Қос арабтың қырқысы: Кімнің күші басым?

Таяу Шығыс бойынша сарапшылар Сауд Арабиясы мен БАӘ арасындағы бәсекелестік ашық жауластыққа ұласқанын жазуда. Сонымен, қос араб елінің бақталастығы қалай өрбуде?


ChatGPT Image 26 янв. 2026 г., 16_04_40.png(Сурет Mezgil.kz, ЖИ арқылы жасалды)

 

Сауд Арабиясы мен БАӘ-нің Таяу Шығыс аймағындағы және Африка құрлығындағы мүдделік қарсылығы артуда. Тараптар БАҚ беттерінде бір-бірін айыптаса, аймақтық қарсылықта өзара жауласушы күштерді қолдауда. Сарапшылар о баста Йеменде одақтас болған қос елдің бәсекелестігі туралы көлдей етіп мақалалар жазуда.

 

2014 жылы Йеменде азамат соғысы басталған сәтте, Сауд Арабиясы хуситтерге қарсы коалиция құрды. Коалиция құрамына БАӘ-де қосылды. Коалицияға Бахрейн, Кувейт, Иордания, Судан, Мысыр, Сенегал және басқа елдер де мүше болды. Алайда араға уақыт салып, коалиция құрамынан көптеген ел шығып кетті. Оның ішінде БАӘ де бар еді. Йемендегі азамат соғысы тек хуситтер мен үкімет әскерінің қарсылығынан тұрмады. Қақтығыстағы ойыншылар саны артты. Йеменде түрлі күштер бақылайтын аймақтар пайда болды.

 

Сауд Арабиясы Йеменмен тікелей ұзын шекарасы бар ел. Саудия қақтығыс басталған сәтте, Йеменде Иранның қолдауына ие шииттік күштердің билікті алуын қаламады. Сауд Арабиясы хуситтер арқылы Иран тікелей қысымды арттырады деп санады. Сонымен бірге, Йеменнің оңтүстік және солтүстік деп бөлінуін де қолдаған жоқ. Себебі бұл аймақтағы ұзаққа созылған қақтығыстың бастамасы болар еді. Сауд Арабиясы ең алдымен өзінің шекаралық қауіпсіздігін ойлап, хуситтерге қарсы әскери операцияны бастады.

 

Ал БАӘ-нің мақсаты мүлде бөлек еді. БАӘ Йеменнің оңтүстігіндегі порттарға қызығушылық танытты. Кейін Оңтүстік Йеменнің бөлінуін қолдайтын күштерді астыртын қаржыландыра бастады. Тіпті әскери көмек те берді. Болашақта Йемен бөлшектеніп кетсе, бірнеше портты аймақты ұзақ жылға өз бақылауына алуды ойлады. Баб-әл-Мандеб бұғазы арқылы өтетін сауда жолдарын да бақылағысы келді. Бұл Сауд Арабиясының геосаяси ұстанымына қайшы еді. Ақыры БАӘ Йеменнен әскерін әкетті. Алайда Оңтүстік Йеменді тәуелсіз ел еткісі келетін күштерді қолдауын жалғастырды. Бұл 2025 жылдың соңында Йеменде БАӘ жақтайтын күштер мен Сауд Арабиясы жақтайтын күштердің ашық айқасына ұласты. Сауд Арабиясы БАӘ жеткізген әскери техникаларды соққылап, БАӘ-ге қатаң талап қойды. БАӘ Йемендегі Оңтүстік Йеменді тәуелсіз ет еткісі келетін күштерді жақтауды тоқтататынын айтты. Осылайша Йемендегі Саудия мен БАӘ-нің о бастағы коалициясы ашық жауластықпен аяқталды. Хуситтер бұл қақтығыстарға қатысқан жоқ.

 

Саудия билігі БАӘ-нің құрылуында маңызды рөл ойнады. Оның суверенитетін мойындап, саяси тәуелсіздігін күшейтуге үлес қосты. Екі елдің арасында аумақтық дау да болды. Бурайми оазисі үшін болған дауды қос тарап қақтығыссыз шешті. 1974 жылы «Жидда келісімі» жасалып, Саудия бірқатар аймақтық талабынан бас тартты. Осы мысалдарды ту еткен Саудия билігі БАӘ-ні өзіне қарыздар ел санайды. Эр-Рияд «Абу-Дабидің әрекеті аймақтағы тыныштықты бұзуда» деп есептейді.

 

Қазіргі сәтте екі ел инвестиция және туристер үшін таласып жатыр. Сауд Арабиясы заманауи үлгідегі жаңа қалаларды салуды жоспарлауда. Ал БАӘ Дубайдан бөлек өзге жобаларды іске асырмақ. БАӘ аймақтағы ірі порттарға қаржы құйып, инвестицияны өзі де белсенді түрде өзге елдерге бағыттап, Саудияның саяси салмағын азайтуға тырысуда. БАӘ соңғы жылдары Африка құрлығына белсенді түрде кіруде.

 

Сарапшылар қос елдің ашық та жабық бақталастығы Африкадағы қанды шайқастарда да байқалады дейді. Судандағы соғыста БАӘ «Жылдам әрекет ету күштерін» қолдап, қанды қырғынның басты демеушісіне айналды. Осы сәтте Сауд Арабиясы бұл қырғынды айыптай сөйлеп, арнайы мәлімдеме жасады. Мамандар Сауд Арабиясы мен БАӘ арасындағы қақтығыстың күшейетінін болжауда. Себебі басты бәсекелестік аймақтағы геосаяси және геоэкономикалық көшбасшылық үшін жүруде. 


Mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар