ОА5+1 форматы: Украина Орталық Азиямен ықпалдастыққа мүдделі

Соңғы жылдары Орталық Азия аймағына деген халықаралық қызығушылық айтарлықтай күшейді. Әсіресе Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғалы бері бұл өңірге әлемдік державалардың назары бұрынғыдан да жиі ауа бастады.

1775467199649743.jpg

(Суреттер: fergana.agency, stanradar.com)

Бұған дейін Орталық Азия көбіне Ресей мен Қытайдың ықпалындағы кеңістік ретінде қабылданса, қазір бұл аймаққа АҚШ, Еуропалық одақ, Түркия, Жапония, Оңтүстік Корея және өзге де ірі ойыншылар белсенді түрде бет бұрып отыр. Оның басты себептері түсінікті: географиялық орналасуы, транзиттік дәліз ретіндегі маңызы, логистикалық әлеуеті мен табиғи ресурстары Орталық Азияны жаңа геосаяси мүдделер тоғысқан маңызды аймаққа айналдырды.

Осы өзгерістер аясында Украина да Орталық Азиямен байланысын жаңа деңгейге көтеруге ниетті екенін байқатты. Киев аймақ елдерімен ынтымақтастықты С5+1 форматы арқылы дамытуға мүдделі. Бұл жөнінде Украина сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Мищенко Өзбекстанға жасаған сапары кезінде мәлімдеді.

Украина тарапы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанды жеке мемлекеттер ретінде ғана емес, біртұтас өңірлік кеңістік ретінде қарастыратынын ашық айтты. Яғни Киев енді Орталық Азиямен жұмыс істеуде ортақ аймақтық тәсілге басымдық бермек. Мұндай ұстаным, бір жағынан, дипломатиялық байланысты жүйелеуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан, Украина үшін аймақпен ұзақмерзімді әріптестіктің негізін қалыптастыруы мүмкін.

С5+1 форматы бұған дейін Орталық Азия елдерінің АҚШ, Еуроодақ және басқа да серіктестермен өзара іс-қимыл жасауында тиімді алаң ретінде қолданылып келеді. Енді Украина да осы тәжірибені пайдалануға қызығушылық танытып отыр. Бұл – Киевтің сыртқы саясаттағы өңірлік бағытын кеңейтуге талпынысының бір көрінісі деуге болады.

Орталық Азиямен байланысты күшейту мақсатында Украина Сыртқы істер министрлігінің құрылымында арнайы жеке бөлім де құрылған. Бұл бағыттағы жұмыстың күшейгенін Александр Мищенконың Қазақстан мен Өзбекстанға сапарынан да аңғаруға болады. Ташкентте украиналық делегация Өзбекстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарымен келіссөздер жүргізіп, екіжақты қарым-қатынастың келешегі мен бірқатар саладағы ықтимал серіктестікті талқылаған.

Украина тарапы Өзбекстанның елдің аумақтық тұтастығын қолдауға қатысты ұстанымын да ерекше атап өтті. Киев үшін бұл мәселе халықаралық серіктестермен қарым-қатынастағы басты принциптердің бірі болып қала береді. Сонымен қатар, украиналық дипломат екі елдің халықаралық құқық нормаларына сүйенетінін айтып, бұл бағыттағы көзқарастарының ұқсас екенін жеткізді.

Жалпы, бұл қадамды Орталық Азияға қатысты жаңа дипломатиялық белсенділіктің бір бөлігі ретінде бағалауға болады. Қазір аймақ ірі державалардың ғана емес, сонымен қатар өз сыртқы саяси позициясын кеңейтуді көздейтін мемлекеттердің де назарында. Осы тұрғыдан алғанда, Украинаның С5+1 форматына қызығушылық танытуы – Орталық Азияның халықаралық аренадағы маңызы артып келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетеді.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар