Путиннің өзі дабыл қағуда: Ресей демографиялық құрдымға түсті...

Ресей президенті Владимир Путин кеше алқа-қотан жиын өткізіп, Ресейдегі әлеуметтік мәселелерді талқы жасады. Аталған жиында елдегі демографиялық жағдайдың күрделі екенін растап, қабылданып жатқан шаралардың тиімсіз екенін айтты.

1765275985727066.jpeg

(Коллаж: ЖИ арқылы жасалды)

«Қанша шара қабылдасақ та, бала туу көрсеткіші төмендеп барады», – деді ол.

Шын мәнінде, Ресей халқы азаюда, ал басты факторлар – экономикалық қысым, жұмыс күшінің тапшылығы. Украинамен төрт жылға созылған соғыстың салдарынан елдің әлеуметтік, экономикалық және саяси құрылымдары ұзақ мерзімді күйзелісте тұр. Халық санының төмендеуі тек статистикалық көрсеткіш қана емес, ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылыққа тікелей қауіп төндіреді. Осыларды айтқан Ресей президенті Путин тура мағынасында дабыл қағуда.

СОҒЫС РЕСЕЙ ДЕМОГРАФИЯСЫНА КЕРІ ӘСЕР ЕТУДЕ...

Демограф сарапшылардың пікірінше: Украинадағы соғыс Ресейдің демографиялық жағдайына әсер еткен. Нақты айтқанда, соғыстың салдарынан Ресей кемінде жарты миллион бала туылмай қалған.

«Демография үш блоктан тұрады: туу, өлім және миграция. Соғыс өлім мен миграцияға әсер етті: ерлердің өмір ұзақтығы шамамен екі жылға қысқарды. Әртүрлі бағалар бойынша жүздеген мың ер адам елден кетті. Осылайша туу көрсеткішіне соғыс айтарлықтай кері әсер етті», - дейді сарапшылар.

Мамандардың айтуынша, падемиядан кейін Ресейде туу көрсеткіші айтарлықтай өсуі керек еді. Алайда, Украинадағы соғыс бұл мүмкіндікті тежеді. Сонымен қатар, соңғы жылдары экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы, инфляция мен тұрғындардың табыс деңгейінің төмендеуі бала тууға тікелей кедергі келтірді.

РЕСЕЙДЕ ЖҰМЫС КҮШІ ТАПШЫ: 5 МИЛЛИОН АДАМ ЖЕТПЕЙДІ...

Ресейдегі еңбек нарығы да үлкен дағдарысты бастан кешуде. Соғысқа жіберілген ер азаматтар мен экономикалық миграцияның салдарынан жұмысшы күшінің тапшылығы 3–5 миллион адамға жетуі мүмкін. Бұл сан ресейлік өндіріс, құрылыс, көлік және қызмет көрсету салаларына ауыр соққы болуы ықтимал. Бұл сандарды басқа-басқа емес, РФ Үкіметінің өзі дабыл қағып айтуда.

«Сбербанк» бұл тапшылықты Үндістаннан мамандар тарту арқылы уақытша шешуді ұсынады. 2025 жылы Ресейге 400 мыңға дейін Үндістан азаматы келуі мүмкін, ал алдағы жылдары бұл 1 миллионнан асып кетуі ықтимал. Олар визамен келеді, мамандықтарын сертификатпен растап, құрылыс пен IT саласында жұмыс істейді. Дегенмен, Ресей мигранттарға қатаң талап қойып отыр: орыс тілін және Ресей тарихын білу қажет. Кейбіріне жеңілдіктер қарастырылып жатса да, бұл уақытша ғана шешім.

СТАТИСТИКА: ТУУ КӨРСЕТКІШІ 30 ПАЙЫЗҒА АЗАЙҒАН

Соғыстың туу көрсеткішіне әсері минималды болғанымен, экономикалық және құрылымдық факторлар өте ауыр әсер етуде. Репродуктивті жастағы әйелдер саны 20%-ға азайған, ал туу деңгейі 1,44 бала – әр жаңа буынның шамамен 30%-ға азаюын көрсетеді. Бала туу жасындағы әйелдер аз, халық қартаюда, ал мемлекеттік төлемдер мен әлеуметтік қолдау шаралары бұл үрдісті толық өзгертпейді. Ең тиімді шаралар – екінші және үшінші баланы ынталандыру, бірақ олардың әсері ұзақ мерзімді болады. Тек қаржылық қолдау жеткіліксіз, онымен қатар тұрғын үй бағдарламалары, балабақша және мектеп инфрақұрылымын жетілдіру, әйелдердің еңбекке қайта оралу мүмкіндігін арттыру секілді кешенді шешімдер қажет. Ал АҚШ пен Батыс санкцияларынан тұралаған экономика бұл жоспарды толық ауқымды орындауға мүмкіндік бермейді.

Ресей билігі халықты бұл құрдымнан тек шектеулер мен заңдар арқылы «құтқаруға» тырысуда: абортқа шектеу т.б. Алайда, демографиялық өсімге ең тиімді құрал – қаржылық қолдау мен экономикалық ынталандыру. Сарапшылар атап өткендей, соғысқа жұмсалған 10 триллион рубльдің аз бөлігі ғана туғандарды қолдауға бөлінсе, халық санының төмендеуін тоқтатуға болады.

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда шетелден келетін босанушылар мен мигранттар Ресейдің туу көрсеткішін уақытша көтере алады. Бірақ негізгі құрылымдық проблемаларды шешпейді. Үндістаннан келген мамандар уақытша еңбек тапшылығын жабуға мүмкіндік берсе де, негізгі демографиялық құлдырау – құрылымдық және экономикалық факторлардың нәтижесі болып қала береді.

Қорытынды: Ресей Украинадағы соғысты жалғастыра отырып, өз халқын жоғалтып қана қоймай, экономикалық және демографиялық дағдарысты ушықтыруда. Еңбек нарығы қысқарды, жұмысшы тапшылығы артты, репродуктивті жастағы әйелдер саны азайды, әлеуметтік шаралар мен шектеулер нәтиже бермеді. Мәселенің шешімі біреу – соғысқа жұмсалған миллиардтарды әлеуметтік қолдауға, жас отбасыларды ынталандыруға және көпбалалы отбасыларға нақты көмек көрсетуге бағыттау ғана Ресейді демографиялық құрдымнан құтқармақ. Әйтпесе, халық санының азаюы ұзақ мерзімді тренд болып қала береді, ал экономикалық және әлеуметтік салдарлары күн өткен сайын тереңдей түспек.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар