Кремль бұлқан-талқан: АҚШ Оңтүстік Кавказды Ресейден тартып алмақ...

АҚШ вице-президенті Вэнстің Арменияға келіп, артынша Әзірбайжанға бет алуы –Оңтүстік Кавказдағы геосаяси тепе-теңдіктің өзгеріп жатқанын ашық көрсеткен қадам.

1770969240937963.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Бір кездері Кремль «өзінің жақын шетелі» деп санайтын аймақта енді Вашингтон ашық әрі сенімді ойыншы ретінде әрекет етіп отыр.

МӘСКЕУДІҢ АЙМАҚТАҒЫ ЫҚПАЛЫНЫҢ ӘЛСІРЕУІ...

Вэнс дүйсенбі күні Ереванға барды. Бұл – АҚШ-тың мұндай деңгейдегі шенеунігінің Арменияға алғашқы сапары. Символдық мәні зор. Өйткені Армения ұзақ жылдар бойы Ресейдің әскери-саяси орбитасында болған ел. Алайда 2022 жылдың ақпанында Украинадағы соғыс басталғалы-бері Мәскеудің аймақтағы ықпалы әлсіреді. Кремльдің назары мен ресурсы басқа бағытқа ауғанда, бос кеңістікке көз тіккен әуелі АҚШ болды.

Былтыр тамыз айында Вашингтонда Армения мен Әзірбайжан ондаған жылдарға созылған аумақтық дауды тоқтатуға бағытталған келісімге қол қойды. Қарабақ үшін болған қақтығыстар – Кеңес Одағы тарағаннан бергі ең ауыр жаралардың бірі еді. 2020 жылғы соғыс, ал 2023 жылы Әзірбайжанның қысқа мерзімді әскери операциясы аймақтағы күш балансын түбегейлі өзгертті: Баку Қарабақты толық бақылауға алды. Ендігі мәселе – «Соғыстан кейінгі тәртіпті кім қалыптастырады?» деген жалқы сауалдың төңірегінде өрбіп жатқан-ды. Бұл сұрақтың да жауабы белгілі бола түсті.

Күні кеше Вэнс Пашинянмен болған кездесуде АҚШ-тың Арменияға 11 миллион долларлық дрон технологиясын сататынын жария етті. Бұл – жай ғана еларалық сауда-саттық емес, аймақтағы қауіпсіздік архитектурасының өзгеруін білдіретін ақпараттың нақ өзі.

ЯДРОЛЫҚ САЛА – «РОСАТОМҒА» ЖАСАЛҒАН АУЫР СОҚҚЫ

Сонымен қатар тараптар азаматтық ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге де қол қойды. Бұған дейін Армения мен АҚШ атом энергетикасы бойынша «123 келісімін» бекіткен болатын. Бұл Мецамордағы кеңестік АЭС-ті жаңарту немесе шағын модульдік реакторлар салу мүмкіндігін қарастыратын жоба.

Мұндай технологияда АҚШ әлемдік көшбасшы саналады. Ал бұл шешім Ресейдің «Росатомы» үшін ауыр соққы екені анық. Ядролық сала – Кремльдің посткеңестік кеңістіктегі ықпал тетіктерінің бірі еді.

TRIPP – ШЫҒЫС-БАТЫС САУДА АРТЕРИЯСЫ

Тағы бір назар аударар факті – Вашингтон ұсынып отырған TRIPP – «Трамптың халықаралық бейбітшілік пен өркендеу моделі». Келісім Армения арқылы транзиттік дәліз ашып, Әзірбайжанды Нахчыван анклавымен байланыстыруды көздейді. Бұл жол Каспий мен Орталық Азияны Еуропамен жалғайтын шығыс-батыс сауда артериясының бір бөлігіне айналуы мүмкін.

Баку үшін бұл – көптен күткен стратегиялық арман. Әзірбайжан тарапы дәлізді толыққанды бейбіт келісімнің алғышарты ретінде қарастырады. Ал Вашингтон мұны өзара сенімді нығайтатын нақты қадам деп көрсетуде.

Құжатта егемендік пен аумақтық тұтастық қағидаттары ерекше аталады. Бірақ оның геосаяси астары одан да тереңде. Жаңа көлік желілері Ресей мен Иранды айналып өтуі мүмкін. Бұл – АҚШ мүддесіне сай келетін жаңа логистика. Яғни транзит – тек экономикалық жоба емес, ықпал құралы.

МӘСКЕУДІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Мәскеудің реакциясы да көп нәрсені аңғартады. Ресейлік басылымдар бұл жағдайды «көңіл қалу, фрустрация және дәрменсіздік» деп сипаттады. Кей сарапшылар Ресейдің Оңтүстік Кавказдағы позициясының әлсіреуін Украинадағы соғыспен тікелей байланыстырады. Бұрын Кремль посткеңестік кеңістіктегі батыс белсенділігіне күш арқылы жауап беретін. 2008 жылғы Грузия соғысы – соның мысалы. Бірақ бүгінгі жағдайда мұндай сценарийдің мүмкіндігі шектеулі.

Ал Трамптың екінші президенттік мерзімдегі шешімдері бұрынғыдай демократия ұрандарына емес, транзакциялық прагматизмге сүйенетінін көрсетуде. Оңтүстік Кавказ аймағы үшін ең түсінікті тіл – инвестиция, энергетика, инфрақұрылым, нақты келісім.

Түйін: Армения мен Әзірбайжан Мәскеудің қауіпсіздік кепілдігіне күмәнмен қарай бастады. Ал АҚШ өзін бейтарап әрі болжамды серіктес ретінде ұсынуда. Кремль бұрын «жақын шетел» деп атаған өңір енді шын мәнінде көпполярлы бәсеке алаңына айналды. Ал Вашингтон бұл бәсекеде белсенді, есеппен және ұзақ мерзімді жоспармен ойнап отыр.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар