50 мың әскер сап түзеді: АҚШ пен Иран Харк үшін қанқасап соғысқа дайындалуда...

Әңгіменің әлқиссасын Ақ үй қожайынының соңғы сөздерінен бастасақ, Дональд Трамп Иран мұнайына иелік еткісі келетінін ашық айтты. Жексенбі күні президент Трамп «Financial Times» басылымына көлемді сұхбат берді.

1774856358907252.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Сол сұхбатында президент Трамп Иран мұнайына толық иелік еткісі келетінін және Иран мұнай экспортының 90 пайызы ағылып жатқан Харк аралын басып алу жоспары бар екенін айтты. Ол Иран мұнайын барымталау идеясын Венесуэла көшбасшысы Николас Мадуроны тұтқындау операциясымен салыстырып, түптің-түбі Теһеран мұнайын өз бақылауына алу жоспары күшінде екенін айтты.

ТРАМП: ИРАННЫҢ МҰНАЙЫН ТАРТЫП АЛЫП, ХАРКҚА БАСЫП КІРЕМІЗ!

Сөзбе-сөз: «Шынымды айтсам, мен Иранның мұнайын тартып алғым келеді. Бірақ АҚШ-тағы кейбір ақымақ адамдар: «Бұл не үшін керек?» — деп байбалам салуда. Олар — ақымақ адамдар», - деді Трамп.

Сонымен қатар, Ақ үй қожайыны Уашингтоннның Харк аралын басып алу үшін жерүсті операция бастау мүмкіндігі жайлы айтып: «Біз жуырда Ираннан Харк аралын тартып алуымыз мүмкін. Олай етпеуіміз де мүмкін. Бізде қазір талқыланып жатқан нұсқалар көп. Бір белгілісі – бізге қазір сол жақта ұзағырақ бола тұру керек», - деді.

КЕЛІССӨЗДЕР: ПӘКІСТАН АРАҒАЙЫНДЫҚ ЖАСАЙ АЛА МА?

АҚШ президенті Трамп өз сұхбатында, қазір Иран билігімен жанама түрде келіссөздер жүргізіліп жатқанын растады. Оның сөзінше, арағайындық жасаушы тарап – Пәкістан.

Трамп: «Қазір Пәкістан эмиссарлары арқылы жүріп жатқан АҚШ-Иран келіссөздерінде әжептәуір алға жылжу байқалады», - деді.

Сонымен қатар, Трамп екіарадағы ұрыс қимылдарын тоқтату туралы келісім айтып: «Біз қазір Ирандағы 13 мыңға жуық нысананы бомбалап тастадық. Қазір көздеп отырған тағы 3 мыңға жуық нысана бар. Соларды аяқтасақ, келісімге жылдамырақ қол жеткізуге болады», - деді.

Бұған дейін Трамп Иранға келісімге келуге 48 сағат уақыт беріп, артынша ол ультиматум мерзімін 6 сәуірге дейін ұзартқан еді. Трамп тіпті: «Егер Теһеран Ормузды бұғаттан босатпаса, ұрысты тоқтату туралы келісімге келмесе, АҚШ шарттарынан бас тартса, онда АҚШ Иранның энергетикалық нысандарының күл-талқанын шығарады», - деп сес көрсеткен.

ИРАННЫҢ ЖАУАБЫ: БІЗ ЖЕР ҮСТІНДЕ СОҒЫСУҒА ТАС-ТҮЙІН ДАЯРМЫЗ!

Бұл сөзді Иран Парламентінің спикері Мұхаммед Багер Галибаф айтты. Ол – Иран басшылығының аман қалған ең ықпалды өкілдерінің бірі болып саналады.

Ирандық «IRNA» агенттігі: «Иран құрлықтағы шабуылға тойтарыс беруге дайын. Иран әскері АҚШ сарбаздарының жерімізге аяқ басуып кіруін күтіп отыр. АҚШ жерүсті операциясын бастаған сәтте, қарсы соққы жасалады.

Қазір жауымыз ашық түрде келіссөздерге дайын екенін білдіріп, астыртын құрлықтағы шабуылдарын дайындап жатыр. АҚШ 15 тармақтан тұратын тізім ұсына отырып, өз талаптарын көлденең тартуда және соғыс барысында қол жеткізе алмаған нәрселеріне осылайша қол жеткізгісі келеді.

Қарсыластарымызға ескертеміз: Иран тізе бүкпейді. Теһеран өзін қорлатып, басындырып қоймайды. Біздің жауынгерлеріміз АҚШ сарбаздарының жерімізге аяқ басқан сәтін күтіп, дайын отыр. Жер үстінде соғысуға тас-түйін даярмыз», - деген Галибафтың үндеуін жариялады.

ТРАМП: ИРАНДА БИЛІК РЕЖІМІ АУЫСЫП ҚОЙДЫ...

АҚШ президенті Дональд Трамп соғыс басында және одан кейінгі соққылар кезінде Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменей мен басқа да көптеген жоғары лауазымды тұлғалар өлтірілгенін, осылайша, Иранда «билік режімін ауыстыру» жүзеге асырылғанын айтты.

«Қазір біз байланыс орнатып жатқан адамдар — мүлдем басқа топ. Олар өте кәсіби келіссөзшілер», - деді Трамп «Financial Time» басылымына берген сұхбатында.

Сонымен қатар, ол Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы Можтаба Хаменей туралы: «Аятолланың ұлы не өлді, не өте ауыр хәлде жатыр. Біз ол туралы ештеңе естімедік. Ол мүлде жоғалып кетті. Егер байқасаңыздар, режім ауысуы болып қойды. Өйткені бір режім жойылды, күл-талқаны шықты, олардың бәрі өлді. Келесі режімнің де басым бөлігі жоқ, ал үшінші режімге келсек, біз бұрын-соңды ешкім кездеспеген басқа адамдармен істес болып отырмыз. Бұл мүлдем бөлек топ. Сондықтан мен режім ауысты деп есептеймін және шынымды айтсам, олар өте білікті адамдар деп ойлаймын», - деді Трамп.

АҚШ ӘСКЕРІН ТОПТАУДА: 50 МЫҢ ӘСКЕР...

Ал БАҚ-тың хабарлауыншща, қазір Таяу Шығыс аймағына АҚШ әскерінің қосымша күштері жеткізілген. Бұған дейін АҚШ «USS Tripoli» әскери кемесімен 3,5 мыңға жуық әскери қызметкерін аттандырылған.

«Washington Post» басылымының мәліметінше, Пентагон Иранда бірнеше аптаға созылуы мүмкін құрлықтағы операцияларға дайындалып жатыр. Сонымен қатар, бұл операцияларды Дональд Трамптың мақұлдайтыны немесе мақұлдамайтыны әзірге белгісіз.

«New York Times» мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта Таяу Шығыс аймағындағы американдық әскерилердің саны 50 мыңнан асады.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар