АҚШ-қа сапар: Бір ғана орталыққа бағынбайтын көпвекторлы саясат...

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонға жұмыс сапарымен кбар. Сапар аясында Мемлекет басшысы Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысып, бірқатар елдің көшбасшыларымен, сондай-ақ АҚШ-тың ресми тұлғаларымен кездесу өткізеді.

1771494293839127.jpg

(Сурет: newtimes.kz, qazaqstan.tv сайттарынан алынды)

Бұл сапардың еліміз үшін маңыздылығы қандай болмақ? Қазақстан мен АҚШ өзара экономикалық әріптестікті кеңейте ме? Біз саясаттанушы, Философия ғылымының кандидаты, халықаралық сарапшы Жанат Момынқұловты сұхбатқа тарттық...

– Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына осы жұмыс сапарының саяси маңызы қандай? Бұл сапардың басты стратегиялық мақсаты неде деп ойлайсыз?

– Президент Тоқаевтың АҚШ-қа жұмыс сапары қазіргі геосаяси тұрақсыз жағдайда Қазақстанның сыртқы саяси бағыты үшін стратегиялық мәнге ие кезең. Трамптың Бейбітшілік кеңесіне белді мүше болу біз айтып жүрген балама немесе уақытша альянстар логикасына жақын. Меніңше, бұл сапар қатардағы жәй бір протоколдық кездесу емес. Бұл сапар әлемде жаңа тәртіп қалыптасып жатқанда Қазақстанның жаһандық дипломатиядағы болашақ орнын іздеп нақтылау, не болса да Вашингтонмен стратегиялық сенім мен диалогты жаңа деңгейге шығару және экономикалық пайдаға негізделген әріптестікті тереңдету әрекеті сияқты.

Саяси тұрғыдан сапардың басты мақсаты Қазақстанның «орта күш» ретіндегі халықаралық беделін күшейту, күтпеген тың қадам жасау және елімізді аймақтық, тіпті жаһандық жауапты ойыншы ретінде таныту. Бір айта кетерлігі, британ сарапшылары Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне кіруінің БҰҰ сияқты халықаралық құқық институттары үшін қауіпті тұстарын айтып отыр. Ал Тоқаевтың халықаралық дипломатия ойындарын жақсы білуі Қазақстанның жаңа форматтарға қатысуы, керісінше, ел тәуелсіздігін нығайтатын қадамдарға апаруы мүмкін деген ойдамын. Сарапшылардың пікірінше, Астана соңғы жылдары бейбіт алаң, «делдал мемлекет» моделін қалыптастырып келеді. Мысалы Сирия келіссөздері, конфессияаралық диалог, ядролық қарусыздану бастамалары осының айғағы. АҚШ сараптамалық орталықтары, соның ішінде «Atlantic Council» сарапшылары, Қазақстанды «идеологиялық блоктарға қосылмайтын, бірақ прагматикалық мүдде негізінде әрекет ететін мемлекет» деп сипаттайды. Бұл бір ғана орталыққа бағынбайтын көпвекторлы саясаттың көрінісі болды.

– Қазақстанның Таяу Шығыс мәселелеріне араласуы немесе пікір білдіруі біздің көпвекторлы сыртқы саясатымызға қаншалықты сай келеді?

– Қазақстанның Таяу Шығыс мәселесіне, әсіресе Газа секторындағы жағдайға қатысты ұстанымы да осы прагматизмге негізделуі ықтимал. Астана кездесуде дәстүрлі түрде «екі мемлекет» шешімін қолдай отырып, гуманитарлық көмек,  келіссөздер арқылы реттеуге басымдық беретіні анық. Қазақстан Израильмен де, араб-мұсылман елдерімен де теңгерімді қарым-қатынас орнатқан. Сондықтан Астанадан тік, ыңғайсыз позициядан гөрі халықаралық құқыққа, БҰҰ шешімдеріне және бейбіт диалогқа сүйенетін байсалды ұстаным күтіледі. Бұл Қазақстанның ислам әлеміндегі беделін сақтай отырып, Батыспен стратегиялық әрі діндер мен өркениеттер-аралық диалогты әлсіретпеу мақсатына сай келеді.

– Сапар аясында америкалық ірі компаниялармен кездесулер жоспарланып отыр. Бұл келіссөздер Қазақстан экономикасына қандай жаңа мүмкіндіктер әкелуі ықтимал?

– Экономикалық тұрғыдан сапардың салмағы одан да маңызды. АҚШ Қазақстан экономикасына салынған тікелей шетелдік инвестиция (FDI) көлемі бойынша жетекші инвесторлардың бірі. Соңғы деректерге сәйкес, Қазақстанға тартылған шетелдік инвестиция көлемі 58 млрд доллардан асқан, оның ішінде тікелей инвестициялар шамамен 15 млрд долларға жуық. АҚШ компаниялары әсіресе мұнай-газ секторында белсенді, бірақ жаңа кезеңде басымдық технология, жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым және сирек кездесетін металдар саласына ауысып отыр. АҚШ елшісінің мәлімдеуінше, жасанды интеллект саласында ғана 3,7 млрд долларлық келісімдердің болуы еліміздің дамуы үшін аса үлкен маңызға ие болмақ.

– Геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстан үшін АҚШ-пен экономикалық әріптестікті күшейту қаншалықты маңызды?

– Бүгінгі жаһандық экономикалық бәсеке жағдайында Қазақстан аса маңызды ел екенін көрсетіп отырған бағыт - критикалық минералдар мен сирек жер металдары. АҚШ пен Еуропа Қытайға тәуелділікті азайтуға ұмтылып отырған шақта, Қазақстан өзінің табиғи ресурстық әлеуетін геоэкономикалық артықшылыққа айналдыра алады. Сонымен қатар, Транс-Каспий көлік дәлізі мен Еуразиялық логистикадағы Қазақстанның рөлі АҚШ бизнесі үшін Қазақстанды стратегиялық хаб ретінде тартымды етеді.

Геосаяси тұрақсыз жағдайда АҚШ-пен экономикалық әріптестікті күшейту тек инвестиция тарту емес, сонымен қатар геосаяси тәуекелдерді әртараптандыру құралы. Ресейге қарсы салынған санкциялар, Қытай-АҚШ бәсекесі, Таяу Шығыстағы тұрақсыз ахуал Қазақстанды теңгерімді, есептелген, сақ саясат жүргізуге мәжбүрлейді. Алайда қазір геосаяси кезең қазақ дипломатиясынан да батыл, жылдам, ақылды әрекеттерді талап етеді.  АҚШ-пен экономикалық байланыстарды кеңейту технология трансферін, қаржы құралдарының сапасын және халықаралық құн тізбектеріне интеграция деңгейімізді арттырады.

Қысқаша айтсақ, Тоқаевтың бұл сапары көпвекторлы саясаттың жалғасы, тіпті оның жаңа сапалы сатысы. Біздер жаһандық жағдайда көзге көрініп жатырмыз. Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия да осы саммитке қатысуы назар аударады. Осылайша  Қазақстан жаһандық күн тәртібіндегі күрделі мәселелерге үн қоса отырып, өзінің ұлттық мүддесін: экономиканы әртараптандыру, технологиялық жаңғыру және халықаралық беделін нығайтуды негізге алып алға ұмтылып отыр. Бұл сапардың стратегиялық табысы нақты келісімдер мен инвестициялық жобалардың іске асуымен өлшенетін болады. Бұған қоса Қазақстанның икемді орта күш ретіндегі халықаралық профайлын да бір-екі сатыға көтереді деп үміттенеміз.

Бұл әрекеттер – Қазақстанның сақ тепе-теңдік дипломатиясынан белсенді позициялық дипломатияға өтудің белгісі.

Трамптың Бейбітшілік кеңесі ол классикалық халықаралық ұйым емес, ол белгілі бір дағдарыстар бойынша ықпалды мемлекеттерді біріктіретін икемді коалициялық алаң іспеттес. Мұндай формат бір мәселе төңірегіне топтасқан уақытша альянстар логикасына сәйкес келеді. Бұл бір геосаяси блоктық міндеттемелері жоқ параллелді құрылым болғандықтан Қазақстан үшін бұл  дипломатиялық маневр мүмкіндігін кеңейтетін саяси платформа.

Ал Ресей факторы бұл жерде аса сезімтал. Мәскеу Қазақстанның Вашингтонмен белсенді саяси форматтарға қатысуын мұқият бақылауы ықтимал, бірақ егер Астана мұны біреуге қарсы қадам емес, көпвекторлы саясат аясындағы теңгерімді диалог ретінде ұсынуы ешқандай тікелей реакция тудырмайды. Қытай да бұл үрдіске прагматикалық көзқараспен қарайды. Пекин үшін маңыздысы Қазақстанның стратегиялық бағытта түбегейлі Батыс блогына ығыспауы. Сондықтан Астананың басты міндеті жаңа балама немесе уақытша форматтарға қатыса отырып, Мәскеу мен Бейжіңге қарсы геосаяси позицияға өтпейтінін айқын көрсету, бірақ бір орталыққа тәуелді болып кетпеу үшін барлығын теңгеруге тырысу, тең ұстау.

– Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар