Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі...

(Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды)
Қасым-Жомарт Тоқаев «Мейірім» орденін тағайындау туралы шешім қабылдағанын айтты.
«Бүгін еліміздің бизнес қауымдастығы үшін өте маңызды күн деуге болады. Біз биыл да қалыптасқан дәстүрге сай «Алтын сапа», «Парыз», «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының жеңімпаздарын марапаттап жатырмыз. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Осы жердегі әр кәсіпкердің жетістігі – ел мерейінің айқын көрінісі. Сіздер сапалы өнім өндіріп, экономиканы дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосып келесіздер. Әлеуметтік жауапкершілікті терең сезініп, қайырымдылық істерге белсене атсалысып жүрсіздер. Бұл – өз кәсібіне адал, іскер және нағыз отаншыл азаматтарға тән асыл қасиет деп санаймын. Мемлекет Сіздерге әрдайым қолдау көрсетуге дайын. Биылдан бастап 29 қазан «Қазақстан кәсіпкерлері күні» болып ресми түрде бекітілді. Сонымен қатар мен жоғары әлеуметтік жауапкершілік танытып, қайырымдылық істерге мол үлес қосқаны үшін еліміздің үздік кәсіпкерлеріне берілетін арнайы марапат – «Мейірім» орденін тағайындау туралы шешім қабылдадым. Келесі жылдан бастап залда отырған бірқатар кәсіпкер осы мәртебелі орденмен марапатталады. Бұл еліміздегі барша бизнес өкілдеріне деген айрықша құрметтің белгісі болмақ», - деді Президент.
Еліміздің ішкі жалпы өнімі алғаш рет 300 миллиард доллардан аспақ.
«Бәсекеге қабілетті бизнес – кез келген мемлекеттің тірегі. Биыл Қазақстан экономикасының өсімі 6 пайыздан асады деп болжануда. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Еліміздің ішкі жалпы өнімі алғаш рет 300 миллиард доллардан аспақ. Өздеріңіз білесіздер, қазір біз инфрақұрылымды дамытуға, экономиканы әртараптандыруға баса мән беріп жатырмыз. Сондықтан Үкімет дайын өнім экспортын арттыру ісімен белсенді түрде айналысуы қажет. Қазіргі таңда бұл салада біраз жетістіктеріміз бар», - деді Мемлекет басшысы.
Нақты статистикаға көз салсақ: Елімізде өңдеу өнеркәсібіндегі қосымша құн көлемі бес жылда 25 пайыздан астам өскен. Бұл – тау-кен саласынан едәуір жоғары көрсеткіш. Соңғы жылдары негізгі капиталға тартылған инвестиция 70 пайызға көбейді. Нақты сектордағы еңбек өнімділігі 40 пайызға артты. Шикізаттық емес экспорт көлемі 2 есеге жуық ұлғайды. Тауарын шетелге өткізетін кәсіпорындар саны 3 есе көбейді. Соның арқасында бүгінде өнімдеріміз 140 мемлекетке шығарылады. Қазақстан тауарлары әлемдік нарықтан өз орнын алып жатыр деп күмәнсіз айтуға болады. Осы орайда, шағын және орта бизнестің рөлі айрықша екені сөзсіз. Жалпы, еліміздегі кәсіпкерліктің даму қарқыны – белсенді, бүгінде олардың экономикадағы үлесі 40 пайызға жетті. Бес жылда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,5 есе артты, ал шығарылатын өнім көлемі 2,5 есе көбейді. Елімізде жұмыс істейтін азаматтардың жартысына жуығы, яғни 4,5 миллион адам бизнес саласында еңбек етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән беретінін айтты.
«Мен Мемлекет басшысы ретінде шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән беріп отырмын, негізгі мәселенің бәрі де менің жеке бақылауымда. Үкімет кәсіпкерлікті жандандыру үшін ауқымды жұмыс істеп жатыр, кедергілерді жою үшін нақты шаралар қолдануда. Дегенмен, әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелер мен түйткілдер аз емес, оны біз ашық түрде мойындаймыз. Ең алдымен, қосылған құны жоғары сапалы өнім өндіретін шағын бизнеске барынша жағдай жасалуы қажет. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсете отырып, кәсіпкерлеріміздің өз істерін кеңейтіп, жаңа деңгейге шығуына серпін берген жөн. Мұны кәсіпкерлікті дамыту саясатының маңызды шарты деп айтсақ, артық болмайды», - деді Президент.
Президент инфляцияны тұрақтандыруды және төмендетуді, экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз етуді, сондай-ақ азаматтардың нақты табыс табуына жағдай жасауды Үкіметтің өзекті міндеті ретінде атады.
«Үкімет жүргізіп отырған экономикалық саясат аясында инфляцияны тұрақтандыру және төмендету, экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың нақты табыс табуына жағдай жасау өте өзекті міндет саналады. Осы бағытта таяуда Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын қабылдады. Мен бұл жайында ауыл әкімдерінің диалог-платформасында айтқан едім. Аталған бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін барлық салалық органдар мен әкімдіктер жұмыла жұмыс істеуі қажет екенін тағы да атап өткім келеді. Кәсіпкерлер үшін салық, тариф және реттеу саясатының айқын әрі әділетті болғаны ерекше маңызды. Жаңа Салық кодексі мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастық моделін жаңғыртады. Кәсіпкерліктің орнықты дамуы өзара міндеттерді орындауға негізделетінін түсінгеніміз жөн. Осы орайда мемлекет қолайлы іскерлік орта қалыптастырады. Ал бизнес салықтан жалтармайды. Бұл дамыған, өркениетті елдердің барлығына тән», - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Үкіметке кәсіпкерлердің жаңа Салық кодексінің кейбір нормаларын іске асыру мәселесіне қатысты өтініштерін мұқият саралауды тапсырды.
«Соған қарамастан маған бизнес тарапынан жаңа Салық кодексінің кейбір нормаларын іске асыру мәселесіне қатысты өтініштер түсіп жатыр. Өтініштердің мазмұны баршаға мәлім, олар бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануда. Үкімет оларды мұқият саралап, ақылға қонымды шешім табады деп ойлаймын. Анығын айтқанда, басқа жол жоқ. Бұл – мемлекеттік ауқымдағы міндет. Салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге баса мән беру қажет. Аталған мәселені цифрлық құралдар арқылы шешу кәсіпкерлерді алаңдатып отырған көптеген түйткілдің түйінін тарқатуға мүмкіндік береді. Келесі жылы Қазақстандық тауар өндірушілер реестрі мен Тауарлардың ұлттық каталогы енгізілетінін де ескеруге тиіспіз. Жаңадан іске қосылатын бұл тетіктер кейбір кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алу байқауларында негізсіз артықшылыққа ие болу мәселесін реттеуге ықпал етуі керек. Үкімет «Атамекен» палатасымен бірге осы жылдың соңына дейін бизнес-қоғамдастыққа зияны тимейтін жаңа нормалар енгізуді қамтамасыз еткені жөн», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан жағдайында цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу ішкі жалпы өнімге 14 миллиард доллардан 20 миллиард долларға дейін кіріс әкелуі мүмкін», - деді.
Мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын өзгерту керек. Бұл істе жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын тиімді қолданған жөн. Жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы әлемдік экономиканың түбегейлі өзгеруіне әкеп соғады. Сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік ішкі жалпы өнімге 17 триллион доллардан 26 триллион долларға дейін пайда әкеліп, 78 миллион жұмыс орнын аша алады. Ал Қазақстан жағдайында цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу ішкі жалпы өнімге 14 миллиард доллардан 20 миллиард долларға дейін кіріс әкелуі мүмкін. Осындай болжам бар. Бірақ шын мәнінде қалай боларын өмір көрсетеді. Біз тың мүмкіндіктерді барынша пайдалануымыз керек.
«Қазір ЕgovBusiness платформасы жұмыс істеп тұр. Соның арқасында мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтер қолжетімді бола түсті. Кәсіпкерлердің жұмысы жеңілдеп, қағазбастылық азайды. Биылдың өзінде осы қосымша арқылы 4,6 миллионнан астам қызмет көрсетілді. Енді платформаны Бизнестің цифрлық картасымен өзара байланыстыру жұмысын аяқтау қажет. Сонымен бірге осы платформаға жергілікті атқарушы органдар көрсететін қызмет түрлерін қосу керек. Бұл шаралар кәсіпкерлердің біртұтас платформа арқылы әртүрлі қызмет алуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ платформада жасанды интеллект көмегімен бизнес жүргізуге қатысты толыққанды кеңес алуға болады. Мұндай қадам әкімшілік кедергілерді азайтып, мемлекеттік қолдау шараларының ашық әрі тиімді болуына ықпал етеді», - деді Мемлекет басшысы.
Президент дүние жүзі бойынша тікелей шетелдік инвестиция нөпірінің құлдырауының негізгі себептерін атады.
«Мен Жолдауда жаңа инвестициялық кезеңді бастау қажеттігін айттым. Қазір әлемде нарық және капитал үшін талас-тартыс күшейіп барады. БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) мәліметіне сәйкес, дүние жүзі бойынша тікелей шетелдік инвестицияның нөпірі айтарлықтай бәсеңдеген. 2024 жылы әлемде нақты секторға бағытталған инвестиция көлемі 11 пайызға, яғни 1,5 триллион долларға дейін қысқарған. Басқаша айтқанда, жаһандық инвестиция биыл екінші жыл қатарынан құлдырап барады. Мұның негізгі себебі – үдей түскен геосаяси шиеленіс пен халықаралық жеткізу тізбегінің үзілуі. Сондықтан біз еліміздегі іскерлік ортаны жақсартуымыз керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызы айрықша мақсат», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жедел қабылдауды тапсырды.
«Құжатта өңірлердің ерекшелігі мен кәсіпкерлерді нақты қолдау тетіктері қарастырылуға тиіс. Жергілікті өнімге, білім мен заманауи технологияға басымдық беру айтарлықтай нәтиже әкелетінін тәжірибе көрсетті. Мысал ретінде Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) және «Атамекен» ұлттық палатасының қолдауымен жүзеге асқан «Бір ауыл – бір өнім» жобасын келтіруге болады. Ауыл-аймақтардан осындай ақылға қонымды өтініштер мен ұсыныстар жиі түседі. Мәселен, қой мен ірі қара терісін өңдейтін кәсіпорын ашу туралы бастаманы айтуға болады. Неге екенін қайдам, қанша жыл өтсе де осы шаруаны Үкімет те, бизнес те қолға алмаған. Әйтсе де шағын және бизнес бұл кәсіппен айналысуға ниетті. Үкімет ортақ жауапкершілік қағидатына сай мемлекет пен бизнестің тиімді қарым-қатынас жасауына жан-жақты ықпал етуі керек. Бұл ауылдар мен шағын қалалардың дамуына тың серпін береді», - деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Үкіметтің алдында сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету міндеті тұр.
«Соңғы жылдары бәсекелестіктегі артықшылықтарымызды толық ашуға, экономикалық өсімнің тың мүмкіндіктерін табуға, инвестиция тартуға және кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыруға бағыт алдық. Үкіметтің алдында сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету міндеті тұр. Жолдауда инфляцияның шарықтауына жол беруге болмайтынын айттым. Өйткені инфляция азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық шешім мен әрекетті жоққа шығарады. Бұл орайда өте қатаң бюджет тәртібін орнатпаса болмайды. Қаржы тек ішкі жалпы өнімнің өсуіне, Қазақстанның әлемдік аренада лайықты орнын алуына ықпал ететін басым жобалар мен бағдарламаларға ғана жұмсалуға тиіс. Ауыл шаруашылығы өнімдерімен, халық күнделікті тұтынатын тауарлармен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілмей келеді. Импорт өте көп. Ол көзге анық көрініп тұр. Бірқатар тауар номенклатурасы бойынша сырттан келетін өнімге тым тәуелдіміз. Қазақстанда бұған жол беруге болмайды. Оның үстіне биыл мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына 1 триллион теңге қолдау жасалды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал еліміз шығаратын өнім көлемі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 8,5 триллион теңгеге бағаланды», - деді Тоқаев.
Mezgil.kz