ЕО Қырғызстанға санкция салмақ: Соттасамыз! Дауласамыз!

ЕО билігі Қырғызстанға санкция салатын болса, Бішкек бұл шешімді сот арқылы даулауға ниетті. Еурокомиссия Қырғызстанға маңызды тауар түрлерін жеткізуге тыйым салып, қаржылық секторын қыспаққа алуды ұсынуда. ЕО сарапшылары Қырғызстан билігі Ресейге көмектесіп, санкцияны айналып өтуге жағдай жасап отыр деп санайды. FT басылымы Қырғызстанның әрекетіне қатысты мақала жазды.


ChatGPT Image 3 мар. 2026 г., 14_13_53.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Қырғызстанның министрлер кабинетінің төраға орынбасары Данияр Амангелдиев FT басылымына пікір білдіріп, Қырғызстанның санкциялық шешімдерді қатаң ұстанатынын айтты. Оның сөзінше, Брюссель санкциядан құтылу үшін нақты қандай қадамдар жасау керектігін ескертпеген көрінеді.

 

«Бұл шешім біздің имиджімізге әсер етеді. Егер шешім қабылданатын болса, онда біз оны сотта даулайтын боламыз. Біздің санкцияны сақтау үшін барымызды салғанымызға дәлеліміз бар», - дейді ол.

 

ЕО-ның құжаттарында Қырғызстанның тыйым салынған тауар түрлерін Ресейге реэкспорттағаны жазылған. Соның ішінде арнайы электронды жүйелер бар. Оларды қару саласына қолдануға болады. Құжаттарда Қырғызстанның ЕО-дан кей тауар түрін сатып алуы 800 пайызға артқаны көрсетіледі. Ал Ресейге тауар сатуы 1200 пайызға артқан. Сарапшылар бұл пайыздарға қарап, «Қырғызстан Еуропадан тауар алып, оны Ресейге жөнелтіп отыр» деп санайды.

 

Амангелдиев Еуропадан тауардың артуын ірі бірнеше келісіммен түсіндірді. Мысалы Қырғызстанға гидроэлектрстанциясын салуға қажетті құралдарды алып жатырмыз дейді. Ол Қырғызстан арқылы Ресейге кей тауар түрі өткенін растады. Алайда оны тоқтату үшін нақты шешімдер мен әрекеттер жасалып жатыр дейді. Сол үшін де ол жанама санкциялар тұтастай елге емес, жекелеген компанияларға бағытталуы тиіс деп санайды.

 

«Біз бұл қақтығыста отқа май құюға ниетті емеспіз. Сол үшін де біз тыйым салынған тауар түрлерін өзге елге жеткізбейміз», - дейді ол. Еуропа елдері Қырғызстанның Ресейге көмегі жайлы соңғы бір жылда үздіксіз айтуда. Соның ішінде криптонарық арқылы санкцияны айналып өту де бар.

 

ЕО-ның санкциялар бойынша арнайы өкілі Дэвид О’Салливан Қырғызстан үкіметімен соңғы бірнеше айда үздіксіз келіссөз жүргізіп жатыр. Ол өткен аптада Бішкекке сапарлап келді. «Біз Қырғызстанның Ресеймен экономикалық, сауда байланысы болмасын демейміз. Біз тауар қатынасы сәтінде санкцияны бұзбасын дейміз», - деді арнайы өкіл.

 

ЕО елдерінің Ресейге қарсы 20-шы санкциялық пакеті әлі күшіне енген жоқ. Санкцияны Венгрия билігі бұғаттап тұр. Алайда санкция жақын аралықта күшіне енуі мүмкін. Дәл осы санкциялық пакетке Қырғызстанға қарсы да санкция қосылуы тиіс еді.

 

Амангелдиевтің сөзінше, Қырғызстанға қарсы санкция салу елдің имиджін бұзып, экономикасына соққы жасайды. Ол Ресеймен тығыз экономикалық байланыста екенін айтып, мәселені байыпты қарауға шақырды.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар