Сарапшылар пікірі: Жаңа Конституция. Заманауи трендтер мен тенденция

Уақыт ешқашан бір орында тұрмайды. Онымен бірге қоғам да, сана да, талап та өзгереді. Кеше ғана мінсіз көрінген заң бүгін ескіріп қалуы мүмкін. Сондықтан Конституцияны өзгерту – мемлекеттің өз дәуіріне бейімделу әрекеті.

1771315609370439.jpg

(Суреттер: parlam.kz, globalkz.biz)

Қазақстанда ұсынылып отырған жаңа Конституция да дәл осындай тарихи қажеттіліктен туған қадам. Бұл құжат билік жүйесін ғана емес, мемлекет пен азамат арасындағы қатынастың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған. Осы тақырыпта біз ҚР Мәжіліс депутаты Абзал Құспан мен экономист Айбар Олжаевтан пікір сұрадық...

ҚҰҚЫҚТЫҚ МАЗМҰНҒА МӘН БЕРУ КЕРЕК!

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан жаңа Конституцияны бағалауда эмоцияға емес, құқықтық мазмұнына мән беру керектігін атап өтті.

1771315295911928.jpg

(Сурет: parlam.kz)

Абзал Құспан:

– Жалпы алғанда құжаттың бағыты дұрыс. Бірақ Конституцияны бағалау үшін оны тек саяси лозунгтар арқылы емес – преамбуласынан бастап әр бабының құқықтық логикасына дейін мұқият оқу қажет. Қоғамда қызу талқылау жүріп жатқаны сөзсіз жақсы белгі. Өйткені Конституция тек заңгерлердің құжаты емес, ол – қоғам мен мемлекет арасындағы келісім.

Қазіргі әлемдік тенденцияларға қарасақ, конституциялар мына бағыттарға қарай өзгеріп жатыр:

* билікті шамадан тыс орталықтандырудан бас тарту;

* парламенттік бақылауды күшейту;

* адам құқықтарын тікелей қолданылатын нормаға айналдыру;

* соттың тәуелсіздігін нақты институционалдық кепілдіктермен бекіту;

* мемлекеттің емес, азаматтың мүддесін бастапқы нүкте ету.

Осы тұрғыдан алғанда жаңа редакцияда белгілі бір эволюция бар: декларациядан гөрі құқықтық механизмдерге көшу байқалады. Бірақ ең маңыздысы – мәтін емес, орындалуы. Қоғам нормалардың сақталуына дәл осындай талапшыл болса ғана өзгеріс болады. Әйтпесе тарихта өте жақсы жазылған, бірақ өмірде жұмыс істемеген конституциялар аз болмаған.Жаңа конституцияның артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталасақ.

Артықшылықтары

1. Билік тармақтарының теңгеріміне қарай қозғалыс. Парламент пен конституциялық бақылау институттарының рөлі біршама күшейтілген. Бұл – әлемдік құқықтық модельдерге сәйкес келетін бағыт.

2. Адам құқықтарын қорғаудың тікелей сипаты артуы. Конституциялық нормалардың тікелей қолданылуы туралы түсінік күшейген. Бұл азаматқа сотта нақты құрал береді.

3. Суперпрезиденттік модельден біртіндеп алыстау. Бұл революция емес, бірақ маңызды эволюциялық қадам. Көп елдер дәл осылай – күрт емес, кезең-кезеңімен өзгереді.

4. Конституциялық бақылаудың институционалдануы. Конституция тек декларация емес, дауды шешетін құқықтық құралға айналуға мүмкіндік алады.

Кемшіліктері (көп емес, бірақ принципиалды)

1. Нормалардың орындалу мәдениеті – әлсіз буын. Ең үлкен тәуекел мәтінде емес, құқық қолдануда. Қоғам талапшыл болмаса, ең жақсы нормалар да жұмыс істемейді.

2. Кейбір нормалардың бағалау сипаты сақталған. Яғни нақты құқықтық критерийден гөрі түсіндіруге тәуелді тұстары бар. Бұл кейін практикаға көп жүк түсіреді.

3. Саяси жүйе құқықтықтан жылдам өзгермейді. Конституция бірден жаңа саяси мәдениет қалыптастырмайды – ол тек мүмкіндік береді. Ал оны іске асыратын институттар мен адамдар.

Жаңа Конституцияны «жақсы» немесе «жаман» деп бір сөзбен бағалау дұрыс емес. Құжатта алға жылжу бар. Бірақ оның тағдырын мәтін емес – қоғамның талапшылдығы мен құқықты қорғау практикасы шешеді. Егер нормалар нақты орындалса – ол жұмыс істейді. Орындалмаса – кез келген мінсіз жазылған Конституция қағаз күйінде қалады.

УАҚЫТ ТАЛАБЫНАН ТУҒАН ҚАЖЕТТІЛІК

Ал экономист Айбар Олжаев жаңа Конституцияны уақыт талабынан туған қажеттілік ретінде бағалайды.

1771315376473925.jpg

(Сурет: globalkz.biz)

Айбар Олжаев:

– Жаңа Конституция өзінің қазіргі уақытына сай жасалды, өйткені 30 жыл бұрын қабылданған Конституцияда қазіргі өзгерістер мен қазіргі қоғамның келбеті толық көрініс таппаған. Ол кездегі қоғамның келбеті мен терминдері де басқа болды ғой. Сондықтан Ата заңның белгілі бір дәрежеде жаңарып, өз уақытына сай болғаны дұрыс. Жалпы оның жаңаруын мен жақсы қабылдаймын. Біраз ұғымдар нақтыланған: бостандық ұғымы, ар-намыс ұғымында алға қарай модернизация бар. Өйткені сөз бостандығы, пікір бостандығы бар, бірақ оның біреудің ар-намысына тимеуі керек деген сияқты нормалар енгізіледі. Сонымен бірге жасанды интеллект нормасы да бізде бар.

Менің ойымша, артықшылықтары көп. Себебі біздің негізгі миссиямыз – еліміз және біздің өткеніміз, Ұлы даланың мұрагері ретіндегі орнымыз, сондай-ақ өз еліміздің унитарлығын, біртұтастығын күшейтетініміз айқын декларацияланған. Негізгі өзгерістерге келсек, енді білесіздер, палата, президент және олардың арасындағы вице-президент, сондай-ақ олардың бір-бірімен байланысу механизмдері үлкен өзгерістерге ұшыраған, мүлдем жаңа деуге де болады. Негізгі өзгерістер, менің ойымша, саяси мәндегі өзгерістер. Осы тұрғыда бізде енді екі палаталы парламенттен бір палаталы парламентке өту, вице-президент институтын енгізу сияқты мәселелер бар. Мұндай өзгерістерді енгізу үшін Конституцияны өзгерту керек. Біз мүлде жаңа саяси платформаға өтуіміз керек, ал оның негізгі құжаты осы Конституция болуы тиіс.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар