Куба билігіне қатысты Трамптың қысымы күшеюде. Мемлекет жанармайсыз қалуда. Дәрі-дәрмек қоры да азайған. Ауа райы да халықты қыспаққа алуда. Араға жарты ғасыр уақыт салып, Кариб аймағындағы ауа температурасы нөлден төмен көрсеткішке түсті. Бұл әсіресе Куба билігіне соққы болуда.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
АҚШ-тың Венесуэлаға қарсы операциясынан кейін, Трамп билігі назарын Кубаға аударуда. Дональд Трамп қаңтардың соңында Кубадағы режимді «АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қатер» деп атады. АҚШ Кубаға мұнай өнімдерін жеткізетін елдерді қыспаққа алатынын айтып, айбат шекті.
Куба президенті Мигель Диас-Канель ақпан айында АҚШ-тың әрекетін қатаң айыптап, Трамптың іс-әрекетін геноцид, фашизммен теңестірді. Ел басшысы Кубаны қиындықтан алып шығатын әрекеттердің басталғанын айтып, халықты тыныштандыруға тырысты. Кубаның сарапшылары Трамп пен МемХатшы Марко Рубионы айыптай сөйлеуде.
Ондаған сағатқа дейін созылатын электр қуатының өшуі Куба астанасы үшін қалыпты құбылысқа айналды. Куба өзіне қажетті электр энергиясының шамамен 40 пайызын ғана өндіреді. Гаванада жүрген Гамбургтегі Жаһандық және өңірлік зерттеулер институтының (GIGA) жетекші ғылыми қызметкері Берт Хоффман Кубадағы жағдайға қатысты ақпараттарымен бөлісуде.
«Электр қуатының өшуі жиілеп кетті, бензин тапшы бола бастады. Бірақ бәрі салыстырмалы түрде ақырындап қиындауда. Қала көшелерінде әлі де көліктер жүріп жатыр», – дейді Хоффман. Сарапшы жақында көшедегі көліктердің саны азайып, кей қалада қозғалыс тоқтап қалуы мүмкін екенін айтуда. Себебі Куба қоймаларындағы мұнай қоры таусылып келеді. Қоймалар қаңырап бос қалуда.
Неміс сарапшысының айтуынша, 3-қаңтардан бастап жағдай өзгерген. Кубаға мұнай жеткізетін ең маңызды ел Венесуэла еді. Енді Венесуэладан мұнай жеткізілмейтін болды. Ал Кубаны энергиямен қамтамасыз ететін екінші ел саналатын Мексика жоспарланған жеткізілімдерін уақытша тоқтатты. Соңғы бір жарым айда Куба порттарына бірде-бір мұнай танкері кірмеген.
Қаңтар айында Куба жедел жеткізу шартымен спот-нарықтан мұнай партиясын сатып алған. Алайда 4-ақпанда келуі тиіс болған кеме, Тогодан шыққан бетте ашық теңізде бағытын өзгертіп, Доминикан Республикасына қарай бет алған. Хоффман мұны АҚШ-тың қысымымен байланыстырады. Куба билігіне сыртқы нарықтан мұнайды сатып алуына болады. Алайда танкерлер Кубаға кіре алмайды. АҚШ-тың қысымынан сескенеді.
Кубаның мұнайға деген қажеттілігі тәулігіне шамамен 100 000 баррельді құрайды. Бұрын мұнайдың үштен бірін Венесуэла жеткізетін. 2025 жылы Мексика Кубаға тәулігіне 6000–12000 баррель мұнай жеткізіп отырған. Ресей мен Алжир де мұнай жеткізген, алайда олардың үлесі азырақ. Қазіргі жағдайға байланысты, ақпанның соңында Кубада мұнай таусылуы ықтимал.
Соңғы екі жылда Куба Қытайдың қолдауымен күн электр станцияларын салуды бастады. Алайда ол станциялар елді электр энергиясымен айтарлықтай қамти алмайды. Кубадағы электр станцияларының басым бөлігі әлі де кеңестік кезеңде салынған ескі нысандар саналады. Куба мазут өндіріп, қажеттіліктің 40 пайызын қамтуға тырысуда. Алайда ол тек электр станцияларында пайдаланылады.
Берт Хоффманның айтуынша, мұнай қорының қанша уақытқа жететіні белгісіз. Қаңтардың соңында Financial Times басылымы 15–20 күнге жетуі мүмкін деп жазған еді. Сарапшылар бензин таусылған сәтте, Кубада тіршіліктің тоқтайтынын айтуда. Қала мен ауыл арасындағы байланыс қиындайды. Азық-түлік, дәрі-дәрмек тасу қиынға соғады. Туристер аралға келмейтін болады.
Осы аптада Мексика Кубаға гуманитарлық көмек жіберетінін жариялап, дипломатиялық арналар арқылы мұнай жеткізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Алайда бақылаушылардың айтуынша, Мексиканың экономикасы АҚШ-қа қатты тәуелді, сондықтан оның мүмкіндіктері шектеулі. Бұған қоса, Солтүстік Америка еркін сауда келісімін (НАФТА) қайта қарау процесінің жақында басталуы Трампқа оңтүстіктегі көршісіне қысым жасау үшін қосымша тетік береді. Сарапшылар түрлі сценарийді ескеріп, жыл соңында Кубада режим ауысуы мүмкін деп санайды.
Mezgil.kz