Украина жеріндегі соғыс жылжымайтын мүлік нарығында үлкен өзгеріс жасады. Соғыс алаңына жақын аймақтарда үй бағасы арзан болса, Украинаның батыс аймақтарында үй бағасы аса қымбат. The Economist бұл туралы мақала жазды.

(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Соғысқа дейін Украинаның барлық аймағындағы үй бағасы салыстырмалы түрде ұқсас еді. Киевте үй бағасы қымбат болды. Украинаның орталық бөлігінде баға ұзақ жылдар бойы бірқалыпты болса, Одесса іспеттес жағажайы бар, теңіз аймағындағы қалаларда үй бағасы маусымға байланысты өзгеріп отырды. Ендігі таңда үйдің бағасын майдан даласынан қашықтық анықтайды. Киевтегі үйдің бағысы ендігі таңда қорғаныс кешендерінен, мемлекеттік ғимараттардан алыс/жақындығына байланысты бағалануда.
Соғысқа дейін Киевтегі Lviv Quarter тұрғын үй кешені қымбат, элиталық үй саналды. Алайда 2022 жылдан бастап, бұл кешенге кемі 11 мәрте дрон не зымыран жарқыншағы түскен. Себебі аталған тұрғын үйдің жанында зымыран бөлшектерін шығаратын зауыт орналасқан. Соғысқа дейін бұл үйдегі пәтердің құны орта есеппен 190 мың доллар болса, ендігі таңда ол 120-150 мың долларды құрайды. Енді пәтер сатып алушылар үйдің зымыран зауытына жақын орналасуына байланысты қосымша жеңілдік сұрауда.
Соғыс Украинадағы тұрғын үйдің бағасын тым түсіріп жіберген жоқ. Елдің батысында үй бағасы ішкі миграцияға байланысты, босқындардың көптігі себебінен тым қымбаттап кетті. Львовта үй бағасы шаршы метріне 1720 долларға жетіп, соғысқа дейінгі көрсеткішпен салыстырғанда 64%-ға көтерілді.
Елдің шығысындағы үй бағасы майдан шебі жақындаған сайын арзандауда. Ресей әскерінің артиллериясы қаланы атқылауға жететін тұсқа орналасқан сәтте, баға бірден құлдырай бастайды. Мұндай сәтте қалаға әскерилер топтасады. Мемлекет кей ірі кешендерді қойма ретінде сатып алады. Қала жартылай қирандыға айналғанға дейін, кей кешендер арзан бағаға болса да, сатылады.
Қазіргі таңда Донбасстағы украин әскерінің қолындағы ірі қалалар Краматорск пен Славянск. Бұл қалалар майдан шебінен 13 шақырым жерде орналасқан. Күн сайын дрон және артиллерия соққысына ұшырауда. Соған қарамастан, бұл қалаларда жалға берілетін пәтер құны әлі де қымбат. Краматорск қаласының кей тұсында бір айға пәтерді жалдау құны 1370 доллар болып тұр. Бұл қала қорғанысы үшін қаржының көп құйылуымен, әскерилер мен шетелдік тілшілердің көптеп келуімен байланысты.
Киевтің орталық бөлігінде де пәтер құны аспандап тұр. Шетелдік тілшілер, шетелдік саяси делегация Киевке жиі келуде. Бұл пәтер құнының қымбаттауына әсер етеді. Дрон немесе зымыран тиген пәтердің өзі жөндеуден өткен соң, бағасы шарықтап шыға келеді.
Украинаның екінші үлкен қаласы саналатын Харьковтегі пәтер құны да арзан емес. Қала майдан шебінен 30 шақырым жерде орналасқан. Қаладағы зауыттардың көбі соққы астында қалды. Ал студенттер елдің батысына кетті. Алайда пәтер құны айтарлықтай арзандаған жоқ. Кей азаматтар жаңа пәтер сатып алуда, ал кейбірі тіпті бизнес бастауда.
Сарапшылар Украинадағы соғыс аяқталған сәтте, мега құрылыс жобалар басталатынын айтуда. Қазірдің өзінде құрылыс компаниялары ірі қалалардан бос жерлерді және ескі ғимараттарды сатып алуға тырысуда.
Mezgil.kz