Мәскеудің мүшкіл хәлі: Ресейліктер «табыт ұшақтармен» ұшып жүр...

Имперлік пиғылмен бейбіт Украинаға соғыс ашып, өркениетті әлемнің санкциясына ілінген Ресей енді ескі-құсқы ұшақтарды қайта жөндеп, қолданысқа бермек. Ресей ақпараты бұл жаңалықты сүйіншілеп хабарлауда.

1769080277866138.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Жуырда әртүрлі үлгідегі ұзын-ырғасы 12 ұшақ қайта жөндеуге жіберілген. Ресей осылайша ел ішіндегі сұраныс пен әуе лайнерлерінің тапшылығын жартылай болса да өтеуге тырысуда.

РЕСЕЙ АВИАЦИЯСЫНЫҢ МҮШКІЛ ХӘЛІ: МАЙЛАП, БАЙЛАП, ЖАЙЛАП...

2022 жылы Украинаға соғыс ашқаны үшін ресейлік авиация өнеркәсібіне халықаралық санкциялар салынды, содан бері Ресей шетелден әуе лайнерлерін сатып ала алмады және өзінің өндірісін қалпына келтіре алмады.

«Известия» гәзеті қайта жөндеуге жіберілген ұшақтардың бірсыпырасын атап жазыпты. Соның ішінде 9 дана орта қашықтыққа ұшатын Ту-204 және Ту-214 ұшақтары, 1 дана өңірлік әуе қатынастарына арналған Ан-148 ұшағы мен 2 дана ұзақ қашықтыққа арналған кең фюзеляжды Ил-96 ұшақтары күрделі жөндеуге берілген.

Ресей билігі ұшақтарды жөндеп, жамап-жасқап, қайта қолданысқа беру бағдарламасын 2022 жылы іске қосқан. Содан бері 10 ұшақты бөлшек-бөлшек етіп қайта құрастырып, қолданысқа берген.

РЕСЕЙ МҰНДАЙ МҮСӘПІРЛІККЕ ҚАЛАЙ ҰШЫРАДЫ?

Украинаға қарсы соғыс басталмай тұрып, Ресейдің әуе компанияларының пайдалануында ұзын-саны 850 ұшақ болған екен. Ал бір жылдан соң (2023 жылы) Ресейдің азаматтық авиациясының жалпы паркінде 736 ұшақ қалған. Ал 2026 жылға қарай, Ресейде жолаушылар тасымалдайтын ұшақтар саны 2 есеге қысқармақ деген болжам айтылады.

2021 жылы Ресейдің әуе компаниялары жиынтығы 111 млн адамға қызмет көрсетсе, 2022 жылдың соңындағы есеп бойынша, 95 млн адамға дейін азайған. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш азайған үстіне азайып отырған. Бұның барлығына бір себеп. Ол – санкцияның күші.

Росавиация басшысы Дмитрий Рядов өткен жолы Ресейдегі ұшақ тапшылығы мәселесі төңірегінде өзінің пікірін білдіріп: «Біздің пессимистік болжамымыз бойынша, 2030 жылға қарай жалпы 339 ұшақ қолданыстан шағарылмақ. Олардың 230-ы отандық өндірістің ұшақтары. Олардың қолданысқа берілгеніне 40-60 жыл болған ұшақтар. Сонымен қатар, шетелдік өндірістің 109 ұшағы да істен шығады», - деген.

РЕСЕЙДЕ АВИАЦИЯЛЫҚ КАННИБАЛИЗМ КҮШЕЙДІ

Қазір Ресей санкциялық шектеулерге байланысты ұшақтарды күрделі жөндеуден өткізу мүмкіндігін жоғалтқан. Соның салдарынан, Росавиация істен шығарылған ескі ұшақтардың бөлшектерін қайта құрастыру арқылы ұшақ жасау бағдарламасын іске қосқан. Бұл дегеніңіз – авиация саласындағы каннибализм деген сөз.

Қазір ұшақтарды консервацияға жіберудің бірнеше себебі ашық айтылуда. Мысалы:

Ил-96, Ту-204 және Ту-214 ұшақтары – әбден ескірген конструкциялар. Яғни ескі үлгідегі ұшақтар. Бұл ұшақтардың экипаждары 3 адамнан тұрады. Екі пилоттан бөлек бортинжинер де бірге жүруі тиіс. Ал заманауи ұшақтарда қазір бортинжинер деген бірге ұшпайды. Оның қажеттілігі де жоқ. Өйткені, ұшақтар толықтай автоматтандырылған.

Ал Ан-148 – әуелден украиналық ұшақ. Қазір Ресейдің өңірлік тасымал желісінде бірді-екілі данасы қалған. Әбден тоз-тозы шыққан ескі ұшақтар. Бұл ұшақтардың бірнеше данасы қазір РФ Төтенше жағдайлар министрлігінің баллансында бар.

РОСАВИАЦИЯ ДАБЫЛЫ: ҰШАҚ ЖЕТІСПЕЙ ЖАТЫР...

Ресейдің азаматтық әуе тасымалы секторындағы басты жетіспеушілікті – алыс қашықтыққа ұшатын ұшақтар құрап отыр. Ресей алып территорияға ие мемлекет. Ал Ресейдің өңіраралық азаматтық әуе тасымалы күн өткен сайын тапшылыққа душар болып, алыс қашықтыққа ұшатын ұшақтар жетіспеушілігі артып келеді.

Қазірге Мәскеу мен Владивостоктың арасы секілді алыс қашықтықтарды соғысқа дейін алынған шетелдік әуе лайнерлері орындап жүр. 2025 жылғы есеп бойынша, Росавиация активінде мұндай 38 дана ұшақ қалған. Жалпы Ресейде қолданыста бар алыс қашықтыққа ұша алатын ұшақтардың барлығы дерлік – шетелдік өндіріс.

Ресей қазір бұл ұшақтарды жөндеуден өткізе алмайды. Өйткені, алыс қашықтыққа ұшатын ұшақтардың саны әлемде шектеулі. Сондықтан оларға қосалқы бөлшектер жеткізу тіпті қиын. Санкция салынған Ресей А350 секілді жаңа моделдегі ұшақтарға қосалқы бөлшектерді мүлде ала алмай отыр. Сондықтан, құрастырылып шыққанына ширек ғасырға жуықтаған А330, Boeing 777, Boeing 747 секілді ескірген ұшақтармен өз азаматтарын тасымалдауға мәжбүр.

Дерек үшін: бір уақыттары әлемдік азаматтық авиацияның негізгі флагманы болған Boeing 747 ұшақтарын қазір әлемнің көптеген елі қолданыстан шығарған немесе жүк тасымалдына берген. Ресейде мұндай ескі ұшақтар көп емес. Ресей қазір олармен өз азаматтарын тасып жүр.

Ресей ең көп қолданып жүрген ұшақтар – Ту-204 және Ту-214 ұшақтары. Бірақ, олар фюзеляжы тар, орта қашықтыққа ұшуға арналған ұшақтар. Дегенмен, олардың паркі де қысқарып жатыр, санкцияларды айналып өтіп, жаңа ұшақтарды әкелу қиын. Сондықтан Ресей олардың өндірісін қалпына келтіруге бар күшін салуда.

Түйін: Ресейдің Украинаға қарсы соғыс ашуы – Ресейдегі азаматтық авиацияның қаншалықты тәуелді екенін әшкерелеп берді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар