АҚШ Таяу Шығыс аймағына ауқымды әскери күшін шоғырландырды. Президент Дональд Трамп Иранның келісім жасасуына 10-15 күн ғана уақыты бар екенін айтқан болатын. Ал Конгрессте сөйлеген сөзінде, Трамп Иранға қатысты бірқатар мәлімдеме жасады. Ол Иранның ядролық қаруға ешқашан қол жеткізбейтінін, Иранның АҚШ аумағына жететін зымыран жасауға талпынатынын және наразылық акциясына шыққан 32 мың адамды өлтіргенін айтты. Трамп келіссөз арқылы мәселені реттеуге дайын екенін айта отырып, әскери әрекеттен де бас тартпайтынын аңғартты.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Пентагонның бұрынғы қызметкерлері мен ұлттық қауіпсіздік сарапшыларының пікірінше, қазіргі сәтте АҚШ Иранға бірнеше апта бойы соққы жасауға мүмкіндік беретін әскери күшті топтастырған. Пентагон ұшақ, кемелерді жөнелтуді жалғастыруда.
АҚШ-тың Таяу Шығысқа әскери күшті орналастыруы 2003 жылы Иракқа басып кіру қарсаңындағы әскерді топтастыру сценарийіне ұқсас. Бұл Мадуроны ұстап әкету операциясы қарсаңында Венесуэла аймағына әскер топтастырудан әлдеқайда ауқымды масштабқа жетті.
Center for a New American Security талдау орталығының өкілі Бекка Вассердің ойынша, АҚШ-тың аймаққа ұшақты топтастыруы аса ауқымды болып отыр. Қорғаныс министрінің Таяу Шығыс бойынша бұрынғы орынбасары Дана Строулдың сөзінше, «сөзсіз бұл қысқа уақыт ішінде әлемнің бір шетінен екінші шетіне ауқымды әскери күштерді жеткізу бойынша теңдессіз әрекет болып саналады».
Трамп әскери күшті қолдану мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ол 2025 жылы, маусым айында Иранның ядролық нысандарына күйрете соққы бергенін айтты және ендігі операция әлдеқайда қуатты болатынын ескертті. «Біз не келісімге келеміз, не олар үшін (Иран үшін) бәрі қайғылы аяқталады», — деді Трамп.
Flightradar24 ақпаратына назар аударсақ, АҚШ-тың жанармай толтырушы ұшақтары мен әскери жүк таситын ұшақтары Атлантикадан өтіп, Таяу Шығысқа топтасуын жалғастыруда. Соңғы үш күнде кемі 39 дана жанармай толтырушы ұшақ Таяу Шығысқа келіп жеткен. Дәл осы аралықта Еуропадан C-17 Globemaster III ұшақтары аймаққа жүк тасуды жалғастыруда. АҚШ аймаққа алыс қашықтыққа барлау жүргізу ұшақтарын да топтастырып жатыр.
АҚШ аймаққа Patriot және Thaad кешендерін де жеткізуде. Бұл Иранның қарымта шабуылы іске асса, аймақтағы АҚШ базалары мен одақтастарын қорғауы тиіс маңызды кешендер саналады. Кешендердің бірі Иорданияға жеткізілген. Иорданияда АҚШ-тың әскери ұшақтарының бір тобы шоғырланған.
АҚШ-тың Теңіз күштерінің мәліметінше, аймаққа кемі 20-дан астам кеме жіберілген. Оның ішінде ұшақтасушы мен 8 эсминец бар. Қосымша USS Gerald R Ford ұшақтасушысы мен қосымша үш эсминец Таяу Шығысқа жақындап келеді. АҚШ аймаққа үшінші ұшақтасушыны жіберуге дайындалуда.
FT сараптамасы бойынша, USS Lincoln ұшақтасушысы Оман маңында тұрғанын көруге болады. Ал USS Gerald R Ford ұшақтасушысы Крит аралы маңынан асып, Израильге жақындаған. Екі ұшақтасушының бортында мыңдаған сарбаз, ондаған ұшақ бар. Ал ұшақтасушыны сүйемелдеп келе жатқан кемелерде жүздеген зымыран орналастырылған.
АҚШ-тың Кариб аймағына әскерін топтастыру, артынша Мадуроны тұтқындап әкету операциясына 3 млрд долларға жуық қаржы кеткен. Ал Таяу Шығысқа әскерді топтастыру әлдеқайда қымбатқа түседі. Сарапшылар АҚШ млрдтаған қаржыны жұмсап, әскерді топтастырып, «еш нәтижесіз кетуі мүмкін емес» дейді. Трамп Иранның үлкен жеңілдіктерге барып, келісімге келуі тиіс деген пікірді ұстануда. Сарапшылар Иранның не келісім талаптарына көнетінін, не режим құлдырап, құлайтынын болжауда.
Mezgil.kz