Өміріміз мақта терумен босқа өтті: Мирзиёев өткен шақты айыптап, қазіргі кезеңді мақтады!

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев тәуелсіздік алғаннан кейінгі аралықта мақта шаруашылығы ғылымға негізделмегенін айтып, сынға алды. Ол ғылымға сүйенбегендіктің салдарынан мақта саласындағы жұмыстың ауыр болғанын айтты. Бұл туралы ол 4-желтоқсанда Сырдария аймағындағы шаруалармен кездесу барысында және одан кейінгі жиындарда айтқан.


thumbs_b_c_90e59915ac88c7fceead293b0a977fa0.jpg

 

«Мақта шаруашылығында 27 жыл текке кеткендей. Адамдарды тиісті білімсіз, қаржыландырусыз, техника мен ғылыми сүйенбей, қызметкерлердің еңбегіне құрмет көрсетпестен мақта жинауға аттандырып отырды», - дейді ол.

 

«Қазір адамдардың санасы өзгерді. Біздің өміріміз мақта терумен босқа өтті. Біз осы мақтаның кесірінен 27 жыл қиналдық, бәрі алқаптарда жұмыс істеді, бірақ бәрібір тиісті нәтижеге қол жеткізе алмадық», - дейді Мирзиёев.

 

Осылайша Өзбекстан президенті өткен биліктің кезеңін сынға алды. Дей-тұра, сол мақта шаруашылығына өзінің де тікелей қатысы барын айтпады. Мирзиеев Өзбекстанда ұзақ жылдар бойы жоғары лауазымдарда болды. Тіпті ел премьері болып, атқарушы биліктің барлық іс-әрекетіне жауап берді. Соның ішінде мақта шаруашылығы да бар еді.

 

Мирзиёев шаруалардың бұрын және қазір қол жеткізген нәтижелерін салыстырды. Ол Жизақтағы шаруаның бір гектардан 85 центнер мақта алғанын, ал Сырдариядағы шаруаның бір гектардан 76 центрнер мақта алғанын айтты. Бұрын бұл көрсеткіш 25-30 центнер еді. Оның сөзінше егер мемлекет дәл осындай жоғары нәтижелерге қол жеткізуді жалғастыратын болса, онда мақта саласымен қаржы табу артады.

 

Ол қазіргі таңда Өзбекстанның дұрыс бағытта екенін айтуда. 2026 жылы Өзбекстан 4,5 млн тонна мақта алуды жоспарлап отыр. Биыл бұл көрсеткіш 3,7 млн тонна болды.

 

Өзбекстан билігі тәжірибелі мамандарды енді мақта шаруашылығын бастаған мамандарға үйретуші етіп бекітпек. Гектарына 60 центнер мақта алған шаруалар жастарға білген-түйгенін үйрететін болады. Үйретушілер арнайы курстан өтіп, сертификат алады. Егер олар үйреткен жас мақташылар гектарына 50 центнер мақта алса, онда үйретушіге ақшалай сыйақы берілмек.

 

Өзбекстан ұзақ жылдар бойы мақта алқаптарында бала еңбегін пайдаланып келді. Ташкентке осы үшін тіпті санкция да салынды. 2000-шы жылдары Cotton Campaign өзбек мақтасына бойкот жариялап, бойкотты 300-ден астам әлемдік брендтер қолдады. Мирзиёев студенттер мен оқушыларды мақта алқаптарына жіберу тәжірибесін тоқтата бастады. Ал 2022 жылы Cotton Campaign өзі жариялаған бойкотты тоқтатты. АҚШ өзбек мақтасын «бала еңбегін пайдалану арқылы алынған өнім» тізімінен алып тастады. Қазір Өзбекстан билігі мақтаны шикізат күйінде емес, текстиль өнімі ретінде сатуға ниетті.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар