жазба жариялап, 2 аптаға бітімге келіп, ұрысты тоқтататынын айтты. Бұл ақпаратты Иран тарабы да, Израиль тарабы да растады.
АҚШ-ТЫҢ СӨЗІ:
Трамп Иранмен арадағы соғысты екі аптаға тоқтатуға келісті. Бір шарт бар — Иран Ормуз бұғазын «толық, дереу және қауіпсіз түрде ашуға» келісімі беруі тиіс. АҚШ президенті өзінің «Truth Social» желісінде былай деп жазды:
«Біз барлық әскери мақсаттарымызға қол жеткіздік, тіпті ойлағаннан да асып түстік. Иранмен ұзақ мерзімді бейбітшілік туралы келісім жасасуға өте жақынбыз. Біз Иран тарапынан 10 тармақтан тұратын ұсыныс алдық және оны келіссөздер үшін қолайлы негіз деп санаймыз. Өткендегі барлық дерлік даулы мәселелер АҚШ пен Иран арасында келісілді. Ал осы екі апталық мерзім біржола келісімді түпкілікті пысықтап, бекітуге мүмкіндік береді», - деді.
ИЗРАИЛЬДІҢ СӨЗІ:
Израиль де аталған бітімді құптады. Премьер-министр Биньямин Нетаняху: «Израиль де екі апталық аралық бітімді құптайды. Бұл уақыт ішінде қарсылас тараптың аумағына соққы жасау тоқтатылады», - деді.
Ал Израильдің 12-ші арнасы бітімгершілік туралы – жұмсартып айтқанда Израильге бұл форматтың — мүлдем ұнамайтынын хабарлады. Бірақ шешімді Трамп қабылдаған.
ИРАННЫҢ СӨЗІ:
Ал Иранның Ұлттық қауіпсіздік кеңесі Трампты кекесінге ала отырып, былай деді: «Қарсыласымыз Иран халқына қарсы жүргізген әділетсіз, заңсыз әрі қылмыстық соғысында сөзсіз, тарихи және күйрете жеңілді», - деді.
Трамптың мәлімдемесінен кейін шамамен бір сағат өткен соң Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік жоғарғы кеңесі Тегеранның екі апталық атысты тоқтатуға және Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта бастауға келісетінін жариялады.
Арагчи кеме қатынасы «Иран Қарулы Күштерімен үйлестіре отырып және техникалық шектеулерді тиісті деңгейде ескере отырып» мүмкін болатынын атап өтті.
Иранның мемлекеттік телеарнасы Трамптың мәлімдемесін бірден дерлік хабарлап, жағдайды былайша ұсынды: «Трамп соғысты тоқтату үшін Иранның шарттарын қабылдап, екі апталық атысты тоқтату режимін жариялады». Сондай-ақ, оның бұл мәлімдемесі «антиирандық риторикадан қорлықпен шегіну» деп аталды.
ПӘКІСТАННЫҢ СӨЗІ:
Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф атысты тоқтату режимі «дереу» күшіне енгенін жариялады. Оның айтуынша, тараптар бұл шешімді Трамп қойған ультиматум мерзімі аяқталуға небәрі 10 минут қалғанда келіскен.
ҚАЗАҚСТАН БІТІМГЕРШІЛІКТІ ҚҰПТАЙДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф пен Пәкістан Қарулы күштерінің бас қолбасшысы, фельдмаршал Асим Мунирдің араағайындығы арқылы Таяу Шығыстағы соғысты толық тоқтату және бітімге келу туралы келісімге қол жеткізілуін құптайды. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бұл келісім АҚШ президенті Дональд Трамптың және Иранның жоғарғы басшылығының, сондай-ақ әскери қақтығысқа қатысқан елдердің ізгі ниеті мен парасаттылығының арқасында мүмкін болды. Мемлекет басшысы әлемдік сауданың дамуына және барлық мемлекеттің экономикалық өркендеуіне жағдай жасау мақсатында қол жеткізілген бітімгершілік келісімнің ұзақ мерзімді сипатқа ие болатынына үміт білдірді», - делінген хабарламада.
КЕЛІСІМ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?
АҚШ пен Иран арасындағы екі апталық келісімнің мән-жайы толық жарияланған жоқ. Десе де, АҚШ пен Иран Пәкістанның делдалдығымен уақытша бітімге келді. Трамп уәде еткен Ирандағы «қиямет қайым» орын алған жоқ. Мұнай бағасы 17%-ға құлдырады.
Бітімгершілік режимі Ливанға қолданылмайды. «AP» агенттігінің хабарлауынша, Қытай Тегеран билігіне АҚШ-пен атысты тоқтатуға келісу үшін қысым жасаған.
Иран Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, екі апта бойы Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз өту Иран әскерилерімен үйлестіру негізінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, Иран мен Оман бұғаз арқылы өтетін кемелерден ақы алатын болады.
10 ТАРМАҚТАН ТҰРАТЫН ҰСЫНЫС НЕ ТУРАЛЫ?
Дональд Трамп өз жазбасында 10 тармақтан тұратын ұсыныс туралы айтып өткенімен, оның толық мазмұнын Иранның мемлекеттік телеарнасы таратты. Олардың мәлімдеуінше, бұл тармақтар төмендегідей:
1) Ирак, Ливан және Йемендегі соғысты толық тоқтату.
2) Иранға қарсы соғысты уақытша шектеусіз, толық әрі тұрақты түрде тоқтату.
3) Бүкіл аймақтағы барлық қақтығыстарды тоқтату.
4) Ормуз бұғазын ашу.
5) Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының еркіндігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін хаттама мен шарттар белгілеу.
6) Иранға қалпына келтіру шығындарын толық көлемде өтеу (компенсация төлеу).
7) Иранға салынған санкцияларды алып тастауға толық бейілділік.
8) Америка Құрама Штаттары бұғаттаған Иранның ақшалай қаражаттары мен активтерін босату.
9) Иран ядролық қарудың кез келген түріне ие болуға ұмтылмауға толық міндеттеме алады.
10) Осы шарттар мақұлданғаннан кейін барлық майдандарда атысты дереу тоқтату режимі күшіне енеді.
Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғарғы кеңесі өз мәлімдемесінде АҚШ келісті деп болжанатын тағы бірқатар шарттарды атап өтті:
* Иранға қарсы «агрессияны» қайталамауға кепілдік беру;
* Ормуз бұғазына Иранның бақылауын сақтап қалу;
* Уранды байытуды қабылдау;
* Барлық санкцияларды — алғашқы (primary) және кейінгі (secondary) — алып тастау;
* БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен МАГАТЭ-нің (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік) барлық резолюцияларының қолданысын тоқтату;
* Америка әскерін аймақтан шығару;
* Барлық майдандарда, соның ішінде «Ливандағы исламдық қарсыласу» күштеріне қарсы соғыс қимылдарын тоқтату.
АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер Пәкістанның астанасы Исламабадта өтеді. Кеңес мәлімдемесінде бұл үдеріске 15 күннен аспайтын уақыт берілетіні айтылған.
Mezgil.kz