Politico Exclusive бөлімі Илон Масктың Украина аумағында тіркелмеген Starlink терминалдарын сөндіру шешімінен кейін, қандай өзгеріс болғанын жазды. Бұл шешім майдан даласында бірқатар өзгеріске әкелген.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Politico Exclusive бөліміне сараптама жазған тілшілер, майдан даласына барып, зерттеу де жүргізген. Starlink терминалдары сөндірілген соң, ресейлік тарапта байланыс қиындағанын аңғарған. Ресейлік арналардың бірі «бізде енді рациялар, кабельдер мен кептерлер ғана қалды» деп жазған болатын.
Ақпан айының басында SpaceX компаниясы тіркелмеген Starlink терминалдарын сөндіру туралы шешімін іске асыра бастады. Украинаның барлау қызметі бұл шешімнен кейін, майдан даласындағы ресейлік әскери бөлімшелерде хаос басталғанын аңғарған. Олар бұл ақпаратты Axel Springer Global Reporters Network жүйесіне де берген. Байланыс қиындаған сәтте, ресейлік тараптың мүмкіндігі азайып, Украина тарапы біршама тұста қарымта соққы жасады. Алғашқы күні Украина әскері елдің оңтүстік-шығысында 77 шаршы шақырым аумақты азат еткен.
SpaceX компаниясы 4-ақпаннан бастап Starlink терминалдарының верификациясын талап етті. Салдарынан көптеген ресейлік бөлімшенің терминалы сөндірілді. Ресейлік әскери арналар майдан даласында байланыстың нашарлап, барлаудың қиындап кеткенін жарыса жазып жатты.
Украинаның Mustang лақап атымен танымал барлаушысы былай дейді: «Біз артиллериялық және минометтік соққының азайғанын байқадық. Дрондармен шабуыл жасау да еселеп азайды, ал соққылары барлаудың қиындауынан ауытқып жатты», - дейді.
Майдан даласында спутниктік интернет басты құралға айналды. Әскери операцияны спутниктік байланыссыз тиімді жүзеге асыру мүмкін емес. Көтеріп жүруге ыңғайлы терминалдар арқылы кабельді тасып жүрудің машахатынан құтылуға болады. Дрондар жоғары интернет байланысы арқылы ұрыс даласының көрінісін тікелей эфирде көрсетіп отырады. Артиллерия мен миномет соққысы да сол арқылы дәл шығады. Ал ұрыс даласындағы жағдайға қатысты ақпарат лезде құпияландырылған сөздер арқылы Signal және Telegram желілеріндегі әскери бөлімшелерге жіберіледі.
Ресей әскері Украина аумағында оккупациялаған жерге Starlink терминалдарын көптеп орналастырды. 2024 жылы алғаш рет Ресей майдан даласына жақын аумақтағы орманды алқапқа терминалдарды жаппай орналастырып, шабуылды үдетті. Ай сайын терминалдар саны артты. Украина дрондары енді терминалдарды да соққылауға мәжбүр болды. Ресейдің еріктілері терминалдарды заңсыз сатып алып, жүз мыңдап ұрыс даласына жіберумен болды. Киев Масктың компаниясына терминалдарды бұғаттауды сұрап, өтініш айтты.
SpaceX ақпан айында Киевпен бірлесе отырып, тіркелмеген терминалдарды сөндіре бастады. Ресей оккупациялап алған аумақтарда терминалдар бірден өшіп қалды. Ал Украина билігі терминалдарды тіркеу үшін арнайы тізім ашып, әр әскери бөлімшенің терминалын тіркеді. Ол «ақ тізім» деп аталды.
Қазіргі таңда ресейлік тарап бұл тығырықтан шығудың жолын іздестіруде. Бір амалы ретінде Ресей отандық терминалдарды пайдаланбақ. Алайда ресейлік терминалдардың кемшілігі көп, ал қолдану қиын. Ресей әскері Starlink терминалдарын қайта іске қосу үшін, Украина аумағынан сатқындарды іздестіруде. Олар қомақты қаржыға терминалдарды украин бөлімшелеріне тіркеуі тиіс. Киев ресейлік терминалды тіркеуге әрекет еткендерді ұзақ жылға соттайтынын айтты. Екінші амал ретінде, Ресей әскері майдан даласындағы биіктіктерге интернет тарату құрылғыларын орнатуда. Дей-тұра бұл өте қауіпті, ал байланыс бәрібір нашар болмақ. Себебі дрондар бірден байқап, соққы жасайды. Қазірдің өзінде құрылғыларды орнату сәтінде ресейлік сарбаздардың соққыға ұшыраған сәттері кездеседі.
Mezgil.kz