Ресейдің статистикалық агенттігі халық саны туралы ақырғы мәліметтерді жариялады. Болжам бойынша келер жылы Ресейдегі халықтың жалпы саны шамамен 146 млн адамды құрайды деп күтілуде.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
РЕСЕЙДІҢ ХАЛҚЫ: ӨСУ МЕН КӨШУДІҢ ҚАЙСЫ ШЫН?
Бұл төмен, орташа және жоғары болжамдардың ішіндегі ең төмені. Бұл ретте туу, өлім-жітім және көші-қон бойынша үрдістер басшылыққа алынып, есептеліпті.
Бұл – ресми деректер. Оған байланысты күмән да аз емес. Тәуелсіз зерттеушілер: «Қазір Ресей халқының саны 80 миллионнан асады. Олардың басым бөлігін 46-50 және 51-55 жастағылар құрайды», - дейді.
Анық-қанығына үңілсек, бұл этникалық славяндарға ғана тән көрсеткіш. Өзге ұлттарда бұл көрсеткіш 31-40 жас аралығын құрайды. Сондықтан да, Кремль билігі Украинаға қарсы соғыстың алғашқы күнінен-ақ, қанқасап майданға Ресейдегі этникалық азшылық өкілдерін аяусыз айдап салып, қолдан қырғын жасады.
Сарапшылар: «Бүгінгі Ресейде орыс халқы мен орыстанған еуротектілер бұрынғыдай сан жағынан үстемдікке ие емес. Бар-жоғы Ресей жұртының 50 пайызын құрап отыр», - дегенді тілге тиек етеді.
РЕСЕЙ ӘЙЕЛДЕРІНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯЛЫҚ ЕРКЕКТЕР ҰНАЙДЫ
Сарапшылардың айтуынша: Ресейдің басты проблемасы – жалғызбасты аналар тәрбиелеп жатқан отбасылық үрдістің кең етек алуы. Жалғызбастылық этникалық орыс еркектерінің араққа салынып кетуінен орын алуда. Маскүнем еркекпен бас құраудан қашқан әйелдер өздері үшін бір бала тауып алып, «құда да тыныш, құдағи да тыныш» деген тіршілік кешуде. Және олар көбіне Орталық Азиядан шыққан жігіттермен бас құрағанды жөн көреді.
Мәселенің экономикалық жағынан келер болсақ – Ресейдің көпшілік халқы ірі қалаларға топтасқан. Күні кешеге дейін Ресей жұрты қартайып, қалаларда еңбекке жарамды жұмыс қолы жоқ болғандықтан, Орталық Азияның еңбек мигранттары оның орнын толтырып келді. Бірақ Путин билігі олардың ұрпақтарын орыстандыру саясатын қолға алып, мигранттарға орыс тілін білуді міндейтін заңдарды үсті-үстіне шығарып, дәстүрлі еңбек мигранттары бұрынғыдай Ресейге емес, керісінше Оңтүстік Корей мен Батысқа һәм Түркияға бағыт алуға мәжбүр болды.
КҮШТЕП ОРЫСТАНДЫРУ – РЕСЕЙДІҢ ӨЗІНЕ СОҚҚЫ БОП ТИДІ
Шындығында Ресей ОА еңбек мигранттары үшін бұрынғыдай құлдық ұра ағылатын ел болудан қалды. Енді мигранттарға қатысты заңын күшіне енгізіп алған Ресей қанша қарыштап дамыды десек те, орта тобын қалыптастыра алмаған, халқы кедейшіліктің шегінде өмір сүріп жатқан Қытай мен Үндістаннан, сондай-ақ, ашаршылықтың аз-ақ алдындағы Солтүстік Корейден еңбек күшін тарта бастады.
РЕСЕЙ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ҚҰРДЫМҒА ТҮСТІ
Сарапшылардың айтуынша, 2026 жылы Ресей кезекті демографиялық апаттың алдында тұр. Украинаға қарсы соғыс бала тууға тікелей әсер ететін факторға айналды. Демографтардың бағалауынша, 2023-2025 жылдар аралығкында Ресейде бала туу көрсеткіші соғысқа дейінгі жылдармен салыстырғанда 10%-ға төмендеген. 2023 жылы Ресейде 1 млн 200 мың бала туылса, кейінгі үш жылда бұл көрсеткіш 1 миллионнан аспай келе жатыр.
Салыстырмалы ақпарат: Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде КСРО-да адам шығыны көбіне ескерілмеді. КСРО Германияны совет адамдарының батырлығының арқасында емес, қаза тапқан адам санның арқасында жеңіп шыққаны жасырын емес. Міне, осы тактиканы бүгінгі Кремль билігі Украина соғысында кеңінен қолдана бастады.
Сарапшылар Ресейдегі туу көрсеткішінің төмендеуі мен өлім-жітімнің күрт көтерілуіне бірнеше себепті атап жазады:
Біріншіден, ресейлік жас әйелдер күйеуінің баспанасы болмағандықтан туғысы келмейді.
Екіншіден, дағдарыс пен өлім-жітімнің жоғары деңгейі. 2022 жыл және одан кейінгі жылдарда Ресейде өлім көрсеткіші өскен және соғысқа байланысты Батыс капиталы бар фирмалар Ресейден кетіп, 2 млн жұмыс орны жойылған.
Үшіншіден, 2022 жылдың ақпанынан бастап Ресейден 2 миллионға жуық еркек пен олардың әйелдері Ресейден қашып, босып кеткен. Бұның басты себебі – мобилизация.
Төртіншіден, Украинадағы ұрыс қимылдарында жас ресейліктер қаза тауып, 20-45 жас аралығындағы бірнеше ұрпақ мүгедектікке ұшырады. Олардың нақты саны әзірге белгісіз.
Бесіншіден, ресейліктердің табыс деңгейінің төмендеуі және барлық жерде бағаның өсуі. Коммуналдық желілердің тозуы Ресей аумағы бойынша орташа алғанда 70%-ды құрайды. Экономика санкцияға ұшыраған Ресей оларды жаңартуға ынталы емес.
Mezgil.kz