Соңғы күндері жағдай АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққысынан кейін тіпті шиеленісе түсті. Оған жауап ретінде Иран Таяу Шығыстағы, Парсы шығанағы елдеріндегі АҚШ пен Израильдің әскери нысандарына соққы берді. Жағдай ушығып тұр. Осыған байланысты бейтарап саясатты ұстанатын Қазақстан қалай әрекет етті, біз осыған қысқаша тоқталайық.

(Суреттер: nur.kz, bbc.com)
ТАЯУ ШЫҒЫСТАҒЫ СОҒЫС: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰСТАНЫМЫ ҚАНДАЙ?
2026 жылдың 3 наурызында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдеме жасап, қақтығыстарды әскери жолмен емес, тек дипломатиялық және саяси тәсілдер арқылы шешу қажет екенін атап өтті. Ведомство Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысын және халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтауға шақырды.
Қазақстан барлық тараптарды сабырға шақырып, зорлық-зомбылықты одан әрі ушықтырмауға үндеді. Сонымен қатар елдің позициясы бейтарап екені ресми түрде мәлімделді – Қазақстан ешбір тарапты қолдамайды, соның ішінде Иранды да, оған қарсы әрекет етіп отырған елдерді де жақтамайды.
28 ақпанда ҚР СІМ-і Иран аумағында жүрген Қазақстан азаматтарына қауіпсіздік шараларын күшейтуді және мүмкіндігінше елден кетуді ұсынды. Дипломатиялық өкілдіктер штаттық режимде жұмыс істеп жатқаны хабарланды.
Аймақтағы жағдайдың ушығуына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекет басшыларымен телефон арқылы сөйлесті.
1 наурызда ол Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен (БАӘ Президенті) әңгімелесіп, Таяу Шығыстағы ахуалдың күрделенуіне алаңдаушылық білдірді.
2 наурызда Мемлекет басшысы Хамад бен Иса Әл Халифамен телефон арқылы сөйлесіп, Бахрейн халқына қолдау білдірді.
3 наурызда Хайсам бен Тариқ Әл Саидпен телефон арқылы байланысып, Оман халқына тілектестігін жеткізді.
Сонымен қатар Президент Қатар Әмірімен телефон арқылы сөйлесіп, аймақтағы ахуалды талқылады.
Бұдан бөлек, Абдалла II-ге хат жолдап, Иордания халқына қолдау білдірді.
Бұл қадамдар Қазақстанның бейтарап ұстанымды сақтай отырып, аймақтағы серіктес мемлекеттермен тұрақты диалог жүргізуге мүдделі екенін көрсетеді.
ҚАЗАҚСТАН ДИПЛОМАТИЯСЫНА КӨПВЕКТОРЛЫҚ ТА, МІНЕЗ ДЕ КЕРЕК!
Біз осы мәселе бойынша саясаткер Әміржан Қосаннан пікір сұрадық...
Саясаткер Қазақстан дипломатиясы үшін қазіргі жағдай үлкен сын екенін атап өтті. Оның айтуынша, баррикаданың екі жағында да Қазақстанмен өркениетті қарым-қатынас орнатқан мемлекеттер тұр. Сондықтан басты міндет – көпвекторлық саясатты сақтай отырып, ұлттық мүддеге нұқсан келтірмеу.
Қазақстан мүшесі болып отырған Түркі мемлекеттерінің ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы сияқты құрылымдар аясындағы міндеттемелер де ескерілуі тиіс.
Саясаткердің пікірінше, бейтараптық жалпақшешейлікке айналмауы керек. Қажет болған жағдайда, ұлттық мүддені қорғау үшін нақты позиция білдіру де маңызды. Әлемдік саясатта позициясыз бұлыңғыр, ретті жерде мінез таныта алмайтындарды сыйламайды дейді ол.
Қазіргі жағдайда Қазақстан үшін ең тиімді жол–халықаралық құқық нормаларын негізге ала отырып, бейтарап әрі теңгерімді саясат жүргізу. Бұл–бір жағынан, қақтығысқа тікелей араласпау, екінші жағынан, дипломатиялық белсенділікті күшейту.
Қазақстан геосаяси, экономикалық және логистикалық мүдделерін сақтай отырып, өңірлік тұрақтылыққа мүдделі ел ретінде әрекет етуде.
Mezgil.kz