Биомедициналық империализм: Африканың денсаулығы саудаға түсе ме?

АҚШ пен Африка елдері арасындағы денсаулық сақтау саласындағы жаңа келісімдер әлемдік саяси кеңістікте үлкен дау тудыруда. Сарапшылар мұны «биологиялық экстракционизм» — заманауи колониализмнің жаңа түрі деп атап жатыр.

1774251847804502.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Соңғы мәліметтер бойынша, Уашиңгтон африкалық он жетіден астам мемлекетпен жалпы құны 20 миллиард долларға жуықтайтын меморандумдарға қол қойған. Алайда, Уашингтонның бұл жомарттығкының астарында қауіпті һәм ауыр талаптар бар. Ол – АҚШ-тың бұл қаржыландыруына қол жеткізу үшін Африка елдері өз азаматтарының құпия медициналық деректері мен қауіпті патогендердің үлгілерін АҚШ-қа шектеусіз беруі тиіс.

ЗИМБАБВЕ МЕН ЗАМБИЯНЫҢ ҚАРСЫЛЫҒЫ

Ақпан айының соңында Зимбабве үкіметі АҚШ-тың 367 миллион долларлық көмегінен бас тартты. Зимбабве астанасы Хараре бұл келісімді «тең алмасу емес» деп бағалады. Себебі, АҚШ деректерді алғанымен, сол деректер негізінде жасалатын болашақ вакциналар мен дәрі-дәрмектерге Зимбабвенің тең құқылы қол жеткізуіне кепілдік бермеген.

Замбия билігінің қарсылығы да осыған ұқсас. 1 миллиард долларлық жоба аясында Замбия тек деректерді беріп қана қоймай, бюджетінен 340 миллион доллар қоса қаржыландыру бөлуге міндеттелді.

Биотехнология дәуірінде биологиялық үлгілер мен геномдық деректер алтынмен тең. Бұл деректер:

*Жасанды интеллект арқылы дәрі жасауға;

*Фармацевтикалық патенттер алуға;

*Пандемияға қарсы вакциналар өндіруге қажет.

Әлемдік биотехнология секторы 2030 жылға қарай 3,88 триллион доллар табыс әкеледі деп болжануда. Африка елдері тек «ғылыми шикізат» жеткізушісі болып қалып, ал пайданы Батыстың алып компаниялары көруі мүмкін деген қауіп басым.

ТАРИХ ҚАЙТАЛАНУДА МА?

Бұл жағдай ХХ ғасырдағы отаршылдық кезеңіді еске түсіреді. Солтүстік Нигериядағы 1996 жылғы «Pfizer» компаниясының «Трован» препаратын балаларға заңсыз сынауы немесе француз отаршыларының экваторлық Африкадағы адамдарға жасаған эксперименттері ел жадынан ұмытыла қойған жоқ.

Сарапшылардың пікірінше, Африка елдері АҚШ-пен жеке-жеке емес, Африка Одағы секілді ұйымдар арқылы ұжымдық келіссөз жүргізуі керек. Денсаулық сақтау мәселесінде дербестікті сақтап қалу үшін «деректер берілсе, технология да тең бөлінуі тиіс» деген принцип басты орынға шығуы қажет.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар