Әлемдік ақпарат көздері Сирияда қан-қасап ұйымдастырған, «Хаманың қасапшысы» атанған Рифат Асадтың өмірден өткенін жазуда. Рифат Асад Хафез Асадтың інісі. Ол Хафез Асадқа билікке келуге көмектесті және Сириядағы ең қауіпті арнайы жасаққа басшылық етті. 1982 жылы Хамадағы көтерілісті аяусыз басып-жаншып, «Хаманың қасапшысы» атанды.
(Сурет Mezgil.kz, ЖИ арқылы жасалды)
AFP басылымы Рифат Асадтың 88 жасқа келіп, өмірден өткенін айтуда. Башар Асадтың режимі құлаған сәтте, Рифат Асад Ливан арқылы БАӘ-ге қашты. Оның нақты қай елде көз жұмғаны белгісіз. Асад билігіне жақын болған шенеуніктер оның өмірден өткенін растады, алайда қай елде екенін айтудан бас тартқан.
Рифат Асад 1982 жылы радикалды топтардың Хамада бас көтеруін аяусыз жаншыды. Сарапшылар 27 күнге созылған көтерілісте 10-40 мың адамның өлтірілгенін айтуда. Көтерілісті Хамадағы "Мұсылман бауырлары" ұйымы ұйымдастырды. Олар елде діни билік әкелуді ойлады. Батыс елдері Рифат Асадты көтерілісті қатыгездікпен басты дей отырып, кісі өлтіру, қинау, тұтқындарды азаптау іспеттес мыңдаған іс бойынша айыптаған болатын. Ол сәтте Рифат Асад вице-президент қызметін атқарды, ал оның ағасы Хафез Асад президент еді. 1984 жылы Рифат Асад Хафез Асадты төңкеруге тырысты, алайда оның жоспары іске аспай, Рифат Сириядан қашуға мәжбүр болды.
Ол Еуропаға кетіп, кәсіппен айналысты. Женевада тұрақтады. Артынша Франция мен Испанияны аралады. Испаниядан жылжымайтын мүлік сатып алды. Бірнеше порттан кеме тұрағын алып, бірнеше кемені де иемденді.

2000 жылы Хафез Асал өмірден өтіп, таққа Башар Асад отырды. Сол сәтте Рифат Асад Башарға қарсы шығып, өзін «заңды мұрагер» деп мәлімдеді. Алайда оның сөзі мен мәлімдемесіне Сирия билігі де, шетелдік басылымдар да, Сириядағы антибилікшіл топтар да айтарлықтай назар аударған жоқ.
2011 жылы Таяу Шығыс елдерін бірінен соң бірі наразылық акциялары шарпыды. Бұл 2010 жылы басталған «Араб көктемінің» жалғасы болатын. Сирияда да ірі толқулар болды. Сол сәтте Рифат Асад Башар Асадқа үндеу тастап, биліктен кетуге шақырды. Ол «азаматтық соғыстан құтылудың жолы Башар Асадтың биліктен кетуі» деді. Дегенмен, Башар Асад биліктен кеткен жоқ. Наразылықтар қарулы қақтығысқа, ал қарулы қақтығыс азамат соғысына ұласты. Сирия елі қиранды мен үйіндіге айналды, ал мемлекет бірнеше топтардың бақылауындағы аймақтарға бөлшектенді.
2021 жылы Рифат Асад Сирияға қайта оралды. Себебі Францияда ол 1 млн еуроға бірнеше пәтер сатып алды. Алайда оны заңсыз жолмен төлеп, салықтан жалтарды. Бұл үшін Францияда оны 4 жылға соттайтын еді. Еуропа соттары оның Еуропадағы барлық мүлкін тәркілеу шешімін шығарды. Оның Францияда 116 млн долларлық, ал Лондонда 33 млн долларлық мүлкі болатын. Барлық мүлік тәркіленді. Рифат Асад соттың таққан айыптарын ешқашан мойындаған емес.
Рифат Асад Башар Асадпен татуласудың жолын тапты. 2023 жылы Рифат Асадтың Башар Асад отбасымен бірге түскен суреті жарияланды. Ол Башар Асадтың жақындарымен қайта жылы қатынас орнатты.
Reuters басылымы Башар Асад режимі құлаған сәтте, Рифат Асад ресейлік әскери база арқылы қашпақ болғанын жазды. Алайда Ресей тарапы оны ұшаққа отырғызған жоқ. Рифат Асад өзінің жақын серіктесімен бірге, Ливанға қашты. Оны серіктесі Ливан шекарасындағы кіші өзеннен өту сәтінде арқалап өткен. Артынша ол БАӘ-ге бой тасалаған.
Сарапшылар Рифат Асадтың өмірінің соңы қалай болғанын болжауда. Башар Асадқа жақын болған ақпарат көздері Рифаттың қаржыдан қиналмағанын жазуда. Ол өкпе вирусын жұқтырып, көз жұмды дейді Батыстық БАҚ.