Радиоға басып кіріп, Путинді айыптаған: Ресей соты Қазақстан азаматына үкім шығарды!

Ресейде радиоға басып кіріп, Путиннің басқыншылық соғысын тікелей эфирде айыптаған Қазақстан азаматына қатысты сот үкімі шықты. Петербор соты Қазақстан азаматына 30 мың рубль айыппұл салған.


2004.jpg

 

Петербор сотының баспасөз хатшысы таратқан мәлімдемеде, Қазақстан азаматының есімі Ақынжанов Нұрлан деп көрсетілген. Ол «Шок» радиосына басып кіріп, соғысқа қарсы ұрандарды айтқан.

 

52 жастағы Ақынжановты Петербор соты «Ресей әскерінің абыройына нұқсан келтірді» деп айыптаған. Сот процесіне айыпталушы қатыспаған. Ақпарат бойынша, Ақынжанов «Шок» радиосына 30-қарашада басып кірген. Ол сәтте эфирде «Вече» кітап баспасының редакторы Глеб Стафеевпен сұхбат өтіп жатқан. Стафеевтің сөзінше, радио эфиріндегі үзіліс сәтінде біреу студияның есігін қаққан. Есікті ашқан сәтте, ер азамат баса-көктеп кіріп келген.

 

«Ол басында өте агрессивті болды. Баса-көктеп кірді. Радио эфирін жүргізетін адамды қағып жіберді. Студияны жаратынын айтты. Бірақ онысы өтірік болып шықты. Алдаған екен. Отырды да, қалаған сөздерін айтты. Артынша өз еркімен полицияға берілді», - дейді Стафеев.

 

Стафеев сөзін әрі жалғап, былай дейді: «Ол азамат президенттің саясатына қарсы наразылығын білдірді. Украина бауырлас ел екенін айтып, ол елмен келісу керектігін мәлімдеді. Олай болмаса, Мәскеуге атом бомбасы түсетінін айтты», - дейді.

 

Ресейлік ақпарат көздерінің жазуынша, Ақынжанов 15-қазанда «Питер FM» радиосының офисіне де кірген. Ол «Питер FM» радиосына курьер іспеттес келген. Кейін оны тәртіп сақшылары ұстаған. Ақынжанов радио эфирінде бейбітшілікке үндейтін ұрандарды айтпақ болғанын мәлімдеді. Ол сәтте Ақынжановқа «кіші бұзақылық» бойынша айыппұл салынған еді.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар