АҚШ Таяу Шығысқа әскери кемелерін аттандырып жатыр. Трамп Иранға соққы жасау мүмкіндігін жоққа шығармауда. Қазіргі уақытта, аймаққа АҚШ-тың ең қуатты әскери армадасының бірі Abraham Lincoln ұшақтасушысы бастаған флот келіп жетті. Бұл флоттың құрамында USS Frank E. Petersen Jr, USS Spruance, USS Michael Murphy эсминецтері де бар. АҚШ-тың флоты қандай қаруға ие және Иран оған төтеп бере ала ма?
(Сурет Mezgil.kz, ЖИ арқылы жасалды)
USS Abraham Lincoln ұшақтасушысы АҚШ-тың теңіз күштеріндегі қуатты кеменің бірі саналады. Кемені жасау 1982 жылы басталды, ал 1989 жылы қолданысқа берілді. Кеменің ұзындығы 332 метр. Ұшақтасушы әлемдегі ең қуатты кіші ядролық реакторлы қозғалтқыштың бірі саналатын Westinghouse A4W жүйесімен жарақтанған. Соның арқасында ұзақ қашықтыққа айлар бойы жүзе алады, ал жылдамдығын сағатына 56 шақырымға дейін жеткізуге қабілетті.
Кемеде өзін қорғау жүйелері жыл сайын өзгеріп, модернизациялануда. Ұшақтасушыда Sea Sparrow атты құрылғысы бар. Сонымен бірге кемелерге қарсы RAM RIM-116 жүйесі мен CIWS Phalanx қорғаныс кешендері орнатылған. Әуе кеңістігін бақылауға арналған AN/SPS-48E мен AN/SPS-49 радарларымен қамтамасыз етілген.
Кеме экипажының саны 5680 адамды құрайды. Олардың 3200-і кемеде қызмет етсе, 2480 адам кеме үстіндегі авиациялық бөлімшеде қызмет етеді. Қазіргі сәтте ұшақтасушы 90-ға дейін ұшақ пен тікұшақты тасуға қабілетті. Кемеде F/A-18E/F Super Hornet жойғыш ұшақтары, EA-18G Growler радиоэлектронды күрес ұшағы, E-2D Advanced Hawkeye мониторинг жасау және барлау ұшақтары, MH-60 тікұшақтары бар. Дәл осындай қуатқа ие ұшақтасушы бастаған армада Таяу Шығыс аймағына кірді.
USS Frank E. Petersen Jr минатасушы кемесі де аталған флотпен бірге келді. Кеменің ұзындығы 155 метр. Aegis Baseline 9C2 әуе және зымыран шабуылына қарсы жүйемен жарақтанған. Ату жүйелері Standard, Tomahawk, ESSM пен VL-ASROC зымырандарын қолдана алады. Сонымен бірге SH-60 екі тікұшағы орналасқан.
USS Spruance (DDG-111) кемесі 2011 жылы қолданысқа берілді. Кеменің ұзындығы өзге кемелер іспеттес 155 метр. Ату жүйесі 96 ұяшықтан тұрады. Сонымен бірге 8 дана Harpoon кемелерге қарсы зымыран ататын жүйесі бар. Торпедалар мен жеңіл қаруды да тасиды. Кемеде екі дана SH-60B тікұшағы орналасқан
USS Michael Murphy (DDG-112) эсминеці 2012 жылы қолданысқа берілді. Кеменің ұзындығы 155 метр және бірнеше типтегі зымырандарды қолдана алады.
Ұшақтасушымен бірге келген үш эсминец те бірдей қаруларға ие. Кемелердегі Standard SM-6 зымырандары 465 шақырымға дейін соққы жасай алады. Бұл зымырандар көбіне қарсыластың кемелерін соққылауға арналған. Сонымен бірге әуе және жердегі нысандарды да жоюға қабілетті. Флот құрамында өзге де десанттық кемелер мен сүңгуір қайықтар бар.
Флот құрамындағы "Томагавкі" зымырандары алысқа дәл соққы жасауға арналған. Block IV типіндегі түрі 1600 шақырымдағы нысандарды жоя алады. Аталған зымырандарды қолдану арқылы бетонды нысандарды жоюға болады. Теңіз шайқасында "Гарпун" зымырандары қолданылады. Ол түріне қарай 130-240 шақырымға ұшады.
Әскери сарапшылар АҚШ-тың флоты Иранның құрлықтағы нысандарына соққы жасау мақсатында қолданылмайтынын айтуда. Флоттың мақсаты Иранның теңіздегі әлеуетін әлсірету және аймақтағы АҚШ-тың базалары мен одақтастарын қорғау болмақ. Флоттағы ұшақтар әуе қорғаныс жүйесі ретінде қолданылады. Пентагон флот құрамындағы "Томагавкі" зымырандарымен Иранның кей әскери нысандарын жоюды да ойластыруы мүмкін. Дегенмен, АҚШ әскері алыс қашықтыққа ұшып барып, соққы жасайтын ауыр бомбалаушы ұшақтарға, F-35 ұшақтарына басымдық беруде.
Mezgil.kz