Қытай Ресейді экономикалық тұрғыдан жаулап алуда...

Украинаға қарсы толық күшпен соғыс бастаған 2022 жылдан кейін Ресей экономикасы күрделі өзгерістерді бастан кешіруде. Мәскеуге бағытталған мая-мая санкциялардан кейін, Батыс брендтері жаппай Ресей нарығынан кетті. Ал босап қалған орындарға Қытай бизнесі белсенді түрде орнығуда.

1773544584597117.jpeg

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

РЕСЕЙДІ ҚЫТАЙ КОМПАНИЯЛАРЫ ЖАУЛАП ЖАТЫР...

Құрғақ сөз, жұтаң әңгіме болмасын: 2021 жылдың желтоқсанынан 2026 жылдың ақпанына дейінгі аралықта Ресейде Қытайдың қатысы бар компаниялар саны 10 есеге өскен. Ресей нарығында бар барлық шетелдік компаниялардың ішінде Қытайдың үлесі 3,6 пайыздан 22,3 пайызға бірақ жеткен. Әсіресе, 2025 жылы Қытай компаниялары Ресейге үдере көшіп барған. Бір жылда Ресейде 4 мыңнан астам жаңа қытайлық компания тіркелген.

Ресейдегі қытайлық бизнес – ол ашылып жатқан су жаңа компаниялар ғана емес, сонымен қатар Ресейде бар, бірақ өздігінен өмір сүре алмайтын дайын компанияларды жаппай сатып алу арқылы да қаптауда.

МӘСКЕУДІҢ ДАБЫЛ ҚАҒУЫ: ҚЫТАЙ ҚАПТАҒАН САЛАЛАР

Ресейлік сарапшылардың пікірінше, Қытай компаниялары Ресейде негізінен сауда, әсіресе интернет-сауда мен маркетплайстер секторында көбейген. Қытай ресейлік маркетплейстердегі трансшекаралық сауданың шамамен 80%-ын иеленген. Нақты статистикаға сүйенсек, Ресей нарығындағы платформаларда әрбір бесінші сатушы — Қытайдан келген кәсіпкер екен.

Батыс сарапшылары: «Бүгінгі Ресей Қытайдың шикізаттық қоймасына айналған», - деп жазуда. Ал Ресейлік сарапшылар: «Қытай Ресейді экономикалық тұрғыда жаулап алуда», - деп дабыл қағуда.

РЕСЕЙ СОҒЫСҚА ҚАНША АҚША ЖҰМСАУДА?

Тақырыпқа тұздық: Украинаға қарсы агрессия себебінен экономикасы тұралаған Ресей билігі қазірдің өзінде соғысқа Ресейдегі кедейлік шегінде өмір сүретін барлық азаматтарының табысынан 5 есе көп ақша жұмсауда.

Росстаттың ресми деректеріне сүйенсек, Кремль соғысқа жұмсалған қаражатты елдегі 10 млн-нан астатын кедейлерді қолдауға бағыттағанда, Ресейде кедейлер болмайтын еді-мыс.

Өткен жылдың соңында РФ Қорғаныс министрі Андрей Белоусов Ресейдің соғысқа қанша қаражат жұмсап жатқанын ашық айтты. Қорғаныс министрлігінің алқа мәжілісінде ол министрлік шығындары өткен жылы ЖІӨ-нің 7,3%-ын құрағанын, оның ішінде «тікелей ұрыс қимылдарымен байланысты емес» шығындар — ЖІӨ-нің 2,2%-ы екенін хабарлады.

Ал Росстат өткен жылғы Ресейдің ЖІӨ-мін 213,5 трлн рубль деп бағалаған. Демек, соғысқа тікелей 10,9 триллион рубль жұмсалған.

Дейтұра, РФ Қаржы министрлігі 2026 жылдың басында бюджет тапшылығының ұлғаюына жол бермеу үшін шығындарды 10%-ға қысқарту қажеттілігін хабарлады. Министрлік бұл бастама мемлекеттік қарыз алудың қосымша көлемін болдырмауға мүмкіндік беретінін, мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз ететінін және ақша-несие саясатының қатаңдауына әкеп соқпайтынын атап өтті.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар