Қазіргідей жаһандық геосаясаттағы алыптар өзара күш сынасып, әлемге әмір айта бастаған уақытта Қазақстанға кәсіби әрі есепке құрылған сыртқы саясат керек-ақ.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Сөзсіз Қазақстан үшін сыртқы саяси белсенділікті арттыру, біршама сақ әрі батыл қадамдар жасау, әлемдік күш орталықтары арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, көптеген ірі дипломатиялық қадамдар жасау – тағдыршешті мәселе.
РЕСЕЙ ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ҚАРСЫ АГРЕССИЯСЫН АРТТЫРУДА...
Әсіресе, соңғы айларда солтүстіктегі сойы бөлек көршілеріміз тарапынан ақпараттық шабуылдар үдей түскенін осыған дейін егжей-тегжейлі жаздық. Әрісін айтпағанда, осы қаңтар айының өзінде Ресей телеэфирінің бас пропогандашысы Владимир Соловьев бастап, Ресейдің бас философы саналатын, «Орыс әлемі» атты неоимпершілдік идеологияның авторы Александр Дугин қоштап, бір кездегі ортаңқол боксшы, бүгінгі Ресей парламентериінің бет-бейнесі болып отырған Николай Валуев еріп үріп, Қазақстан мен Орталық Азияға қарата агрессиялық сипаттағы мәлімдемелерді қарша боратты.
ПӘКІСТАН – ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ЖАҢА СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒЫТ ПА?
Ресейдің Украинаға соғыс ашуы һәм әлемнің өркениетті елдерінің дөге-дөге санкциялық шектеулеріне ілінуі – Орталық Азия географиялық аймағындағы ұзақ жылдар бойы қалыптасқан транспорттық-логистикалық маршруттарға айтарлықтай кері әсерін тигізді. Бұл ретте ОА-ның негізгі ойыншысы саналатын Тәуелсіз Қазақстан өзінің мемлекеттік мүддесін басшылыққа ала отырып, халықаралық интеграциялық жобалары мен транспорттық-логистикалық бағыттарын әртараптандыруда. Бұл ретте баламалы бағыттардың бірі ретінде – Өзбекстан-Ауғаныстан-Пәкістан бағыты да қарастырылуда.
Пәкістан – Қазақстан үшін потенциалды серіктес ел саналады. Көпмиллиондық тұтыну нарығы бар Пәкістан қазіргі уақытта азық-түлік өнімдеріне сұранысты арттыруда. Бұл тұрғыдан – Қазақстанның Пәкістанға берері аз емес. Өзара әріптестікті күшейтудің палитрасы да ауқымды. Соның ішінде Қазқастан астығына сұраныс жоғары.
Ал Пәкістан өз кезегінде жеңілөнеркәсіп саласы жақсы дамым келе жатқан ел ретінде, Орталық Азия нарығына кіруге мүдделі.
Тақырыпқа тұздық: Жуырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Пәкістанға баратыны БАҚ-та айтылды.
Бұл ретте, Қазақстан мен Пәкістан әріптестігінің көкжиегі қандай? Әлеуетті қос мемлекеттің өзара түсіністігі қай деңгейде болмақ? Қазақстан үшін Пәкістан сыртқы саясаттағы баламалы басым бағыттардың бірі бола ала ма? Біз саясаттанушы Жанат Момынқұлов мырзаның пікірін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
ПӘКІСТАН ҚАЗАҚСТАНМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ МҮДДЕЛІ!

(Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды)
Жанат Момынқұлов:
– Тоқаев екі-үш күнде Пәкістанға бара жатыр. Қазақстан мен Пәкістан Оңтүстік Азия мен Араб теңізіне жол ашатын теміржол жобасын Исламабадпен келісе алса, аймақ үшін жаңа геоэкономикалық жол ашылады. Біз бұрыннан айтып жүрген Оңтүстік Азиядағы ыстық теңіздерге (Үнді мұхиты) жолды тесіп шығу мүмкін болады.
Қазақстан мен Пәкістан арасында стратегиялық сенім нығайса, көлік-логистика алдыңғы қатарға шығады. Ядролық күш саналатын Пәкістан Ауғаныстанға ең жақын және Қазақстанның тәуелсіздігін Түркиядан кейін мойындаған екінші ел. Былтыр Үндістанмен қақтығыста мысын, қауқарын көрдік, азулы әскері бар ел. Бірақ бұл Үндістан біз үшін стратегиялық мәнін жоймайды. Пәкістан Сауд Арабиясымен әскери альянс құрды, Түркияға аса бауыр тартып, «сунни елдер пактын» құра алатын, қос держава АҚШ пен Қытаймен етене жақын мемлекет. Негізі Пәкістан Қытайдың сенімді досына айналған «қолбала елге» айналу тәуекелі бар.
Сонымен, Орталық Азияны Ауғаныстан жері арқылы Оңтүстік Азиямен байланыстыратын теміржол іске асса, логистикалық қыспақта, көліктік тығырықта отырған ел(дер)іміз үшін Пәкістан зор мүмкіндіктер ашады деп үміттенем.
Теміржол Түркіменстан-Ауғанстан шекарасындағы Тургунди - Герат - Кандагар - Спин-Болдак (500 млн. дол.) арқылы Пәкістанның ішкі теміржолымен Гвадар портына жетеді. Бағасы 7 млрд. долларлық жобаға пәкістандықтар көк тиын бермейтін болдық деп мәз. Ауғандар болса да төлемейді. Бұл - әсілі геосаясатты өзгертетін жоба: Орталық және Оңтүстік Азияны жалғайтын инфрақұрылым. Пәкістанның порттарына жетіп алсақ, одан әрі Үнді мұхиты арқылы БАӘ, Араб-Парсы шығанағы және Африка, АСЕАН бағыттарына жүк тасымалдау мүмкін. Бұл Үнді мұхитында экспорттық маршруттарға қосылу деген сөз. Бай аймақ Таяу Шығыстың, 2 млрд. халқы бар Пәкістан-Үндістан аймағының мүмкіндіктері бізге жақындайды.
Бұл жобаға Біріккен Араб Әмірліктері мен Ауғанстан да қатысады. Қазақстан тарапы БАӘ тарапына үшжақты меморандум жолдап, ақпанда қол қоюы мүмкін. Құрылысты үш жылда аяқтау жоспарда. Орталық Азия мен Таяу Шығыс нарықтары жақындай түседі. Жоба толық іске асса тауар айналымы 14 млрд. доллар болады деген болжам да бар.
Бұл жол Қазақстан үшін экспорт-транзит мүмкіндігін арттырып, теңізге тікелей шыға алмайтын елдің шектеулерін азайтады, аймақтың транзиттік әлеуетін күшейтеді, көпвекторлы сыртқы саясатын жаңа экономикалық тірекке айналдырады.
Пәкістан Қазақстанмен жұмыс істеуге мүдделі, біздің идеямызды қолдап тұр. Исламабад үшін де бұл жоба стратегиялық маңызды. Жаңа теміржол желісі Пәкістанның порттық инфрақұрылымын логистикалық хабқа, коннекторға айналдырады. Бұл «транс-ауғандық» теміржолы Қазақстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Пәкістанды біртұтас логистикалық кеңістікке біріктіреді. Бұл Орталық Азияны тұйық аймақтан ашық аймаққа айналдыруға мүмкіндік береді. Тек Өзбекстанды айналып өтетіні «қызық». Айтпақшы Мирзиеев бүгін Түркияда, алда ол да Пәкістанға келе жатыр. Өзбекстан да UAP (Uzbek-Afghan-Pak) транс-ауған жолын салуға мүдде танытты. Мирзиеев те Ауғанстан, қауіпсіздік мәселесін талқылайтын сияқты.
Сонда Қазақстан салатын бұл жол «Солтүстік-Оңтүстік» бағытына да қызмет ете ме? Ресей де қатыса ма бұған? Сұрақтар бар, көп. Қалай болса да, сең қозғалып, «Транс-Пәкістан» теміржолы аймақаралық байланыстарды нығайтып, құрылысқа шетел капиталын тарта отырып, Қазақстанның геоэкономикалық дербестігін күшейту үшін ұзақмерзімді, ұтымды жоба болады деп сенейік. Анығын уақыт көрсетеді. Егер бұл жоба іске асса - аймақта геоэкономикалық балама маршруттардың маңызын арттырады деген сөз.
Mezgil.kz