«Соғыссақ – соғысамыз!»: АҚШ пен Иран жойқын соғысқа дайындалуда...

Күні-кеше АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Иран билігін ядролық келісімге қол қоюға, АҚШ шарттарын дереу қабылдауға үндеп, жазба жариялады.

1769673679329633.jpg

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

ТРАМПТЫҢ ИРАНҒА ҮНДЕУІ: УАҚЫТТАРЫҢ АЗ ҚАЛДЫ!

«Қазір Иранға қарай өте қуатты армада бағыт алды. Ол өте жылдам қарқынмен алға жылжып барады. Керемет қуатқа және нақты мақсатқа ие. Бұл «Авраам Линкольн» ұшақтасушысы бастап бара жатқан флоттың ауқымы Венесуэланы құрсауға алған флоттан әлдеқайда үлкен. Ол Венесуэла маңындағы флот іспеттес, қажет жағдайда жылдам әрі қуатты негізде әрекетке көшуге дайын. Жақын аралықта Иран келіссөз үстеліне отырып, әділетті және өзара тиімді негізде, ядролық қарудан бас тартып, келісімге дайын болады деп үміттенеміз. Уақыт тым аз. Сағаттар сырғып жатыр. Мен бұрын айтқанымдай, Иранға тағы айтқым келеді: Келісім жасаңдар! Бұрын олар келісім жасаспай, «Түн ішіндегі балға» операциясы болып, Иранды талқандадық. Ендігі шабуыл әлдеқайда қуатты болмақ! Шабуылдың қайталануына жол бермеңдер», - деді Трамп.

ИРАННЫҢ ЖАУАБЫ: СОҒЫССАҚ – СОҒЫСАМЫЗ!

АҚШ президентінің бұл айтқандарына Ираннан қос бірдей тұлға жауап қатты. Бірі – Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи болса, екіншісі – Иран Жоғарғы көсемінің көмекшісі Әли Шахмани.

«АҚШ тарапынан қандай да бір агрессия жасала қалса, Иран лезде жойқын жауап қайтарады. Біз 12 күндік соғыстан сабақ алдық. Қазір біздің әскердің саусағы шүріппеде тұр. Десе де, біз Иран мүддесін басшылыққа алып, теңқұқылы ядролық келісімге ашықпыз», - деді Аракчи.

Оның артынан іле-шала: «АҚШ тарапынан қандай да бір әскери әрекет жасала қалса, ол Иранға соғыс ашу деп есептеледі. Біз АҚШ-тың Таяу Шығыстағы базалары мен Тель-Авивтің талқанын шығарамыз», - деді Шахмани.

ТҮРКИЯНЫҢ АРАҒАЙЫНДЫҒЫ НӘТИЖЕ БЕРЕ МЕ?

«The Jerusalem Post» басылымының жазуынша, қазір бірнеше мемлекет АҚШ пен Иран арасына арағайындық жасауға тырысуда. Атап айтқанда: Түркия, Оман мен Катар қазір тараптардың тікелей келіссөздерін өткізуге алаң ұсынуда. Алайда, бұл ұсыныстар қазір сөз жүзінде қалуда.

Түркия президенті Режеп Ердоған 27 қаңтар күні АҚШ президенті Трампқа телефон соғып, Иран мәселесі бойынша «АҚШ-Түркия-Иран» үшжақты келіссөздерін ұсынған.

Ердоған өз сөзінде: «Аталған дауды шешу үшін дипломатиялық қадамдар маңызды. Бұл – онсыз да ушығып келе жатқан өңірлік дағдарыс пен әскери қақтығыстың алдын алу үшін керек қадамдар. Үшжақты саммитті жоғарғы басшылар деңгейінде, тіпті видеоконференция форматында өткізуге де болады. Бұл келіссөз процесстерін жеделдетуге де тиімді», - деген.

Ал Түркияның СІМ басшысы Хакан Фидан: «Уашингтон мен Теһеранды қайшылықтарды дипломатиялық жолмен шешуге шақырамыз. Қордаланған мәселелерді кезек-кезек, рет-ретімен қарастыру маңызды. Иран тарабы қазір ядролық келісім бойынша келіссөздерге дайын. АҚШ Иранға қатысты мәселелерін бір-бірлеп шешуге ұмтылуы керек», - дейді.

ӘЛЕМДІК БАҚ: ТАРАПТАР СОҒЫСҚА ТАСТҮЙІН ДАЙЫН ОТЫР!

«Reuters» агенттігі: «Трамп Иранға соққы жасаса, Иранда билікке қарсы қайта наразылық акциялары басталуы ықтимал. Трамптың соққы жасау идеясы да осымен байланысты. АҚШ әкімшілігі Иранда интернетті үздіксіз қолжетімді ету жолдарын да қарастыруда», - деп жазады.

«The New York Times» басылымы: «АҚШ алдағы 48 сағатта Иранға соққы жасауы мүмкін. Трамп әкімшілігі Тегеранға қысымды арттырды. Иран жылдам арада қойылған талаптарға келіспесе, АҚШ әскери әрекетке көшуі мүмкін», - деп жазады.

«CNN» арнасы: «Трамп соққы жасаудың түрлі нұсқасын қарастыруда. Ядролық нысандарға, үкімет ғимараттарына, әскери базаларға соққы жасауы ықтимал», - деп жазады.

«New York Times» басылымы: «Иранның билік элитасына дәл соққылар. Уашингтон тікелей әрекетке дайындалуда. АҚШ Иранға дәл соққылар сериясын жасауға дайындалуда. Басты нысан – толқулар кезінде халықты басып-жаншуға, өлтіруге тікелей қатысы бар шенеуніктер мен әскери тұлғалар», - деп жазады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар