Иранның ядролық бағдарламасы: Трамптың тегеуріні. Таяу Шығыста жаңа соғыс бола ма?

Қазір Трамптың текпіні Таяу Шығысқа бата тиіп, әлем назары қайтадан Иранның ядролық бағдарламасына ауып тұрғаны жасырын емес...

1772095898875588.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

ТРАМПТЫҢ ЕСКЕРТУІ: ЯДРОЛЫҚ КЕЛІСІМГЕ МӘЖБҮРЛЕУ

АҚШ аймаққа ұшақтар мен әскери кемелерін шоғырландырып жатыр және Теһеран ядролық келісімге келмесе, соққы беруге дайын екенін ескертуде.

Өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп егер «келісімге» қол жеткізілмесе, Иранды «оңдырмайтынын» айтып сес көрсетті: «Оларда ядролық қару болмауы тиіс, бәрі өте қарапайым... егер оларда ядролық қару болса, Таяу Шығыста бейбітшілік орнату мүмкін емес», — деді президент.

Ал Иран ядролық бомба жасауға ешқашан ұмтылмағанын айтып бағуда, бірақ көптеген елдер мен ядролық бақылау жөніндегі жетекші халықаралық ұйым — Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) бұған сенбей отыр.

ИРАННЫҢ ЯДРОЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ ҚАЗІР ҚАНДАЙ КҮЙДЕ?

Өткен жылдың маусым айындағы Израиль мен Иран арасындағы 12 күндік соғыс кезінде негізгі ядролық нысандарға жасалған соққылардан кейін Иранның ядролық бағдарламасының жай-күйі әлі де толық белгісіз.

АҚШ соғыс қимылдарына қысқа уақытқа қосылып, үш ядролық нысанға: Исфахандағы ең ірі зерттеу орталығына және уран байытылатын Натанз бен Фордодағы зауыттарға соққы берді. Соққылардан кейін Трамп бұл нысандардың «толығымен жойылғанын» мәлімдеді.

Алайда бір аптадан соң МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси соққылардың айтарлықтай зақым келтіргенін, бірақ нысандарды толық жоймағанын айтып, уран байыту процесі бірнеше айдың ішінде қайта басталуы мүмкін екенін меңзеді.

МАГАТЭ бағалауынша, Израиль 13 маусымда әуе соққыларын бастаған кезде Иранның иелігінде 60%-ға дейін байытылған 440 кг уран қоры болған. Иран ядролық қару өндірісі деңгейіне (90%) жетуге аз ғана қалған еді. Қазан айында Гросси «Associated Press» агенттігіне мұндай мөлшердегі уран — одан әрі байытылған жағдайда — 10 ядролық бомба жасауға жететінін айтқан (Дереккөзі: bbc.com).

Қараша айында Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи «Economist» журналына уран байытудың «қазіргі уақытта тоқтатылғанын» мәлімдеді. Бірақ өткен айда ол «Fox News» телеарнасына: «Иә, сіздер нысандарды, машиналарды жойдыңыздар... бірақ технологияны бомбамен жою мүмкін емес, жігерді де бомбамен жоя алмайсыздар», — деді.

Қаңтар айында Гросси «Reuters» агенттігіне Ирандағы соққыға ұшырамаған 13 ядролық нысанда инспекция жүргізе алғанын, бірақ соққы тиген үш негізгі нысанға кіре алмағанын хабарлады. Оның айтуынша, Ирандағы жоғары байытылған уран қорларын соңғы тексеруден бері 7 ай өткен. Осылайша, басты сұрақтар бойынша белгісіздік сақталып отыр — бұл ең алдымен уран қорларының орналасқан жері мен жағдайы, сондай-ақ байыту жүргізілген нысандардың жағдайы.

ИРАН ҚАЛАЙША БҮГІНГІ ДЕҢГЕЙГЕ ЖЕТТІ?

Иран үкіметі өзінің ядролық қызметі тек бейбіт сипатта екенін айтып келеді. Ел Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) қатысушысы болып табылады, ол ядролық технологияларды азаматтық мақсаттарда (медицина, ауыл шаруашылығы, энергетика) пайдалануға рұқсат береді, бірақ ядролық қару әзірлеуге тыйым салады.

Алайда МАГАТЭ-нің 10 жыл бойы жүргізген тергеуі Иранның 1980 жылдардың соңынан 2003 жылға дейін «ядролық жарылғыш құрылғыны әзірлеуге қатысы бар қызмет түрлерін» жүзеге асырғанын анықтады.

Қолда бар мәліметтер бойынша, «Project Amad» деп аталатын бұл бағдарлама кейін тоқтатылған. Бірақ 2009 жылы батыстық барлау қызметтері Фордодағы нысанды тауып алды. 2015 жылы Иран алты әлемдік державамен келісімге қол қойып, санкцияларды алып тастау шартымен, өзінің ядролық қызметіне қатаң шектеулер қоюға келісті. Келісім уранды байыту деңгейін ядролық энергия өндіруге жарамды 3,67%-ға дейін шектейді және Фордодағы байытуды күшейтілген бақылаумен тоқтатуды қарастырады.

Бірақ 2018 жылы Дональд Трамп бұл келісім Иранның ядролық бомба жасау жолын жаппайтынын айтып, одан шығып кетті және санкцияларды қайта енгізді. Бұған жауап ретінде Иран келісім шектеулерін бұза бастады: уранды 60%-ға дейін байытып, заманауи центрифугаларды қолдана бастады және Фордодағы байытуды қайта жандандырды.

2025 жылғы 12 маусымда МАГАТЭ Басқарушылар кеңесі соңғы жиырма жылда алғаш рет Иранды ядролық қаруды таратпау жөніндегі міндеттемелерін бұзды деп ресми түрде жариялады. Келесі күні Израиль әуе соққыларын бастады.

ИРАН ЯДРОЛЫҚ ЖҰМЫСЫН ЖАЛҒАСТЫРЫП ЖАТЫР МА?

Спутниктік түсірілімдер соңғы айларда Натанз бен Исфахандағы нысандарда жұмыстардың қайта жалғасқанын көрсетеді. Сонымен қатар, Иранның Коланг-Газ-Ла тауындағы жерасты кешенін күшейтіп жатқанын айтады. «Пикэкс тауы» деп те аталатын бұл нысан Израиль немесе АҚШ-тың соққысына ұшырамаған және Натанз ядролық нысанынан оңтүстікке қарай шамамен 2 км жерде орналасқан.

ИРАНҒА ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ ЖАСАУ ҮШІН ҚАНША УАҚЫТ ҚАЖЕТ?

Қару-жарақ деңгейіндегі байытылған уран өндіру — бұл ядролық қаруды жасаумен бірдей дүние емес, ол үшін қосымша техникалық кезеңдер қажет.

АҚШ Қорғаныс министрлігі Барлау басқармасының (DIA) өткен жылдың мамырында (Израиль мен АҚШ соққыларына дейін) жариялаған есептеулері бойынша, Иран сол кезде алғашқы ядролық құрылғы үшін жеткілікті мөлшерде уранды «шамамен бір аптадан аз уақыт ішінде» өндіре алатын еді.

Алайда, Иранның байытылған уранды қаруға айналдыру мүмкіндігін жасауға тырысқаны-тырыспағаны туралы бағалаулар әртүрлі. DIA бағалауында: «Иран ядролық қару өндіріп жатқан жоқ, бірақ соңғы жылдары егер Теһеран шешім қабылдаса, оны жасауға мүмкіндік беретін қызметтерді жүзеге асырды», — делінген.

Бірақ Израиль: «Иран 2003 жылға дейін оқтұмсықты әзірлеу бойынша белгілі бір мүмкіндіктерге ие болған, бірақ билік бұл бағдарламаны тоқтатқан сияқты», — дейді.

НЕЛІКТЕН ИРАНДЫҚ ЯДРОЛЫҚ БАҒДАРЛАМА ҚАУІПТІ?

Батыс көшбасшылары Иранның ядролық қаруға ие болуына жол беруге болмайтынын бұрыннан айтып келеді. Трамп 2025 жылдың мамырында: «Егер Теһеран оған ие болса, әлем жойылады», - деп мәлімдеді.

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер ядролық қаруы бар Иранды «аймақтық тұрақтылыққа төнген ең үлкен қауіп» деп атады.

Кейбір сарапшылар ядролық қаруға ие болу Иранның аймақтағы позициясын нығайтып, оны Қытай мен Ресейге одан әрі жақындата түсуі мүмкін және Сауд Арабиясымен қарулану жарысын тудыруы ықтимал деп санайды. Израильдің ядролық қаруы бар екені белгілі, бірақ ол мұны растамайды да, теріске де шығармайды.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар