Ресей билігі қаржылық қиындыққа байланысты бірқатар мега жобалардан бас тартуға мәжбүр. Соғыс шығыны мен санкциялар экономикаға ауыр соққы жасауда. Кремль қосымша құн салығын арттырып, утиль алым құнын өсіруде. Ал жоспарланған ірі жобалардың бірқатарын тоқтатуға немесе кейінге шегеруге, ал кей тұста мүлде бас тартуға мәжбүр болуда.

(Сурет vgudok.com сайтынан алынды)
Ресей үкіметі «Солтүстік Сібір теміржолын» салу жоспарынан бас тартуда. Бұл теміржол жоспар бойынша Нижневартовсктан бастау алып, Қытайдың Үрімжі қаласына дейін баруы тиіс еді. Үкімет аталған жобаны іске асырмайтын болды. Нақты себеп ретінде жобаның тиімсіздігі айтылуда. Алайда «шынайы себебі қаржылық тапшылыққа келіп тірелуде» дейді мамандар. О баста жоба құны 50 трлн рубль болуы мүмкін деп бағаланды. Бұл жолдың ұзақтығымен, теміржол өтетін аймақтардың ойлы-қырлы, орманды, таулы болуымен түсіндірілді. Кейін жобаға құйылатын инвестиция көлемі қысқартылатыны айтылды.
2023 жылы Путин Ресей теміржол басшылығына Кузбасс билігімен бірлесе отырып «Солтүстік Сібір жобасы» бойынша баяндама әзірлеуді тапсырды. Баяндамада жобаның өзектілігі қамтылды және 2035 жылға дейін Сібір федералды аймағын дамыту бағдарламасына аталмыш жоба да кіргізілді.
Солтүстік Сібір жобасын іске асыру кезінде шамамен 2 мың шақырымға созылатын Нижневартовск-Белый Яр-Усть-Илимск учаскесін салу қарастырылған еді. Ол 2008 жылы бекітілген Ресей теміржолын 2023 жылға дейін дамыту стратегиясында да, 2009 жылы бекітілген Қиыр Шығыс пен Байқал өңірінің 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясында да көрсетілді. Солтүстік Сібірдің тағы бір учаскесі Таштагол - Үрімжі бағыты еді. Ол Қазақстан мен Моңғолия арасындағы Алтай тауы арқылы өтуі тиіс болатын. Ресей бұл бағыт географиялық тұрғыдан қиын екенін ескеріп, Алтайдың тау сілемдерінде екі тоннель салуды қарастырды.
Солтүстік Сібір жобасы арқылы Ресей Транссібір магистралін Солтүстік теңіз жолымен (СТЖ) байланыстырып, Кемерово облысы және Сібірдің басқа өңірлерінен көмір экспорттауға арналған қосымша көлік дәлізін ашуды ойластырды.
Солтүстік Сібір жобасы қаражат жетіспеуіне байланысты іске аспай қалған жалғыз жоба емес. 2023 жылы Ресейдің Көлік министрлігі Солтүстік жүрдек жолының құрылысын 2027-2031 жылдарға шегеру шешімін шығарды. Бұл жобаның құны 730 млрд рубль деп бағаланды.
«Ресейге «Солтүстік Сібір жобасы» бәрібір қажет, өйткені бұл жолсыз Кузбасс, Хакасия және Орал аймағынан Солтүстік теңіз жолына жүк тартуды арттыру мүмкін болмайды», - дейді Көлік және инфрақұрылымды зерттеу ұлттық орталығының президенті Павел Иванкин. Оның айтуынша, күрделі экономикалық жағдайға байланысты жобаны жақын жылдары бастау мүмкін емес. Ол 50 трлн рубль деген соманы ақылға қонымды деп атайды. Себебі бұл аймақтың климаты қатаң және қаржылық шығынды қажет етеді дейді сарапшы.
Mezgil.kz