Қаңыраған қонақ үй, жұмыссыз қалған халық, сөнген жарық: Кубада не болып жатыр?

Куба билігі өте қиын жағдайға тап болды. Ел экономикасы бірнеше салаға байланған. Соның бірі туризм. Ондаған жылдар бойы Куба туризмді дамытуға тырысты. Туристер елге қаржы және шетелдік валютаны әкеледі. Алайда соңғы айларда Кубаға саяхаттап баратын туристер саны күрт азайды.


ChatGPT Image 9 мар. 2026 г., 14_10_17.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Туризм ел үкіметіне де, қарапайым халыққа да айтарлықтай табыс әкелді. Үкімет салық жинаса, халық қонақ үй мен асханалар ашып, такси мен гид қызметін ұсынып, кіші сауданы дамытты. 3-қаңтарда АҚШ Венесуэла басшысы Мадуроны күштеп ұстап әкеткеннен кейін, Куба билігі мұнайсыз қалды. АҚШ Венесуэла билігіне Кубаға мұнай жеткізуге тыйым салды. Тек Венесуэла билігіне ғана емес, Кубаға мұнай жеткізуге тырысатын барлық елге қосымша тариф енгізетінін айтты.

 

Бұл әрекеттен кейін, Кубада мұнай қоры сарқыла бастады. Ұшаққа арналған жанармай таусылуда. Елде электр энергиясын үнемдеу тіпті күшейді. Куба 1991 жылға тап болғандай күй кешуде. 1991 жылы КСРО құлаған сәтте, Кубада «Periodo Especial» деген атаумен қалған экономикалық дағдарыс болды. Себебі КСРО Кубаның негізгі демеушісі болатын.

 

7-ақпаннан бастап аралда энергияны үнемдеу саясаты күшейді. Жанармайға лимит қойылды. Ел басшысы Диас-Канель Трампты айыптап, «Кубаны қыспаққа алу арқылы халыққа геноцид жасамақ» деп мәлімдеді. 1962 жылдан бері АҚШ Кубаға тауар жеткізуге эмбарго қойған болатын.

 

Кубадағы туризм саласында қызмет ететін азаматтар өзге елге кетуге мәжбүр. Туризм саласында 300 мыңнан астам адам қызмет еткен. Олардың көпшілігі Перуге кетуде. Жанармай тапшылығы артқан сәтте, туризм саласының көптеген құрылымы тоқтап қалды. Қонақ үйлер, асханалар мен кофеханалар жанармай арқылы электр энергиясын алып, күн кешетін. Енді көпшілігі өз кәсібін жабуға мәжбүр.

 

2018 жылы Кубаға 4,7 млн турист келіп, рекорд орнады. Бұл елге қосымша 3 млрд доллар табыс әкелді. Алайда пандемиядан кейін, туристердің саны азайды. 2023 жылы Кубаға 2,4 млн турист келді. Олар Куба билігіне 1,3 млрд доллар табыс әкелді. ICEX мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы Кубаға 2,2 млн турист келген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда аз деген сөз. ONEI дерегіне сүйенсек, 2025 жылы Кубаға 1,8 млн турист келген екен. Осылайша Кубаға туристердің келуі жыл өткен сайын азайып келеді. Мемлекеттің энергетика саласындағы дағдарысы туризм саласына ауыр соққы жасауда. Алайда Трамптың шешімі бұл саланы түбегейлі құлдыратуы мүмкін.

 

Бірнеше күн бұрын Кубада Jet A1 авиациялық керосині таусылды. Бұл мәселе әуе компанияларының жұмысын толық тоқтатуы ықтимал. Ресей мен Канаданың әуе компаниялары Кубаға рейс жөнелтуді тоқтатуда. Ал аралда қалып қойған туристерді соңғы рейстермен эвакуациялап жатыр.

 

Cirium аналитикалық орталығының мәліметінше, сәуір айына дейін 1709 рейс толық тоқтатылуы ықтимал. Бұл Кубаға келетін жүздеген мың турист басқа елді таңдайды деген сөз. AFP басылымының жазуынша, соңғы апталарда Кубаға мұнай тасыған танкер келген емес. Бұл жағдайды тіпті қиындата түспек. Туристер Кубаның орнына Мексикадағы Канкун немесе Доминикандағы Пунта-Кана аймақтарын таңдауда.

 

Еуропа мен АҚШ-тың бірқатар әуе компаниялары Кубаға рейстерін әлі де жалғастыруда. Алайда ұшақтар қайта жанармай толтыру үшін ұзақ уақыт күтуде. Кубада шетелдік валюта да таусылу алдында тұр. 2020 жылға дейін шетелден Кубаға валюта аудару Western Union арқылы іске асатын. Бұл төлем жүйесі аралда 6 жыл бұрын жұмысын тоқтатты. Енді Кубаға доллар немесе еуроны тек туристер мен шетелден келген кубалықтар әкелуде. Олар өздерімен бірге аралда жоқ кей дәрі-дәрмекті де ала келуде.

 

Саясаттанушылардың болжамынша, Трамп әкімшілігі Кубаға қысым жасауды арттыра бермек және Ираннан кейінгі соққыны Куба билігіне жасауы мүмкін. Бұл қауіпті ескерген туристер мен әуе компаниялары да аралды айналып өтуге тырысуда.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар