Бүгін Түркімен астанасы Ашхабатта Халықаралық жиын өтуде. Оған Түркіменстан, Қазақстан, Ресей, Түркия, Иран, Армения, Ирак, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Сан-Томе және Принсипи президенттері, Әзербайжан, Грузия, Пәкістан, Мьянма, Эсватини премьер-министрлері қатысуда. Аталған жиын – «Халықаралық бейбітшілік және сенім жылына арналған форум» деп аталады.

(Суреттер: Ақорда телеграм арнасынан алынды)
Қазақстан Президенті аталған жиында қандай мәселелерді сөзталқы жасады? Қараңыз:
БІРІНШІ: БҰҰ ШЕҢБЕРІНДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СУ ҰЙЫМЫН ҚҰРУ
– БҰҰ жүйесінде тек су мәселесімен айналысатын арнаулы құрылым жоқ. Бұл түйткілді тез арада шешкен жөн. Қазақстан Халықаралық су ұйымын құруды ұсынады. Сол арқылы БҰҰ аясындағы түрлі ұйымдардың барлық мандатын бір мақсатқа жұмылдыруға болады. UN-Water ведомствоаралық тетігін БҰҰ-ның толыққанды арнаулы агенттігіне немесе ұйымына айналдыру оңтайлы шешім болар еді. Мұндай бастаманы іске асыру БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары мен барша халықаралық қоғамдастықтың мүддесіне сай келеді. Келесі жылы сәуір айында Астанада Аймақтық экологиялық саммит өтеді. Аталған жиында Қазақстан жаһандық су ұйымын құру туралы халықаралық консультация процесін бастауға ниетті. Ортақ саяси ерік-жігердің арқасында күн тәртібіндегі судың өзекті мәселелері жүйелі түрде шешіле бастайтынына сенімім кәміл, – деді Мемлекет басшысы.
Тақырыпқа тұздық: Жаһандық ғалымдардың айтуынша, Орталық Азия әлем бойынша су қоры жетіспейтін аймақтардың қатарына кірді және жағдай жыл өткен сайын күрделене түсуде. Оған экономикалық, экологиялық және демографиялық факторлар әсер етуде. Ең алдымен климаттық өзгерістер өз әсерін беруде. Жаһандық жылыну мұздықтардың жаппай еруіне әкеліп жатыр. Ал Орталық Азияда мұздықтар ауыз судың негізгі көзі болы табылады. Сәйкесінше мұздықтар азайған соң, өзендегі су деңгейі де түсе бермек.
Аймақ жылдам дамып келеді. Демография қарқынды түрде өсуде. Ал Орталық Азияда 80 миллионға жуық халық бар. Яғни, тек қана халықтың ауыз суды қолдануының өзі үлкен дефицитті туындатады.
Сарапшылардың пікірінше Орталық Азиядағы су тапшылығы 2028 жылдан бастап өрши түспек. Дәл осындай болжамды Азиялық даму банкі де айтуда. Орталық Азия ғалымдары дереу арада суды үнемдеу саясатын іске асырмаса, аймақ елдері арасында саяси салқындық пайда болуы мүмкін деп болжайды.
Сол себепті де, жаһандық су дипломатиясын дамытуда мемлекеттер арасындағы ықпалдастықтың маңызы зор!
ЕКІНШІ: ҚАЗАҚСТАН НЕ СЕБЕПТІ ИБРАҺИМ КЕЛІСІМДЕРІНЕ ҚОСЫЛДЫ?
– Таяу Шығыстағы жағдай бойынша келісімге қол қойылуын құптаймыз. Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу жөніндегі шешімі аталған аймақтағы ахуалды тұрақтандыруға үлес қосу ниетінен туындап отыр. Әйтсе де Қазақстан ұзаққа созылған әскери-саяси дағдарысты түбегейлі реттеудің маңызды факторы ретінде егемен Палестина мемлекетін құру ұстанымын жақтайды. Әзербайжан мен Армения бейбітшілік туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Біз мұны тарихи шешім деп санаймыз. Өйткені осы арқылы аталған аймақта және одан тысқары жерлерде сан қырлы ынтымақтастыққа кеңінен жол ашылады. Оңтүстік Кавказдағы тұрақтылыққа кепілдік беретін толық форматты бейбіт келісімшарт таяу арада жасалады деп үміттенеміз, – деді Президент.
Тақырыпқа тұздық: 2020 жылы АҚШ-тың делдалдығымен қол қойылған Ибраһим келісімдері Израиль мен араб елдері арасындағы өзара әріптестіктің жаңа моделін ұсынды. Бұл – Израиль мен бірнеше араб елдері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды қалыпқа келтіруге бағытталған бірқатар келісімдер. Сонымен қатар, келісімдердің мәні дипломатия саласымен ғана шектелмейді. Ибраһим келісімдеріне қатысушылар өзара инвестицияларға, саудаға, туризмге, сондай-ақ технология алмасуға және әскери ынтымақтастыққа жол ашты.
Ибраһим келісімдеріне қосылу – Қазақстанның көпжақты дипломатиясын жаңа деңгейге шығарып, халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысына адалдығын нақты дәлелдейді.
ҮШІНШІ: УКРАИНА ДАҒДАРЫСЫ ҺӘМ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰСТАНЫМЫ...
– Қазірдің өзінде жаһан жік-жікке бөлінуден, тіпті ядролық соғыстан бас тартып, бейбітшілік, сенім, ынтымақ секілді құндылықтарды басшылыққа алған кезде әлемде әділетті және орнықты тәртіп орнатуға болатыны белгілі болды. Осы орайда еліміз Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөз процесінің жандануына қолдау білдіреді. Ресей мен АҚШ президенттерінің Анкоридждегі кездесуінен кейін бейбітшілік пактісінің негізгі ережелері белсенді талқылана бастады. Бұл көптен күткен бітімге келу мүмкіндігін жақындатты, – деді Президент.
Тақырыпқа тұздық: Ресей мен Украина арасындағы соғыс – қазіргі заманның ең күрделі әрі ұзаққа созылған геосаяси дағдарыстарының бірі. Бұл қақтығыс тек екі елдің емес, бүкіл әлемнің саяси, экономикалық және гуманитарлық жағдайына әсер етті. Қазақстан бұл соғыс басталған сәттен бастап өз ұстанымын айқын білдірді: ел бейбітшілік пен халықаралық құқық қағидаттарын басты басымдық деп санайды.
Қазақстанның ресми ұстанымы — халықаралық құқық пен мемлекеттердің аумақтық тұтастығын құрметтеу. 2022 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында сөйлеген сөзінде Донецк пен Луганск халық республикаларын тәуелсіз мемлекет ретінде мойындамайтынын ашық айтты. Бұл мәлімдеме Қазақстанның сыртқы саясатының басты қағидатына — БҰҰ жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына адал екенін көрсетті. Елдің бейтарап позициясы сыртқы саясаттағы көпвекторлы бағыттың табиғи жалғасы болды.
Қазақстанның бұл мәселедегі рөлі – бейтарап медиатор емес, бірақ бейбіт келісім орнауына мүдделі мемлекет. Ел өз территориясын бейбіт келіссөздер алаңы ретінде ұсынуға әзір екенін де білдірді. Бұл – Астананың халықаралық деңгейдегі беделінің артқанын көрсететін жайт. Себебі Қазақстан бұған дейін де Сирия, Иран және басқа да аймақтық қақтығыстарда бейбіт диалог орнатуға үлес қосқан.
ТӨРТІНШІ: АРАЛ МЕН КАСПИЙ ТАҒДЫРЫ АЛАҢДАТАДЫ...
– Су тапшылығы үлкен проблемаға айналып келеді. Бұл ресурсты сақтау әрі ұқыпты пайдалану – еліміз бен аймақтағы өзге де мемлекеттер үшін стратегиялық, тіпті өмірлік маңызы бар басымдық. Өзге елдерде де солай деп ойлаймын. Трансшекаралық суды пайдалану проблемасын, Арал және Каспий теңіздерінде қалыптасқан экологиялық ахуалды уақыт оздырмай шешу мақсатында тиісті шаралар қабылдау қажет. Біздің пікірімізше, өзара мәмілеге негізделген бірлескен әрекеттер арқылы Халықаралық Аралды құтқару қорының тиімділігін арттыруға болады. Ресей Қор жұмысына байқаушы ретінде атсалысса, бұл іске септігін тигізер еді. Каспий теңізі қазіргідей тартыла берсе, бұл қауіпті құбылыстың экологиялық, әлеуметтік-экономикалық, тіпті саяси салдары ауыр болуы мүмкін. Қазақстан Каспий экожүйесінің бұзылуы мен теңіздің тартылуының алдын алуға бағытталған арнайы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу туралы бастама көтерді. Барша әлемдік қоғамдастықты осы бірегей су айдынын сақтап қалу жолындағы күш-жігерімізді қолдауға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тақырыпқа тұздық: Қазақстанның трансшекаралық суларды пайдалану мәселесіне назар аударуы тегін емес. Орталық Азиядағы бес мемлекет су тапшылығына ұшырап отыр. Әсіресе, Қазақстан мен Түркіменстан тап қазір су жетіспеушіліген зардаб шегіп келеді. Бұл – кезінде алып империя КСРО шеше алмаған проблема. Дәл қазір, әсіресе, қазақ пен түркіменнің нағыз бас ауруына айналды.
Ал Арал және Каспий теңіздерінде қалыптасқан экологиялық проблемаларға бізді қоя тұрып, әлем жұрты алаңдаушылық білдіруде. Еліміздің экожүйесіндегі теңіз, көл және өзендер өз бастауын: көршілес Қытай, Ресей және Қырғызстаннан алады. Сондықтан суға қатысты айтарымыз: «кісідегінің кілті – аспандаға» айналып отырған жайы бар. Бұрын Арал деп шырылаушы едік. Енді сол Аралдан да асқан кеп Каспий теңізінің басына түскелі отыр. Бұл туралы бір ғана қазақ қана емес, бүкіл әлем дабыл қағып, эколог ғалымдар болашақта аталған теңіз өзінің көлемін 37 пайызға дейін жоғалтады деп жатыр.
Сол себепті де, су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән беру қажет-ақ!
БЕСІНШІ: БҰҰ-НЫ РЕФОРМАЛАУ КЕРЕК!
– Жекелеген кикілжіңдердің реттелгеніне қарамастан, әлемдегі жалпы ахуал әлі де ушығып тұр. Адамзат өзара сенім, толеранттылық, орнықты даму үшін бейбітшілік пен ынтымақтың маңызын түсіну секілді іргелі факторларға зәру. Сонымен қатар кейбір күмәнді ережелер алға шығып, халықаралық құқықтың әлсірей бастағаны, көпжақты құрылымдардың, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі мен тиімділігінің төмендегені өкініш тудырады. Стратегиялық теңгерімді қалпына келтірмей, әлемде әділ тәртіп орнату мүмкін емес. Сондықтан халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздік сөз күйінде қалып, көпжақты форумдардың қарарлары мен келіссөздердегі ізгі тілек ретінде ғана көрініс табады. Сол себепті Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына жан-жақты реформа жүргізуді, соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, Бас Ассамблеяның рөлін нығайтуды қолдайды. Бас Ассамблеяның 80-ші сессиясы аясында мен БҰҰ жүйесін реформалау жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу үшін пікірлестер тобын құру идеясын көтердім, – деді Президент.
Тақырыпқа тұздық: БҰҰ-ны реформалау қажеттілігі туралы пікірлер соңғы жылдары жиі айтыла бастады. Бұл мәселені көтеріп жүргендердің бірі — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Тоқаевтың айтуынша, қазіргі әлемде орта державалар бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды күшке айналуда. Сондықтан халықаралық жүйенің реформалануы, соның ішінде БҰҰ-ның тиімділігі мен бейтараптығын арттыру, уақыт талабына сай маңызды қадам болмақ.
БҰҰ әмбебап ұйым ретінде адамзат үшін өте қажет. Себебі оның баламасы жоқ. Өкінішке қарай, ірі державалар әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты толық сақтай алмай отыр. Ал бүгінгі ахуал көптеген елді, соның ішінде Қазақстанды да алаңдатады. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы реформалауды қажет етеді. Ірі державалар арасында ымыраластық болуы керек!
Mezgil.kz