Таяу Шығыс қайта өртенуде: Трамп Аятоллаға соққы жасамақ...

Ирандағы Аятолла режиміне қарсы жалыхалықтық наразылықтардан кейін Уашингтон мен Теһеран арасы суыса түскені жасырын емес.

1769511402686148.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

ТРАМПТЫҢ УӘДЕСІ ҚҰР СӨЗ БЕ?

Әуелде Аятолла Әли Хеменей режиміне ақыра сөйлеп: «Наразылыққа шыққан халық жапа шексе, АҚШ Иранға соққы жасайды», - деген АҚШ президенті кейін райынан қайтқандай болған.

Президент Трамп бұл риторикасын бірнеше мәрте қайталап: «Егер Аятолла режимі халыққа оқ атса, Біз Иранға жойқын соққылар жасаймыз», - деп бір сөйледі.

Кейін Иран халқына үндеу жасап: «Күтіңдер, көмегіміз жолда», - деп тағы айтты. Көп ұзымай, Аятолла режимі Ирандағы жалпыхалықтық толуқыларды күшпен басты. Ал «көмек жіберуге» уәде берген Трамп кейін: «Иран билігі біздің сөзімізден кейін  800-ге жуық өлім жазасын орындаудан бас тартты. Біз де райымыздан қайттық», - деген ауанда сөздер айтты.

Бірақ, бұл – Уашингтон мен Теһеран тіл табысты дегенді әсте білдірмейді. Себебі, осыдан соң да, Аятолла мен Трамп арасында сөзқағыс жария түрде жалғасты. Тараптар бір-бірін «зұлымдыққа» айыптап, сес көрсетті. АҚШ – Иранға соққы жасау идеясынан түбегейлі бас тартпағанын айтса, Иран – АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери базаларын талқандайтынын айтты.

ӘСКЕРИ БЕЛСЕНДІЛІК АРТТЫ: АҚШ ИРАНҒА СОҚҚЫ ЖАСАЙ МА?

Десе де, соңғы уақыттардағы АҚШ-тың әскери һәм саяси билігінің Таяу Шығыстағы маневрлары Уашингтонның Теһеранға соққы жасау туралы ойынан хабар береді.

«New York Times» басылымы: «Иранның билік элитасына дәл соққылар. Уашингтон тікелей әрекетке дайындалуда», - деп жазады.

Басылым дерегінше, АҚШ Иранға дәл соққылар сериясын жасауға дайындалуда. Басты нысан – толқулар кезінде халықты басып-жаншуға, өлтіруге тікелей қатысы бар шенеуніктер мен әскери тұлғалар.

«Соққылар жақын арада жасалуы мүмкін деп күтілуде. Трамп әкімшілігі Иранда билік режимін ауыстыру туралы ойынан бас тартқан жоқ», - деп жазады басылым.

АҚШ-ТЫҢ АРСЕНАЛЫ АТЫСҚА ДАЯР ТҰР

Соңғы апталарда АҚШ Таяу Шығыстағы әскери арсеналын күшейтті. Ең алып «USS Abraham Lincoln» ұшақтасушы бастаған флот Таяу Шығысқа келіп жетті. Оған «Patriot» және «THAAD» әуе қорғаныс жүйелерін орналастырады және оларға арналған зымырандарды көбейтті. Бұған қоса, АҚШ Таяу Шығысқа қару-жарақ жеткізуді үдетті. «C-17А Globemaster III» ұшақтары тоқтаусыз әскери жүктерді жеткізуде. Негізінен Катар, Сауд Арабиясы, Иорданиядағы АҚШ базаларына қару қоры толтырылуда. АҚШ аймақта әуе және теңіз күштерінің жаттығуын бастайтынын айтты.

«New York Times» басылымы: «Американың барлау қызметі Трампқа Иранның саяси дағдарысқа жақын жағдайда екенін және Теһерандағы Аятолла режимінің позициясы айтарлықтай әлсірегенін хабарлады», - деп жазады.

Ал «Middle East Eye»: «АҚШ Таяу Шығысқа әскерін топтастыру арқылы, Иранға дәл соққы жасауды ойластыруда. Соның ішінде Иранның жоғары шенді шенеуніктері мен әскери қолбасшыларын жоюы мүмкін», - деп жазады.

Қазір Уашингтон Теһеранға соққы жасайды деген болжамға еш күмән жоқ. Сұрақ – оның ауқымы қандай болмақ?

Бұл ретте 2 түрлі сценарий айтылады. Бірі – жойқын соққы. Яғни, Иранның негізгі әскери нысандарына жаппай соққылар жасалады. Екіншісі – шектеулі соққылар. Бұл дегеніңіз – Иранның саяси лидерлері мен тұлғаларына бағытталған дәл соққылар.

Ұзын-құлақтың әңгімесі – Иранның Жоғарғы көсемі Аятола Әли Хаменей қазір бункерге жасырынғаны айтылады. Ал Иранның Ұлттық қауіпсіздік басшысы Эбрахим Азизи АҚШ-қа сес көрсетіп: «Адасқан президентінің шешіміне байланысты АҚШ қандай да бір қателік жіберсе, онда бұл аймақтағы АҚШ сарбаздары отбасы мүшелерімен қоштасып келді деп үміттенемін», -деді.

Осылайша Таяу Шығыстың температурасы тағы қыза түсті...

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар