Кеше-бүгін Женевада Украина, АҚШ пен Ресей делегацияларының кезекті келіссөздері өтіп жатыр. Келіссөздер жабық есік форматында өтуде.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Украина делегациясын Буданов пен Умеров бастап барса, АҚШ делегациясын Кушнер мен Уиткофф, ал Ресей делегациясын Мединский мен Дмитриев басқаруда.
УКРАИНА ХАЛҚЫ ДОНБАССТАН КЕТУДІ ҚОЛДАМАЙДЫ!
Кеше Украина президенті Зеленский:
— Украина дайын. Бізге бұл соғыстың түкке керегі жоқ. Біз іске - іс, сөзге - сөз, олардың іс-әрекеттеріне тап солай жауап қайтарамыз. Біз өз мемлекетімізді, өз тәуелсіздігімізді қорғап күресудеміз. Біз соғысты әділетті әрі лайықты аяқтау үшін келісімге келуге дайынбыз. Ал Ресей нені қалайды? Соғысты тоқтатуды ма, жоқ ойдан құрастырған қиял-ғажайып тарихи тақырыптарда айтысып, «Shahed», зымырандармен соққыларын жалғастырып отыруға басымдық бере ме, әлде шынайы да ұзақ бейбітшілік үшін дипломатияға басымдық бере ме?, - деді.
Онан соң жерден шегіну тақырыбына тоқталып, кез келген бейбіт келісімге қатысты түпкілікті шешімді Украина халқы қабылдайтынын айтты.
— Украина Донбасстан біржақты шегініп кетпейді. Егер біз өйтсек, бізді, АҚШ-ты Украина халқы кешірмейді. Сол үшін де кез келген бейбіт келісім халықтық референдумға шығарылады. Бізді мәжбүрлесе де, халық Донбасстан шығу туралы шешім қабылдамайды. Украина халқы не үшін бізге қысым жасалып, жерден шегінуді талап етіп жатқанын түсінбей дал болуда. Ал ұрысты қазіргі майдан шебінде уақытша тоқтатуды халық қолдауы мүмкін, - деді Зеленский.
УКРАИНАДАҒЫ СӘТСІЗДІК – ПОСТКЕҢЕСТІК КЕҢІСТІКТЕГІ ЖАҢА СОҒЫСТАРҒА СЕБЕП БОЛМАҚ!
Осы ретте америкалық «Atlantic Council» сараптамалық орталығы Украинадағы қақтығыстың сәтсіз аяқталуы – посткеңестік кеңістікте жаңа соғыстарға себеп болуы мүмкін екенін айтты.
Сарапшылардың пікірінше, Украина үшін сенімді қауіпсіздік кепілдіктері берілмей жасалған келісім қауіптің бетін қайтармайды. Керісінше, Оңтүстік Қапқаз бен Орталық Азияға бағытталған жаңа қауіптердің себепшісі болуы мүмкін.
«Егер Украинадағы жағдайды бейбіт реттеу Ресейдің әскери ресурстарын тежейтін нақты тетіктерсіз жасалса, онда Мәскеуде бұрынғы империя аумағындағы ықпалын қалпына келтіруге әрі мүмкіндік, әрі себеп пайда болады», – делінген орталықтың талдауында.
Сарапшылардың айтуынша, қазір АҚШ Оңтүстік Қапқаздағы ықпалын белсенді түрде күшейтіп жатыр. Оның нақты дәлелі – Армения мен Әзірбайжан арасындағы келіссөздерге делдал болуы және маңызды сауда дәліздерін өз бақылауына алуы. «Atlantic Council» дерегінше, бұл қадамдар өңірде тұрақтылық тетіктерін қалыптастыруға, тұрақсыздық қаупін азайтуға және экономикалық даму мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.
Талдаушылар Украина бойынша кез келген бейбіт келісімге өңірлік қауіпсіздік кепілдіктерін қосуды, сондай-ақ Оңтүстік Қапқаз бен Орталық Азия елдерінің тұрақтылығын нығайту үшін инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды дамытуды ұсынады. Бұл, олардың пікірінше, Ресей ықпалын әлсіретуге мүмкіндік береді.
«Соңғы жылдардағы тарих көрсеткендей, Кремль өз қателіктерінен сабақ алып, бос жатқан ресурстарды көрші елдерге ықпал ету үшін пайдалануға дайын. Сондықтан алдын ала әрекет етіп, өңірлердің қауіпсіздігі мен экономикасын күшейту аса маңызды», – деп қорытындылайды «Atlantic Council».
Mezgil.kz