Еуропалық одақтың санкциялар жөніндегі халықаралық арнайы өкілі Дэвид О’Салливанның мәлімдеуінше, қазіргі таңда Қазақстанға қатысты санкциялық қауіп жоқ.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Оның айтуынша, ЕО-ның 20-санкциялық пакетін келісу процесі жүріп жатқанымен, қазақстандық компанияларды санкция тізіміне енгізуге негіз болатын проблемалық жайттар анықталмаған. Сонымен қатар, Қазақстан мұнайына ешқандай шектеу қойылмаған. Сондықтан қазақстандық мұнай Еуропаға кез келген маршрутпен, соның ішінде «Дружба» құбыры арқылы да еркін жеткізіле алады.
НӘТИЖЕСІЗ КЕЛІССӨЗ: ПРЕЗИДЕНТТЕР КЕЗДЕСПЕЙ МӘСЕЛЕ ШЕШІЛМЕЙДІ
Алайда бұл мәлімдеме барлық күмәнді толық сейілтпейді. Себебі Ресейдің Украинаға қарсы соғысы бесінші жылға аяқ басты. Кремль қысқа мерзімде нәтижеге жетеміз дегенімен, соғыс әлі тоқтаған жоқ. АҚШ-тың арағайындығымен келіссөздер ұйымдастырылғанымен, нақты шешімге келу әзірге қиын болып тұр. Әсіресе жер мәселесі секілді күрделі түйіндер мемлекет басшыларының тікелей келіссөзінсіз шешіле қоймайды.
Осы аралықта Батыс елдері Ресейге қарсы санкциялық қысымды күшейте түсті. Еуропалық одақ Ресейге қарсы шектеулерді 2014 жылдан бері қолданып келеді. Ал 2022 жылғы соғыстан кейін бұл саясат бірнеше есе күшейді. 2023-2025 жылдары ЕО кемінде 19-пакетке дейінгі жаңа санкциялық пакеттерді қабылдап, Ресейдің қаржы жүйесіне, энергетика саласына, мұнай-газ секторына, әскери-өнеркәсіптік кешеніне, көлік-логистикасына, банктеріне, порттарына, медиасына және санкцияларды айналып өту арналарына шектеу енгізді.
АҚШ САНКЦИЯЛАРЫ: РЕСЕЙГЕ ҚЫСЫМ КҮШЕЙДІ МЕ, АЗАЙДЫ МА?
АҚШ-та Еуроодақтағыдай нөмірленген санкция пакеттері жоқ. Дегенмен 2023-2024 жылдары Вашингтон да Ресейге қарсы бірнеше ірі санкциялық раунд өткізді. Атап айтқанда, 2023 жылғы мамырда 300-ден астам, 2024 жылғы ақпанда 500-ден астам, мамыр мен маусымда тағы жүздеген, тамызда шамамен 400, қазанда 398-400 нысанаға шектеу салынды. Бұл санкциялар Ресейдің банк жүйесін, Moscow Exchange алаңын, энергетика, металлургия, IT-қызметтер, dual-use технологиялар секторын, сондай-ақ Ресейдің әскери-өнеркәсіптік базасын қолдайтын үшінші елдердегі компанияларды да қамтыды.
Ресей мен кейбір мемлекеттер Батыстың біржақты санкцияларын заңсыз немесе легитимсіз деп бағалайды. Алайда Еуропалық одақ пен АҚШ бұл шараларды өздерінің ішкі құқықтық тетіктері арқылы ресми түрде қабылдап, оны сыртқы саясаттағы заңды құрал ретінде қолданып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, мәселенің негізгі түйіні – санкциялардың тікелей емес, жанама әсерінде. Өйткені Қазақстан мұнай экспортының шамамен 80 пайызы Ресей аумағы арқылы өтетін Каспий құбыр консорциумы (CPC) бағытымен тасымалданады. Яғни, Қазақстан мұнайының өзіне шектеу қойылмаса да, Ресейге қатысты логистикалық, техникалық немесе қаржылық шектеулер жанама түрде қазақстандық экспортқа әсер етуі мүмкін.
Mezgil.kz