Ресей ұшақтарын өртеген "Өрмек" операциясы: Украина жойқын шабуылды қалай іске асырды?

2025 жылдың 1-маусымы Ресей тарихында мәңгі қалмақ. Бұл Ресейдің «Перл-Харборы» дейді кей әскери сарапшылар. Дәл сол күні Украина соғыс тарихындағы ең теңдессіз операцияның бірін жүзеге асырды. Ол «Өрмек» (Тор) операциясы еді. Бір мезетте Ресейдің 4 бірдей әуежайына дрондар арқылы шабуыл жасап, Ресейдің стратегиялық бомбалаушы ұшақтары отқа оранды. WSJ басылымы операцияның қалай жоспарланғанын, қалай іске асқанын тәптіштеп жазып, тың ақпараттарды жайып салды.


WhatsApp Image 2025-12-10 at 16.18.56.jpeg

 

The Wall Street Journal операция туралы ақпаратты ұзақ жинаған. Украинаның Қауіпсіздік қызметі ең алдымен дрондарды құрастыратын, дрондарды орналастыратын контейнерді жасайтын және әуежай маңына жүкті жеткізетін сенімді адамдарды табуы тиіс еді. Бұл операцияның ең қиын бөлігі саналды. Себебі қандай да бір құпия ақпарат сыртқа шығатын болса, операция іске аспай қалмақ.

 

Украина тарапы Артем және Катерина Тимофеевтерге назар аударды. Олардың бірі диджей, ал екіншісі тату мастері болатын. Артем 2014 жылы Майдандағы оқиғаларға қатысқан. 2018 жылы әкесі Челябі қаласына шақырып, Артем әйелін алып, Ресейге көшеді. Олардың кішігірім отбасылық кәсіптері болды.


WhatsApp Image 2025-12-10 at 16.18.56 (1).jpeg

 

Тимофеевтер әулеті Украина Барлау қызметі іздеген адамдардың критерийіне сай келетін. Украин тарапы олармен келіссөз жүргізіп, кейін Украинаға кіргізді. Львов қаласында екеуі бірдей рас-өтірікті анықтайтын құрылғының сынағынан өтті. Екеуінің сенімді екеніне көз жеткізген соң, Украина оларды операцияларды жоспарлау орталығына апарды. Дрон мен контейнер құрастыруды үйретті. Кейін Ресейге қайтарды.

 

Ресейге оралған сәтте, ерлі-зайыптыларға Ресейдің арнайы қызметі сұрақтар қойып, тергеген. Екеуінде де Ресей паспорты болды, алайда туған жері ретінде Украина көрсетілді. Сол үшін де Ресей тарапы күдікпен қараған. Үш сағаттық тергеуден кейін екеуін үйіне жіберген. Челябіге оралған соң, Тимофеев қала шетінен үлкен қойма жалдап, логистикалық компания құрады. Қойма Ресейдің Федералды қызметінің офисіне жақын маңда орналасады. Операцияға қажетті құрылғылар келе бастаған сәтте, ерлі-зайыпты Тимофеевтер қоймада дрондарды және контейнерді құрастыруды бастайды. Олар білмеген тұсын қорғалған видеобайланыс арқылы Украина тарапынан сұрап отырады.

 

Сәуірдің соңында дрондар құрастырылып, контейнерлер де дайын болды. Украинаның Қауіпсіздік қызметі операцияны 9-мамырда жүзеге асырмақ еді. Алайда операцияны дәл сол күні жүзеге асыру мүмкін болмады. Себебі контейнерлерді тасуға тиіс жүргізушілер мерекеге байланысты спирттік өнімді шектен тыс ішіп, мас болып қалды. Осылайша операцияны кейінге қалдыруға тура келді.


WhatsApp Image 2025-12-10 at 16.18.57.jpeg


Операцияға бірнеше күн қалғанда, жүк көлігін жүргізушілер қоймадан дрондар салынған контейнерлерді әкете бастады. Ол үшін бірнеше жүргізуші жалданды. Олар операция жайлы ештеңе білмейтін. Операцияға аз күн қалған сәтте жүк көлігін жүргізушінің бірі Артем Тимофеевке хабарласады. Ол контейнерден дронды тапқанын айтады. Бұл операциядағы ең шиеленісті сәт болатын. Артем көлік жүргізушісін сабырға шақырып, контейнерге аңшылар тапсырыс бергенін, ал дрон соларға тиесілі екенін жеткізеді. Көлік жүргізушісі бұл ақпаратқа сенеді. Осылайша операция қайта жалғасады.

 

Операцияны жүзеге асыру барысында өзге де қиындықтар болды. Мысалы кей жүк көлігін ауыстыруға тура келді. Себебі жүк көліктері жиі бұзылатын.

Операция 1-маусымда іске асты. Ақпарат көздері операция барысында 18-41 аралығындағы түрлі типтегі ұшақтың жойылғанын жазады. Видеоларда 21 ұшақтың жойылған сәті бейнеленген. Операцияға дайындалған бес контейнердің төртеуінен дрондар ұшып шығып, соққы жасады. Ал бесінші контейнердің қақпағы ашылмай, дрондар контейнермен бірге жарылды. Дрондарды қашықтықтан операторлар басқарды. Олар әр ұшақтың осал тұсын білетін және қалай соққы жасау керектігін айлар бойы үйренді. 

 

Қазір ерлі-зайыпты Тимофеевтердің қайда екенін ешкім білмейді. Ақпарат көздері операцияға бес күн қалғанда, Тимофеевтердің Қазақстан арқылы басқа елге кеткенін айтуда. Ал кей ақпарат көздері олардың Грузия арқылы Ресейден шығып кеткенін жазды. Сарапшылар қос азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Украина тарапы олардың есімін өзгертіп, құпия орынға жіберді деген ойда.


Mezgil.kz





Ұқсас тақырыптар