Қазақстанның қазіргі мемлекет ретіндегі тарихы 1995 жылдан емес, 1991 жылғы 16 желтоқсаннан басталады. Бұл – эмоциялық пайым емес, нақты құқықтық факт. Сол күні қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң еліміздің егемен мемлекет ретінде дүниеге келгенін жариялады.

(Сурет: democrat.kz сайттарынан алынды.)
Сондықтан жаңа Конституция жобасы талқыланып жатқан тұста ең маңызды сұрақтардың бірі – тарихи және құқықтық сабақтастық.
Сабақтастық деген:
– өткенді идеалдау емес,
– бұрынғы жүйені сол күйі сақтау емес,
– дамудан бас тарту емес.
Сабақтастық – мемлекеттің:
– өз бастауын мойындауы,
– құқықтық тамырын үзіп алмауы,
– өзгерісті «үзіліс» емес, эволюция ретінде көрсетуі.
Егер жаңа Конституция өзінен бұрынғы Тәуелсіздік актісіне сүйенбесе, қоғамда бір сұрақ туады:
«Ендеше, біз қай сәттен бастап мемлекетпіз?»
Бұл сұрақтың екіұшты қалуы — құқықтық та, саяси да тұрғыдан қауіпті.
1991 жылғы Конституциялық заң:
– Қазақстанды халықаралық құқықтың дербес субъектісі ретінде жариялады;
– жер мен табиғи ресурстардың халыққа тиесілі екенін бекітті;
– дербес ішкі және сыртқы саясат жүргізу құқығын орнықтырды.
Яғни бұл заң — бүгінгі мемлекеттің құқықтық туу туралы куәлігі. Мазмұны жағынан зайырлы демократиялық бастаманың көрінісі болды. Ол Атазаңды барынша әділ әрі шынайы сайланған Жоғары Кеңес қабылдады. Ол Конституция егемендікті институционалдық тұрғыдан бекітті. Сол халықтық конституцияны жою үшін кәзіргі 1995 жылғы Конституция керек болды. Ал енді жаңа Конституция сол жолдың логикалық жалғасы екенін көрсетуі тиіс.
Кейде преамбулаға екінші дәрежелі, символдық мәтін ретінде қараймыз. Алайда конституциялық тәжірибеде преамбула:
– Конституцияның рухын айқындайды;
– баптарды түсіндіруде бағдар береді;
– қоғамға мемлекеттің өзін қалай таныстыратынын көрсетеді.
Егер преамбулада 1991 жылғы Тәуелсіздікке тікелей сілтеме болса, бұл бірнеше маңызды нәтиже береді:
– жаңа Конституция «бәрін қайта бастау» емес екенін көрсетеді;
– мемлекеттің легитимділігі күшейеді;
– тарихи әділдік сақталады.
Бұл қадам:
– саяси бөлінуді емес, біріктіруді көздейді;
– өзгерісті «қауіп» емес, табиғи даму ретінде ұсынады;
– Конституцияны қоғамға жақындатады.
Қысқасы, формула қарапайым әрі түсінікті:
1991 жыл — бастау.
Ал жаңа Конституция — сол бастаудың кемелденген жалғасы.
Конституция тек болашаққа бағытталмауы керек.
Ол қайдан шыққанын да анық айтуы тиіс.
Өз тарихын мойындаған мемлекет қана болашағына сенімді қадам жасай алады. Ал 1991 жылғы Тәуелсіздікке сүйенген Конституция қоғам үшін де, мемлекет үшін де берік тірекке айналады.
Жоба мәтініндегі жағдай:
Қазіргі нұсқада Тәуелсіздік жарияланған 1991 жылғы Конституциялық заңға тікелей сілтеме жоқ немесе ол бұлдыр.
Мәселе ретінде мынаны атау керек:
– мемлекеттіліктің құқықтық бастауы көмескіленеді;
– жаңа Конституция «үзік құжат» ретінде қабылдануы мүмкін;
– тарихи сабақтастық әлсірейді.
Ұсынылатын қысқа преамбула редакциясы мынау:
Біз, біртұтас Қазақстан халқы, 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңмен жарияланған
Тәуелсіздігімізді баянды ете отырып,
· байырғы қазақ жеріндегі мемлекеттіліктің тарихи сабақтастығын сақтап, қазақ ұлтының тарихи еркін қадыр тұта отырып,
· адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық деп танып,
· демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетті орнықтыруды мақсат етіп,
· келешек ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілігімізді сезіне отырып,
Қазақстан Республикасының Ата Заңын — осы Конституцияны қабылдаймыз.
Серік Ерғали
Mezgil.kz