Иран: Дұшпандарымыздың дәті жетсе, Ормуздан өтіп көрсін!

Күні кеше Mezgil.kz ақпараттық порталында «Ормузды ашу үшін Трамп көмек сұрады. Одақтастар Ақ үйге арқасын қаратты ма?» атты мақала жариялаған едік. Осыдан көп өтпей-ақ, АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО мен Оңтүстік Шығыс Азиядағы әріптестеріне өкпелеп, ұзын-сонар жазба жариялады.

1773824914248074.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Онда АҚШ президенті Трамп Уашингтонның НАТО-дағы одақтастарына өкпесі қара қазандай екенін білдірген.

ТРАМПТЫҢ ӨКПЕСІ: ЕШКІМНІҢ КӨМЕГІ КЕРЕК ЕМЕС!

«НАТО-дағы одақтастарымыздың басым бөлігі Таяу Шығыстағы Иранның террористік режиміне қарсы әскери операциямызға қатысқысы келмейтінін бізге хабарлады. Соған қарамастан, іс жүзінде барлық елдер біздің әрекеттерімізбен және Иранның ешбір жағдайда ядролық қаруға ие болмауы керектігімен толық келіседі.

Бұл мені таңғалдырмайды, өйткені мен әрқашан НАТО-ны біржақты қозғалыс жүйесі деп санадым. Біз осы елдерді қорғау үшін жылына жүздеген миллиард доллар жұмсаймыз, бірақ олар бізге қайтарым ретінде ештеңе жасамады. Әсіресе, бұл өте қажет болған сәтте.

Бақытымызға орай, біз Иранның әскери әлеуетіне күйрете соққы беріп үлгердік. Олардың флоты мен әскери-әуе күштері жойылды, әуе шабуылына қарсы қорғаныс және радиолокациялық жүйелері істен шықты. Ең бастысы — олардың барлық жоғарғы шенді басшыларының көзі жойылды. Енді олар ешқашан бізге де, Таяу Шығыстағы одақтастарымызға да, бүкіл әлемге де қауіп төндіре алмайды.

Біздің әскери табыстарымызды ескерсек, бізге НАТО елдерінің көмегі бұдан былай қажет емес. Ол бізге ешқашан керек болған да емес. Бұл Жапония, Австралия және Оңтүстік Кореяға да қатысты.

Әлемдегі ең қуатты мемлекет — АҚШ Президенті ретінде айтарым — біз ешкімнің көмегіне мұқтаж емеспіз!», — деп жазды ол Truth Social әлеуметтік желісінде.

Айта кетейік, осыған дейін Трамп Ормуз бұғазының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін НАТО елдерінен және Жапония мен Оңтүстік Корейдан көмек сұрап, коалиция құруды ұсынған.

Алайда, Ұлыбритания, Жапония, Франция мен Оңтүстік Корей және Германия Трамптың ұсынысынан сыпайы түрде бас тартқан.

ИРАН: ОРМУЗДАН КЕМЕ ӨТКІЗУ-ӨТКІЗБЕУДІ БІЗ ШЕШЕМІЗ!

Ал бүгін Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи «Al Jazeera» арнасына сұхбат беріп, Ормуз бұғазын Теһеран стратегиялық аумақ деп санайтынын және өз мүддесін қорған үшін кез келген мақсатта қолданатынын айтты.

«Әлбетте, біз өз дұшпандарымызға Ормузды пайдалануға жол бермейміз», - деді Аракчи.

Ормуз бұғазы — Иран мен Оман арасындағы Парсы шығанағын Оман шығанағымен және Үнді мұхитымен жалғастыратын тар теңіз өткелі. Бұғаз арқылы әлемдік мұнайдың шамамен 20%-ы тасымалданады. Бұл Азия мен Еуропа үшін маңызды бағыт. Блокаданың ақыры нарықта энергия ресурстары бағасының күрт өсуіне және жаһандық тапшылыққа әкеп соғуы мүмкін.

ИРАН: БІР АДАМНЫҢ ҚАЗАСЫ ИРАНДАҒЫ САЯСИ ЖҮЙЕНІ ӨЗГЕРТЕ АЛМАЙДЫ!

Иран СІМ бастығы Аббас Аракчи сондай-ақ, Ирандағы ең ықпалды адамдардың бірі, марқұм болған Иран аятолласы Әли Хаменейдің оң қолы саналып келген Иран Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Ларижанидің қазасы туралы да айтты.

«Ларижанидің қазасы Ирандағы саяси билік жүйесін еш әлсіретпейді. Менің бір түсінбейтінім – америкалықтар мен израильдіктер әлі күнге дейін Иранда қуатты саяси, экономикалық және әлеуметтік институттар қалыптасқанын, оны оңайлықпен құлата салу мүмкін емес екенін түсінбей отырғаны. Бір адамның қазасы жүйеге тұтас әсер етпейді. Егер Иранның Сыртқы істер министрі шейіт болса, орнына басқасы тағайындалады. Жүйен солай жалғаса береді», - деді Аббас Аракчи.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар