Путин импершілдігі: Сорлаған тағдырлар һәм мектептегі улы идеология

Әйдік ойшыл Платоннан қалған бір сөз бар – «соғыстың соңын өлгендер ғана көреді», деген. Төртінші жылдан ұзап, бесінші жылға созылып бара жатқан Украинадағы қанқасап соғыстың соңын іздеп сандалған жұртқа жауап – нақ осы сөз боп тұр, қазір.

1774431997891595.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Ал ағылшынның атақты премьері Уинстон Черчилль: «Соғыс – өзгелердің мүддесі жолында мүлде жазықсыз жандардың құнбандыққа шалынуы», - дейді. Бұл да Ресейдегі, Кремльдегі жаңа империализмді тура сипаттайтын сөз.

РЕСЕЙДІҢ АДАМ ШЫҒЫНЫ: ТАҒДЫРЫ ОЙРАНДАЛҒАН 1,5 МИЛЛИОН

Күні-бүгінге дейін, тіпті қазір де Киевті тізерлетуді мақсат еткен Кремльдің дүт-дүлей һәм сұм саясатының жолында Украинаны айтпағанда, Ресейдің өзінде жүздеген мың жазықсыз жан құрбан болуда. «Неміс толқыны» жариялаған соңғы есепке көз салсақ: Ресейдің Украинадағы адам шығыны 1,29 миллион адамнан асып жығылған. Олардың 350 мыңнан астамы қаза тапқандар. Қалғандары жаралылар мен із-түссіз жоғалғандар есебінде.

Ресей әскері Украина жерінде тасбақа жүріспен жылжып келе жатқанын сарапшылар айтады. Ал сол жолда Ресейдің мобилизацияланған жүздеген мың жас сарбазы баудай түсіп, сұлап жатыр. Бұл да бұлтартпас факт!

Ал Украинада ше? Жүздеген мың жан Мәскеуден түскен бұйрықтың жазсықсыз құрбаны болды. Мыңдаған бейкүнә сәби оққа ұшып, жүздеген қалалар, елдімекендер тұтастай үйінді-қирандыға айналды. Украина жері қызыл қанға боялды. Ондаған мың жанұядағы азалы аналардың аңыраған дауысы әлемнің шартарабына жетті.

БҮГІНГІ РЕСЕЙ – БҮЛІНГЕН РЕСЕЙ!

Осының бәрі кім үшін? Әлбетте бірінші кезекте – Путиннің имперлік амбициясы үшін. Ал айыпты кім? Жалғыз Путин бе? Жоқ! Тұтас Ресей!

Кремль құрбаны болған саясаткер Борис Немцов пен ағылшынның бұрынғы патшайымы Елизавета ІІ-ші аз-кем тілдесіпті, бірде. Сонда патшайым Бористан: «Ресей мен Британияның айырмашылығы неде?», деп сұрапты. Бұған Борис: «Айырмашылық көп емес, екеуі де империя», - деп қысқа қайырыпты. Сонда патшайым: «Иә, империя болды. Бірақ, біз өз империялық амбициямыздан бас тартып, отар елдерге алдымен мандаттық, одан доминант, соңынан азаттық бердік. Ал, Ресей әлі сол империялық амбициясынан бас тартпады», - деп тамаша салыстыру келтірген екен.

Анығы бүгінгі Ресей – бүлінген Ресей! Өйткені, бүгінгі Ресейдегі еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейінгінің барлығы дерлік неоимпериализм дертіне шалдыққан. Тіпті, «Ресейдің ең либерал тұлғаларының өзі «импершіл» дегенді әзірбайжан саясаткері Рамис Юунусов айтып, біз «Mezgil.kz» ақпараттық порталында жариялаған едік.

«АТЫ ЖОҚ МЫРЗА ПУТИНГЕ ҚАРСЫ»

Жә, бұл әңгіменің жазылуына себеп болған жайт – өткенде АҚШ-та, Лос-Анжелесте әлемдік киноакадемияның басты марапаты саналатын 98-ші «Оскар» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Сонда «Үздік деректі фильм» аталымында бас жүлдені ресейлік билік пен Украинадағы соғысты өткір сынаған «Аты жоқ мырза Путинге қарсы» атты картина жеңіп алды.

Картина жоғарыда біз сөз еткен «бүгінгі бүлінген Ресейдің» тұрмысын тұп-тура, алып-қосапасыз сипаттайды. Тоз-тозы шыққан сұрлауыт һәм депрессивті Ресейдің шалғай жатқан елдімекеніндегі еркіндік өлген өмір жайлы картина.

Бұл фильмде бастан-аяқ еш бұқпасыз Кремльдің соғыс идеологиясы Ресейдің түкпір-түкпіріндегі мектептерде қалай насихатталатыны, сұм саясат қалайша кішкене балалардың миларын аяусыз улайтыны, жас балалар мен мектеп түлектерін соғыс машинасы қалай жұтып тынатыны, соғыс идеологиясының насихатшыларының қалай қошеметтелетіні, еркін ойлау қабілетінің қалай өлтірілетіні, баламалы пікірдің қалайша басып-жаншылатыны еш әсірелеусіз, қалай бар, солай баяндалады.

ПАВЕЛ ТАЛАНКИННІҢ ЖЕҢІСІ ҺӘМ ЖЕҢІЛІСІ

Бұл көркем фильм емес, деректі фильм. Және барлығы шынайы өмірде болған оқиға, бар адамдар. Басты кейіпкер – Павел Таланкиннің өзі.

Павел Таланкин — Ресейдің Челябі облысындағы Карабаш дейтін шап-шағын қалашықта (жан саны 10 мың адам) жалпы білім беретін мектепте сабақ берген педагог. 2022 жылдың ақпан айынан кейін, яғни Путиннің пәрменімен Ресей Украинаға қарсы толық күшпен соғыс бастаған уақыттан бері оқу орындарында жүргізілетін тәрбие сабақтарының барысын жасырын түрде бейнетүсірілімге түсіріп отырған. Бастапқыда бұл материалдар жергілікті билікке жүргізіліп жатқан идеологиялық насихаттар бойынша есеп беру үшін керек болған. Кейін олар маңызды деректі дәлелге айналып, Таланкин сол материалдарды топтап, Кремльдің соғыс идеологиясы Ресей мектептерін қалай улап жатқаны жайлы деректі фильмге айналдырады.

Бұл фильмнің басты кейіпкері – Павел Таланкиннің өзі болғанымен, ондағы әрбір кейіпкер – басты кейіпкерге айналған. Мысалы: Жалғыз бауыры соғысқа аттанған Машаның тағдыры немесе кеше ғана мектепті тәмамдаған Артем мен Иванның соғыс жалмаған тағдырлары, сол сияқты Советтік қандықол саясаткерлерді пір көретін тарихшысымақ – Абдулмановтың өмірі т.б. жеке-жеке бас кейіпкерлікке татиды дер едік.

Фильмдегі цитаталардан: «Мен еркіндігі өлген қоғамның өкілімін», «Мен олардың ойын ережесімен өмір сүруге мәжбүрмін» немесе «Бүгін Екіншідүниежүзілік соғыста өлген аталарының портреттерін көтеріп шерулеткен жастар ертең өздері де сондай портретке айналарын білмейді-ау» деген сөздер есті адамға көп ой салары анық...

Талаинкиннің жеңісі – ол алып Ресейдің бір қиыр түкпірінде, ешкімге аты-заты беймәлім мұғалім бола тұра, Кремльдің соғыс насихаты бүкіл Ресей мектептерін қалай улағанын күллі әлемге ашық һәм еш қоспасыз әшкерелеп бергені.

Ал Таланкиннің жеңілісі – ол ақырында жалғыз, жарымжан анасын тастап, өзі өлердей сүйетін Ресейден біржола кетуі.

Осылайша, Павел Талаинкин «жеңімпаз» бола тұра ойсырай жеңілген адам болып шығады.

Осы фильмнің со-авторы америкалық режиссер Дэвид Боренштейн: «Бұл лента адамның өз Отанын қалай жоғалтатыны жайлы сыр шертеді. Бұл үнсіздік пен ымырашылдықтың салдарынан болатын құбылыс», - дейді.

Бұл фильм мектептегі насихат арқылы Ресейдің болашағы қалай жоғалғанын және Кремль идеологиясы Ресейдің әрбір адамының қанына сіңіп кеткенін көрсетеді. Бір ауыз сөзбен айтқанда, жоғарыдағы біздің пайымымызды дәлелдейтін туынды...

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар