Кеше Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев ЕО жоғарғы төрайымы Кая Калласпен келіссөз өткізді. Бүгін Қазақстан мен ЕО өзара интеграцияны тереңдету және Қазақстан азаматтарына визалық режимді жеңілдету бойынша келіссөздер өткізуде.

(Сурет: ortcom.kz сайтынан алынды)
КӨШЕРБАЕВ ПЕН КАЛЛАС КЕЛІССӨЗІ: ҚАЗАҚСТАН МЕН ЕО ҚАЙ БАҒЫТТА ДАМЫМАҚ?
Қазақстан мен ЕО арасында визалық жеңілдету мәселесі Брюссельде өткен Қазақстан-ЕО ынтымақтастық кеңесінің 22-ші отырысында көтерілді, оған ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен ЕО Жоғарғы өкілі Кая Каллас төрағалық етті.
Сыртқы істер министрлігі 2024 жылы екіжақты сауда шамамен 50 миллиард долларды құрағанын, ал еуропалық инвестициялардың жалпы көлемі 200 миллиард долларға жеткенін атап өтті. Қазір елімізде еуропалық капиталы бар 4000-нан астам компания жұмыс істеп жатыр екен.
Тараптар сондай-ақ, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту перспективаларын талқылады, оның Еуропа мен Азия арасындағы көлік байланыстарын нығайтудағы маңызды рөлін мойындады.
Осы жолы ҚР Сыртқы істер министрі Көшербаев Брюссельге сапары барысында Халықаралық серіктестік жөніндегі Еуропалық комиссар Сикеламен де кездесті.
Тараптар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы экономикалық серіктестікті дамыту, сондай-ақ ЕО мен Орталық Азия арасындағы аймақаралық ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады. Олар маңызды шикізат, көлік және логистика, цифрлық инновациялар, ауыл шаруашылығы және су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастық туралы пікір алмасты.
ЕО ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАНДАЙ ИНВЕСТИЦИЯ САЛАДЫ?
Осыған дейін қараша айында Өзбекстанда ЕО мен Орталық Азия елдерінің кезекті экономикалық және инвестициялық форум өткен еді. Сол жиында ЕО Ақтау портын жаңғыртуға 45 миллион еуро және Қазақстандағы жолдарды қайта жаңартуға 150 миллион еуро инвестиция салу туралы келісімдерге қол қойылған болатын. Оның 10 млн еуросы ЕО-дан тікелей грант болса, қалған 35 млн еуросы ЕҚДБ несиесі ретінде беріледі. Қаражат екі айлақты қайта құруға және кеңейтуге, сондай-ақ жаңа крандар сатып алуға жұмсалады. Бұл порттың өткізу қабілетін 0,5 миллион тоннадан астамға арттыруға және бір уақытта төрт кемеге дейін өңдеуге мүмкіндік береді.
Бұл да өз кезегінде Қазақстан мен ЕО арасындағы әріптестіктің тереңдей түскеніне айғақ.
Биыл Ташкентте өткен ЕО мен ОА форумында Оңтүстік Кавказ және Қара теңіз аймағы арқылы аймақаралық байланыстардың көкжиегі талқы болған. Сол форумнан кейін жүздеген миллион еуроға бағаланған келісімдерге қол қойылды. Атап айтқанда:
▪Ақтау (Қазақстан) және Баку/Алят (Әзірбайжан) порттары арасында транскаспийлік кеме қатынасы бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы меморандум — Caspian Ro-Ro компаниясы;
▪Қазақстандағы жолдарды қайта жаңартуға 150 миллион еуро көлеміндегі негіздемелік несие;
▪Арменияның энергетикалық қауіпсіздігі үшін Кавказ тасымалдау желісі жобасын қолдау;
▪Қазақстандағы Ақтау портын контейнерлік сыйымдылықты арттыра отырып жаңғырту;
▪Нукус аймағындағы (Өзбекстан) халықаралық тас жолды 100 миллион еуроға жаңарту;
▪Үшқұдық-Қызылорда бағыты бойынша техникалық-экономикалық негіздемені дайындау;
▪Қырғызстандағы Қарабалта-Чалдовар жолын жаңғырту туралы келісімдер.
Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 32 жыл. Соңғы отыз жылда біз өзара сенім, сыйластық және ортақ басымдықтарға негізделген берік серіктестік құрдық. ЕО-мен қарым-қатынас Қазақстанның теңгерімді және прагматикалық көп векторлы сыртқы саясатының маңызды басымдықтарының бірі болып табылады.
Біз 1995 жылы алғашқы Серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюдан бастап, 2015 жылы жасасқан және 2020 жылдың наурызында толығымен күшіне енген «екінші буын» - ҚР мен ЕО және оның мүше мемлекеттер арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы құжатқа дейін өзара қарым-қатынасты трансформациялаудың үлкен жолынан өттік. Қазақстан – ЕО-мен ынтымақтастықтың 29 саласын қамтитын осындай ауқымды құжатқа қол қойып, ратификациялаған Орталық Азиядағы алғашқы және бүгінгі таңда жалғыз ел.
Mezgil.kz